16:20, 03 Ақпан 2009 | GMT +5
Дағдарысқа қарсы шаралар ауыл-аумақта да атқарылуда
ОРАЛ. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Дағдарысқа қарсы шаралар БҚО-ның Жаңақала ауданында да атқарылуда.

Аудан әкімінің орынбасары Закария Сисенғалидың ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, Үкіметтің дағдарысқа қарсы 2009-2010 жылдарға арналған бағдарламасы аясында барлық ауылдарда әлеуметтік сауда нүктелері ашылды. Тұрмысы төмен отбасылар күнделікті азық-түлікті арзан бағамен ала бастады. Сондай-ақ аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, аз қамтылған отбасыларға газ пайдаланғаны үшін ай сайын 3 мың теңге, электр қуатына 450 теңге, қатты отынға 2 мың теңге өтемақы берілуде.
Елбасымыз бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін күшейту міндетін қойғаны белгілі. Бұл бағытта да ауданда жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, жұртына қамқор болып отырған «Сүндетқалиев» ШҚ (жетекшісі Серік Сүндетқалиев), «Айдархан» ЖШС (Серік Қайырбеков), «Көшім» ЖШС (Наурыз Бекмашев), «Бірлік» мал зауыты» ЖШС (Қанат Ешімов) және басқа шаруа қожалықтары басшыларына ауыл тұрғындары дән риза. Олар аз қамтылған немесе зейнеткер отбасыларын табиғи мал азығы, соғымдық мал, отын сияқты қажеттіліктермен үнемі қамтамасыз етіп отырады.
Қазіргі кезде ауданның барлық округтері табиғи сумен қамтылған. Сондықтан тұрғындардың ауласына бау-бақша егіп, өздерін көкөніс өнімдерімен қамтуға да мүмкіндіктері бар.