Дағдарыс жағдайында Үкімет пен әкімдер әрбір кәсіпорынның жұмысын «қолмен» реттейтін болады - Ө.Шөкеев

ӨСКЕМЕН. Ақпанның 27-сі. ҚазАқпарат /Людмила Малько/ - Қазақстан Үкіметі мен жер-жердегі әкімдер бүгінгі дағдарыс жағдайында ел экономикасын «қолмен басқару» режиміне ауысуда.
None
None
Бұл туралы вице-премьер Өмірзақ Шөкеев Шығыс Қазақстанға жасаған жұмыс сапары барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Өздеріңіз білесіздер, Елбасы 2009-2011 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы бағдарламаның орындалуы туралы Үкіметтің есебін тыңдады: қаржы секторын, құрылыс саласын, шағын және орта бизнесті қолдау, агроөнеркәсіптік кешен және инновациялық-индустриялық даму сияқты бес бағыттың әрқайсысы бойынша баяндама жасалды. Бірқатар бағыттар бойынша атқарылған жұмыстарды мақұлдаған Елбасы, экономиканың нақты секторымен жұмысқа қатысты ескертулерге де тоқталды. Біз енді өңірлерді аралап, барлық өнеркәсіптік кәсіпорындардың жағдайларын байқап қайтамыз. Біз - Үкімет, әкімдер, «Самұрық-Қазына» қоры өндірістік салаларда қордаланып отырған проблемаларды шешуге көмектесеміз. Осы мақсатта біз шығыс өңіріне келіп отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, мұнда «Қазмырыш», «Өскемен титан-магний комбинаты», «Өскемен металлургия зауыты», «Қазақмыс» сияқты төрт ірі кәсіпорын жұмыс істейді және олардың барлығы бүгінгі дағдарысты жақсы еңсеріп отыр. Әрбір кәсіпорында дағдарысқа қарсы жоспар жасалған. Мысалы, «Қазмырыш» былтырдан бері шығындарды түбегейлі қысқартуға кірісті. Мұнда тартымды техникалық шешімдер өте көп, тіпті шығыстарды төмендету бағытында олар технологияларда қолданып отырған өнертабыстар қаншама. Сонымен бірге, дағдарысқа дейін басталған инвестициялық жобалар тоқтатылған жоқ, қарқыны баяулаған жоқ. Дағдарысқа қарамастан, мыс балқыту зауыты салынуда, ол жобаның өзі қосымша 3 мыңдай жұмыс орнын беретін болады. Шығысқазақстандық осынау алпауыттар «төрттігі» жаңа жұмыс орындарын ашатын өздерінің барлық инвестициялық жобаларын жалғастыруда. Орта өнеркәсіптік кәсіпорындар өз өнімдерін өткізуде қиыншылықтарға кездесіп, кей жағдайда жұмыс орындарын қысқартуға мәжбүр болып отырғандықтан, біздің, Үкімет пен әкімдердің міндеті оларды жаңа өндірістерге, жоғарыда атап өткен үлкен жобаларға ауыстыру болып табылады. Ал орта бизнеске келетін болсақ, онда «қазақстандық мазмұн» тетігі белсенді қолданылмақ. Мысалы, біз бүгін Семейдегі бұған дейін корей автобустарын құрастырып келген автоқұрастыру зауытында болдық, ал кеше Беларус делегациясымен «ҚазАгроқаржы» компаниясы арқылы ағымдағы жылы 1 мың трактор жарақтарын сатып алып, Семейде оларды құрастыруды ұйымдастыру туралы келісім жасадық. Әрбір кәсіпорынның жұмысын «қолмен реттеу» деген осы. Кешке бұл әңгімені технопаркте өтетін кеңесте жалғастырамыз. Ал дүйсенбі күні барлық облыстың әкімдерімен селекторлық кеңес өтіп, олар барлық кәсіпорындардағы істердің жағдайы туралы баян етеді. Кәсіпорындар өз кезектерінде, белгілі бір топтарға жіктеледі және біздің ойымызша, жұмыстың бұл әдісі дағдарыс кезінде жақсы көмек болады», - деп атап көрсетті Үкімет басшысының орынбасары.
Соңғы жаңалықтар