19:12, 16 Қаңтар 2009 | GMT +5
Дағдарысқа қарсы бағдарламаның іс-шаралар жоспары дұрыс іске асса, түпкі нәтиже жаман болмас
АСТАНА. Қаңтардың 16-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Әлемді шарпыған қаржы дағдарысының таяуда аяқталатын түрі жоқ. Кеше Қазақстан Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов дағдарыстың қысқа мерзімді емес, созылмалы сипатқа ие екенін, ол кем дегенде әлі екі жылға созылатынын мәлім етті. Екпіні қатты бұл дағдарыс қазірдің өзінде көптеген елдердің экономикасына жойқын әсер етуде.
Әсіресе бұл әлемдік экономиканың нақты секторларында айқын білінуде. Бір кездері аузын айға білеген бірқатар алпауыт компаниялар есін жиып үлгермесе, мыңдаған адамдардың күнкөрісінің көзі болған әртүрлі салалардағы кәсіпорындар бірінен соң бірі жүрісінен жаңыла бастады. Осының кесірінен дүниенің төрт бұрышында жұмыссыз адамдардың саны көбейіп барады. Әсіресе бұл үдеріс дамыған елдерде анық байқалуда. Түйіндеп айтқанда мамандардың бағалауы бойынша, соңғы жүз жылдағы ауқымы жағынан теңдесі жоқ қазіргі дағдарыс әлем халқының әлеуметтік көңіл-күйіне айтарлықтай әсер ете бастады. Ал, халықтың көңіл-күйі нашарлаған кезде мемлекеттің қауіпсіздігіне, тіпті тұрақтылығына орасан нұқсан келтіретін талай толқулардың болғанын тарихтан білеміз. Ондай оқиғалардың кейбірі қайсібір мемлекеттердің дамуын ондаған жылдарға тежеп тастайтыны да экономикалық тұрғыдан дәлелденген дүниелер. Сондықтан да өткеннен сабақ алған мемлекеттер бұл күнде осы сыннан сүрінбеудің қамымен әуре. Бұл дағдарыс экономикасы соңғы жылдары 9-10 пайыздық өсіммен дамыған Қазақстанға да оңай тиіп жатқан жоқ. Дегенмен жылдар бойы жинақталған тәжірибенің және ресурстардың арқасында біздің мемлекет дағдарысқа қарсы бағдарламаны алғашқылардың бірі болып қабылдап, іске асыра бастады. Соның нәтижесінде былтырғы жылдың белесінен басымызды тік ұстап өте алдық. Биыл алдымызда былтырғыдан да күрделі әрі жауапты міндеттер тұр. Алдына дағдарыстан әупірімдеп емес, ысылып, тыңайып шығу міндетін қойған Қазақстан Үкіметі осы аптаның басында дағдарысқа қарсы бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын мақұлдады. Жоспар мақұлдана салысымен Премьер-Министр К. Мәсімов оның айтарлықтай егжей-тегжейлі пысықталғанын айтып, «онда дағдарысқа қарсы бағдарлама алғаш жарияланғаннан бері туындаған сұрақтарға жауаптар бар», деп мәлімдеді. Құжат 8 бөлімнен тұрады. Онда 2008 жылдың аяғында қабылданған бірлескен іс-қимыл жоспарында белгіленген қаржы секторын тұрақтандыру, тұрғын үй секторын дамыту, шағын және орта бизнесті өркендету, агроөнеркәсіптік кешенін алға жылжыту, инновациялық, индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру сынды 5 басымдықтан бөлек, макроэкономикалық тұрақтандыруды қолдау, «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» бағдарламасының екінші бағытын іске асыру, сондай-ақ халықты жұмыспен қамту және халықтың осал топтарын қолдау сынды 3 бағыт қамтылған. Барлық іс-шараларды іске асыруға мемлекеттік органдар - «Самұрық-Қазына» қоры және «ҚазАгро» холдингі жауапты, сондай-ақ құжатта жоспарды нақты іске асыру мерзімдері тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Демек, ендігі мәселе іс-шаралардың сауатты орындалуына және бөлінген қаржының дер кезінде әрі мақсатты игерілуіне тіреліп тұр. Қош. 2008 жылы Үкіметтің алдында бағаны өсірмеу, инфляцияны ырыққа көндіру басты міндет болды. Атқарушы билік оны орындай алды. Ал, уақыттың талабына сәйкес 2009 жылдың міндеті бұрынғыдан да іргелі, биылғы шешуші мәселе дағдарысқа қарсы қабылданған бағдарламаны жүзеге асыру. Ал бағдарлама аясындағы шешуші мәселе - әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, халықты жұмыспен қамту. Бұл үшін бағдарламада қамтылған экономиканың нақты секторларындағы қым-қуат тіршілік тоқтамай, жандануы тиіс. Қазірдің өзінде «ҚазАгро» холдингі арқылы агроөнеркәсіп кешенін дамыту жұмыстарын бастап кетті. Ал, бағдарламада басымдық берілген басқа салалардың бағының жануы іс жүзінде мемлекет қаржылай қолдау көрсеткелі жатқан еліміздегі ең ірі төрт банкке Ұлттық қордан бөлінген қаржыларды орналастырып, оларды тиісті салаларға бағыттауға байланып тұр. Есте болса бағдарлама қабылданғаннан кейін Елбасы қазіргі алмағайып жағдайда ең қымбат дүние ? уақыт екенін ескертіп, Үкіметке мейлінше шалт қимылдауды тапсырған еді. Үкімет отырысында іс-шаралар жоспарының мұқият талқылануы барысында «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Қайрат Келімбетов барлық бағыттар бойынша банктермен келіссөздерді әрі кеткенде наурыздың басына қарай аяқтау көзделіп отырғанын жеткізді.
