Дағдарыс жағдайында шағын және орта бизнесті қолдау экономикалық тұрақтылықтың кепілі болмақ

АСТАНА. Ақпанның 17-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Бүгінде жаһандық экономикаға дағдарыстың екінші толқыны да жайылып үлгерді.
None
None
Оған қарсы әлемнің алпауыт елдерінің өзі қал-қадерінше қарманып, ішкі экономикалық тұрақтылығын сақтауға ұмтылып жатыр. Бұл ретте, ширақтық танытқан ел Үкіметі Ұлттық банк және Қаржылық бақылау агенттігімен бірлесіп, 2009-2010 жылдары экономика мен қаржы жүйесін тұрақтандыруға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасын былдыр күзде қабылдағаны мәлім. Бұл жоспардың басты мақсаты ? ғаламдық дағдарыстың салдарына төтеп беру, сонымен қатар экономикалық өсу, тұрақтылық негізін қалау, халықты еңбекпен қамтуды қамтамасыз ету және халықтың әлеуметтік-әлсіз жіктерін қолдау. Дағдарыс жағдайындағы Қазақстанның экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында бағдарламада шағын және орта бизнес секторын қолдауға басымдық беріліп отыр. Өйткені экспорттық өнімдердің әлемдік нарықтағы бағасының күрт құлдырауы жағдайында мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатының нығаюына дәл осы шағын және орта бизнестің өрге басуы негіз қалайды. Егер бұл сала өркендесе, жаңа жұмыс орындары ашылып, ел берекеті артады. Үкіметтің дағдарысқа қарсы жасақтаған бағдарламасында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға және жаңа бизнес жобаларды іске асыруға ерекше мән берілуі сондықтан. Дағдарыс салдарынан сыртқы несие көздерінің жетіспеушілігі елдегі кәсіпкерліктің қиындықтарға ұшырауына түрткі болғаны рас. Мәселен, Ұлттық банктің деректері бойынша Астанадағы шағын және орта бизнес 2007 жылы 135 млрд. теңгеге несиелендірілген. Ал 2008 жылы 78 млрд. теңгеге қаржыландырылған. Бір жылда бұл саланы несиелендіру қарқыны 43 пайызға кеміді. Дағдарыс жағдайында кәсіпкерлік субъектілері несиеге деген қажеттіліктері қанағаттандырылмай қалды деген сөз. Осындай жағдай барлық өңірлерде қалыптасты. Бұл мәселе бағдарлама аясында өз шешімін табуы үшін мына шараларды атқару көзделуде: - жаңа Салық кодексі ауқымында салықтық жүктемені күрт төмендету. - екінші деңгейлі банктер арқылы шағын және орта бизнесті жеңілдікпен несиелеу. - «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ арқылы шағын және орта бизнес субъектілерін несиелеуді мемлекеттік кепілдендіру. - «Қазпошта» АҚ аймақтық пошта желілерін пайдалана отырып, ауылдық жерлерде шағын несиелеуді дамыту. - шағын және орта бизнестің мемлекеттік сатып алуларға қол жеткізуін кеңейту. - бизнесті құру мен жүргізу бойынша рәсімдерді оңайлату, әкімшілік кедергілерді төмендету, лицензиялауды қысқарту. - әкімшілік тексерулерді шектеу. - әрбір облыс орталығында кәсіпкерлікті қолдау орталықтары желісін құру. Кәсіпкерлерге салынатын салықтық ауыртпалықтарды жеңілдетудің бір қадамы ретінде жаңа салық кодексі бойынша корпоративтік табыс салығын кезең-кезеңмен төмендету көзделгендігін айтуға болады. КТС 2009 жылға дейін 20%-ға, 2010 жылға дейін 17.5%-ға, 2011 жылға дейін 15%-ға кемітілмек. Шағын және орта бизнестің қиын-қыстау кезеңіндегі ахуалын оңалтуға сеп беретін тағы бір маңызды қадам жасалды. 2009 жылы ақпанның 17-сі мен шілденің 1-і аралығында салық органдарына шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерді тексеруге тыйым салынып, Үкімет қаулысы бойынша салықтық тексерістерге мораторий жарияланды. Үкімет кабинеті «Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау» мәселесі бойынша 2009 жылдың ақпанынан бастап екінші деңгейдегі банктер арқылы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры есебінен 1 млрд, доллар (120 млрд. теңге) көлемінде қаржы аударды. Кәсіпкерлікті несиелеу наурыздың 1-нен бастап жүзеге асырыла бастайды. Мұндағы бизнеске берілетін несиенің жылдық үстемесі теңгемен 12,5 пайыздан аспайтын болды. Бұдан бөлек шағын және орта бизнеске бөлінетін несиенің мерзімі 7 жылға ұзартылып, ал мөлшері 750 млн. теңгеге дейін ұлғайтылды. Республикамыздағы шағын және орта бизнес субьектілерінің негізгі шоғыры Алматы мен Астанада орналасқандықтан, бөлінген 120 млрд теңге көлеміндегі қаржының 50 млрд. теңгесі Алматы қаласына, ал Астана қаласына 30 млрд. теңгеден кем емес қаржы бөлу жөнінде «Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ әкімдіктермен меморандумға қол қойды. Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия және жергілікті әкімдіктер қаражаттардың мақсатты жұмсалуы үшін жан-жақты мониторинг жасауда. Өтінім берген кәсіпорындардың тиімділігі, олардың қаржы қажеттілігі қаншалықты, қандай мөлшердегі қаржыға зәру, сонымен қатар отандық экономиканың қай саласына басымдық берген қолайлы - осының бәрі сараптаудан өтуде. Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия екінші деңгейдегі банктің және қаржы ұйымдарының шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландыруға қатысушылар тізімін белгіледі. Әзірше бұл бағдарламаға 10 банк қатысады: «Қазақстанның Халық банкі» АҚ, «Еуразиялық банк» АҚ, «Kaspi bank» АҚ, «Центркредит банкі» АҚ, «АТФ» Банк АҚ, «Нұр банк» және «Цесна», «Казкоммерцбанк» АҚ, «Ресей жинақ банкі» АҚ, «Астана-Финанс Банкі» АҚ. Экономиканы тұрақтандыру үшін Ұлттық қордан олардың әрқайсына бөлінетін қаржы көлемінің лимиттерін де анықтады. Аталмыш транштық қаржыландыру талаптарының ішінде шағын және орта бизнесті қайта несиелендіру жобаларына қаражаттың 70 пайызын жұмсау көзделген. Ал қаржының қалған 30 пайызы жаңа жобаларды іске асыруға бағытталады. Бұл елдегі шағын және орта бизнестің тұрақтап қалуына ғана емес, ары қарай өркендеуіне жол ашады. Қосымша бөлініп отырған 1 миллиард долларды жылдың ортасына қарай игерілсе, жылдың екінші жартысында 120 млрд. теңге бөлінеді деп жоспралануда. Бұл еліміздің барлық өңірлеріндегі кәсіпкерлерді кеңінен қаржылай қамтып, соның есебінен бизнесті, сондай-ақ жаңа жұмыс орындары мен өндірістерді ашуға қолдау көрсететіні анық.
Соңғы жаңалықтар