Дағдарысқа қарсы бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, ақпанның бас кезінде төрт қаржы ұйымы - «БТА» банк, «Қазкоммерцбанк», Халық банкі», және «Альянс банк» акционерлерінің жалпы жиналысы өтеді және онда олардың акцияларын сату туралы келісімге қол қойылатын болады. Сөйтіп жоспар бойынша наурызда банктердің қаржылық жағдайын бағалау жұмысын аяқтау, акцияларды сатып алу туралы шешім қабылдау, акционерлер арасында келісімге қол қойып, қарапайым, сондай-ақ артықшылықты акцияларды сатып алу көзделіп отыр. Қазіргі таңда банктердің қызметіне аудиторлық тексерулер жүргізіліп жатқан көрінеді. Дегенмен, бұдан көктем шыққанша іс бір орында тұрып қалады деген түсінік қалыптаспауы тиіс. Мәселен, «Самұрық-Қазына» қоры шағын және орта бизнесті қолдауға қарастырылған қаржыны екінші деңгейлі банктерге ақпанның басында аударуды жоспарлап отыр.Тұрақтандыру бағдарламасы бойынша екінші деңгейлі банктер арқылы шағын-орта бизнес субъектілеріне қолдауға 120 млрд. теңге бағыттау көзделіп отырғаны белгілі. Жаңа бағдарлама аясында кәсіпкерлердің барынша көп ауқымын қамту жоспарланып отыр. Қордың шарттары бағдарламаға қатысатын банктермен арадағы бас келісімде көрініс табады. Оған келесі аптада Алматыда қол қою көзделуде. Осы арада кеше Астанада «Самұрық-Қазына» қоры «Қазкоммерцбанкпен» және «Қазақстан халық банкімен» әрқайсысының 25 пайызға дейінгі қарапайым акцияларын сатып алу арқылы мемлекеттің олардың капиталына кіруі туралы келісімдерге қол қойғанын айтып өткен жөн. Мәміленің өзі аталмыш банктердің жылдық аудиті жүргізілгеннен және олардың акционерлік жиналыстары өткізілгеннен кейін аяқталатын болады. Үкіметтің қабылдаған шешіміне сәйкес, Қазкоммерцбанкке берілетін 300 миллионға дейінгі долларды, Халық банкке берілетін 500 миллионға дейінгі долларды аталмыш қаржы ұйымдарында келесі аптада қысқа мерзімді депозит түрінде орналастыру көзделуде. Ал «БТА» банкпен және «Альянс банкпен» мұндай уағдаластықтар таяу күндері жасалмақ. Сонымен бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары аясындағы алғашқы жұмыстар қолға алынды. Олар белгіленген мерзімде іске асып, қаржы тиімді игерілетін болса, Үкіметтің бағдарлама аясында биылға діттеген міндеттері, оның ішінде жұмыссыздар санын көбейтпеу мәселесі дұрыс шешілуі тиіс. Дегенмен сөз арасында дағдарыстың кесірінен бүгінде елімізде 7 мыңнан астам адам еңбек еткен 25 кәсіпорын жұмысын толық тоқтатқанын айтқымыз келеді. Бұдан бөлек қызметкерлері ішінара еңбекпен қамтылып отырған кәсіпорындардың саны 234. Бұларда ұзын саны 72 мыңнан астам жұмсысшылар бар. Мұндай мәліметті Еңбек министрі Бердібек Сапарбаев келтірді. Демек, бұл мәселе күн өткен сайын көкейкесті болып барады. Министрліктер мен агенттіктердің осы күндері өткізіліп жатқан алқа мәжілістерінде Премьер-Министр әр басшыға саладағы еңбекпен қамту мәселесіне айрықша назар аударуды тапсырып, нақты кешенді шараларды іске асыру үшін тиісті тапсырмалар беріп жатыр. Оны орындау, әрине, басшылардың біліктілігіне байланысты. Бұл тақырыпты түйіндерде мынаны айтқымыз келеді: іс-шаралар жоспары қабылданғаннан кейінгі қорытынды сөзінде Премьер-Министр қазіргі қарқынға қарап таяуда айлар мен апталарда әлемдегі жағдай әлі талай өзгеретінін айтып, әлемдегі жағдайға сәйкес және оның еліміз ішіндегі үдерістерге әсерін ескере отырып Үкімет құжатқа түзетулер енгізіп қалуы мүмкін екенін меңзеді. Қазынадан ауыл шаруашылығына қарастырылған қаржы қысқармайды
Осы аптада Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2008 жылдың қорытындысына және ағымдағы жылғы негізгі міндеттеріне арналған кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Онда Үкімет басшысы 2009 жылғы басты проблема - дефляция, яғни бағаның негізсіз өсуі емес, керісінше, оның құлдырауы болатынын мәлімдеді. Есте болса 2007 жылғы күзде және былтырғы жылдың ішінде азық-түлік өнімдерінің бағасы біраз қымбаттап, Үкімет инфляцияны ауыздықтауға күш жұмылдырған еді. Енді ол проблема еңсерілгеннен кейін, дағдарыстың ауанында алдағы екі жылда бағаның негізсіз өсуіне емес, керісінше, оның құлдырауына куәгер болатын сияқтымыз. Өйткені биыл былтырғыдай инфляцияның қысымы байқалмайтын тәрізді. Мұны Үкімет отырысында Ұлттық банктің төрағасы Әнуар Сәйденов те растаған болатын. «2009-2010 жылдары Ұлттық Банк үшін елдің қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету негізгі міндет болып табылады. Бұл ақша-кредит саясатының жұмсаруын білдіреді. Инфляцияны тежеу жөнінде қосымша шаралар қабылдау талап етілмейді, себебі жақын болашақта инфляциялық қысымның өсуі күтілмейді», деді өз сөзінде бас банкир.
Бір қарағанда бұл (азық-түлік бағасының арзандауы) қарапайым халық үшін жағымды жаңалық болары сөзсіз. Дегенмен, мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарағанда бұл аса жақсы емес. Қазіргі дағдарыс кезінде жағдай дәл осылай өрбитін болса, еліміздегі азық-түлік өнімін өндірушілері банкрот болып қалуы әбден мүмкін. Бұған негіз де жоқ емес. Өйткені әдетте дағдарыс барысында экономикасы әлсіздеу мемлекеттердің ұлттық валюталары құнсыздануға шалдыққыш келеді. Ақшадан мән кете бастағанда, тауардың да бағасы арзандайтыны заңдылық. Мұндай жағдайды экспортшылар әрине қалт жібермейді, тауарларды арзан бағаға сатып алып, көрші рыноктарға шығаруға тырысып бағады. Қазіргі таңда Қазақстанда тұтынылатын азық-түлік тауарларының көпшілігі сырттан әкелінетінін ескерсек, мұндай сценарий әрине отандық өнім өндірушілер үшін аса тиімді емес. Сондықтан да Үкімет оларды қорғау үшін елімізге көрші елдерден импортталатын тауарларды реттеуге құлық танытып отыр. Индустрия және сауда министрі Владимир Школьниктің айтуынша, реттеу төңірегіміздегі ұлттық валюталардың қаншалықты әлсірейтіндігіне байланысты жасалатын болады. Бұл жерде тарифтік баж салықтарын реттеу мәселесі туралы әңгіме болып отыр. Осыған байланысты Премьер-Министр алқада Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдына еліміздің өнім өндірушілері осы мерзімде банкротқа ұшырымауы үшін оларға қолдау көрсете отырып, біріншіден, еліміздің іші нарығында әділетті бәсекелестік ережелерінің сақталауын қадағалауды, екіншіден, сыртқы нарықтан айрылып қалмау міндеттерін қойды. К. Мәсімовтың пайымдауынша, ауыл шаруашылығының экспорты бағытталатын дәстүрлі елдер ендігі жерде түрлі себептермен протекционистік саясатқа көшуі мүмкін. Сол себепті еліміз барлық санитарлық нормалар мен осы мәселелер бойынша жоғары сапа көрсетуге тиіс. Олай болмаған жағдайда, түрлі себеп-сылтаулармен олар біздің экспортымызды жауып тастауы ықтимал. Бұл астық, мал етін сыртқа шығаратын Қазақстанға әрине тиімсіз. Сондықтан бұл мәселе де айрықша назарда болуы тиіс. К. Мәсімовтың айтуынша, әлемдік рынокта мұнайдың, базалық металдардың бағасының төмендеуіне байланысты, бірінші тоқсаннан кейін еліміздің бюджеттік болжамдары қайтадан қаралуы мүмкін. Алайда, қазынадан ауыл шаруашылығын дамытуға қарастырылған қаржының мұрты бұзылмайды. 2009 және 2010 жылдары ауыл шаруашылығының бюджетіне жыл сайын 120 млрд. теңгеден бөлу жоспарланғанын ескерсек, мұны әрине осы салада еңбек етіп жүрген жұрт үшін елеулі жаңалық деп бағалауға болады.