Дағдарысқа қарсы шаралар Батыс Қазақстанда да ойдағыдай орындалуда - БҚО әкімі
- Бақтықожа Салахатдинұлы, дағдарыстан дамуға қажетті серпін алып, экономиканы жаңаша түлетіп шығару үшін Үкімет индустриялық жобаларды қарқынды жүзеге асыруға кірісті. Осы орайда, Батыс Қазақстан аумағында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын білсек?
- Қазіргідей дағдарыс жағдайында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың елді индустрияландырудың жаңа бағдарламасын жүзеге асыруды алға қойғаны мәлім. Бұл ретте облыста нақты жобалар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Президент «Нұр Отан» ХДП ХІІ съезінде елдің ауыл шаруашылығы саласындағы ірі жобалардың қатарында Зеленов ауданы Янайкин ауылындағы 8640 басқа арналған мал бордақылау кешенін атап өткен болатын. Құны 3,2 млрд. теңгеге бағаланған аталмыш кешен соңғы үлгідегі әлемдік технологияға сәйкес жарақтандырылып отыр. Мұнда малды семіртіп, ет өнімдерімен елімізді қамтып қана қоймай, оны сыртқа шығаруға да бағыт ұсталуда. Бұл кешен биылғы жыл аяғына дейін іске қосылмақшы. Облыста құны 2 млрд. теңгеден асатын екі жоба болса, соның бірі - өсімдік майын өндіретін зауыт. Теректі ауданындағы бұл зауыт та биыл пайдалануға беріліп, ел игілігі үшін жұмыс жасайтын болады. Сондай-ақ «Агротраст» ЖШС Зеленов ауданында құны 1 миллиардтай теңгені құрайтын диірмен кешенін тұрғызып жатса, Теректіде «Ақас» агрофирмасы 500 млн. теңгелік тауарлы-сүт фермасын қолға алды. Облыстағы жалпы құны 160 млрд. теңгеге жуық 54 үлкен жобаның 10-ы бітті, 20-сы биыл аяқталмақ. Осының басым көпшілігі ауыл шаруашылығы саласының үлесіне тиеді. Мұндағы басты мақсат - облыс халқын сапалы өнімдермен қамтамасыз етумен бірге Елбасы алға қойған міндеттерді орындай отырып, экспортқа бағытталған, бәсекеге толық қабілетті тауарлар шығаруға жетісу. Бұл орайда өңірдегі өнеркәсіп кәсіпорындары да өз жұмыстарын қазіргі заманғы талапқа сәйкестендіріп, тың жолдарды іздестіруде. Мәселен, Оралдағы «Зенит» зауыты еліміздің теңіздегі шекарасын күзете алатын барынша қуатты кемелер жасауды қолға алса, «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ мұнайгаз саласы жабдықтарын шығаруға маманданды.
- Бақтықожа Салахатдинұлы, енді «Жол картасына» сәйкес облыста қандай шаралар атқарылғанын айта кетсеңіз?
- Облыста «Жол картасы» аясында 75 жобаны жүзеге асыруға 4,2 млрд. теңге бөлініп, 8823 жаңа жұмыс орны ашылды. Бөлінген қаржы инвестициялық жобаларды, кадрларды қайта даярлау, арнаулы жұмыс орындарын ашу, жастар тәжірибесі бағдарламасын енгізуге бағытталды.
Батыс Қазақстанда жұмыспен қамтудың 2008-2010 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы табысты іске асырылып жатыр, экономикалық белсенді халық саны өсуде. Бүгінгі күні жұмыссыздықтың жалпы деңгейі облыс бойынша 0,8 пайызды құрайды. Ал жұмыссыздар саны - 3340 адам. Жыл басындағы жағдаймен салыстырғанда жұмыссыздық деңгейі 0,1 пайызға өсіп отыр. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 0,2 пайызға кем.
«Жол картасына» сәйкес 411 облыстық және қалалық кәсіпорындармен келісім-шарт жасалып, ашылған әлеуметтік жұмыс орындарына 3488 адам жіберілді (бұл 2008 жылмен салыстырғанда 240 %).
Жастар тәжірибесін ұйымдастыру үшін 282 кәсіпорынмен келісімге қол қойылып, бұл бағдарламамен 850 адам қамтылса, соның 268-і - ауылдық жерлерден.
Бір ғана білім саласында 91 нысанды күрделі жөндеу жоспарланса, соның 17-сі «Жол картасы» есебінен жүзеге асырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар үшін барлығы 3,8 млрд. теңге, ал ағымдағы жөндеу жұмыстары үшін 340 млн. теңге қаражат бөлінді. «Жол картасы» бойынша облысымыздың 19 кәсіптік лицейі мен 6 колледжі және екі оқу орталықтарында 1197 жас еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша қысқа мерзімді курстардан өткізілуде.
- Қарашығанақ мұнайгазконденсаты кеніші - еліміздегі ең ірі кен орындарының бірі. Президент тапсырмасына сәйкес осы кеніштің игілігін Қазақстан үшін, соның ішінде Батыс Қазақстан облысы үшін пайдалану күн тәртібінен түспек емес. Осы кенішті игеріп жатқан «КПО б.в.» компаниясындағы біріккен басқару комитетінің мүшесі ретінде бұл жөнінде не айтар едіңіз, альянс мүмкіндігін пайдаланып, облысты түгелдей газдандыру мәселесі қалайша шешілмекші?
- Облыс басшылығы қолға алған өңірлік деңгейдегі басты жобалардың бірі - ауыл-аймақты газдандыру. Жалпы, газ жүйесін дамыту бағдарламасына сәйкес 866 шақырым газ құбырын салу, халқының саны шамамен 50 мыңды құрайтын 57 елді мекенді газбен қамтамасыз ету жоспарланған болатын. Бұл жоба облыстан ең алыс жатқан тарихи Бөкей ордасы ауданынан басталды. Осыған дейін Мұратсайдан аудан орталығы Сайқынға дейін тартылған газ құбыры мерзімінде пайдалануға берілсе, енді жыл аяғына дейін Мұратсай-Орда газ құбырын салып бітіру көзделіп отыр.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың берген тапсырмаларына сәйкес «Қарашығанақ-Орал» газ құбыры салынып жатқаны белгілі, ол іске қосылғаннан кейін 146 елді мекенді «көгілдір отынға» қосымша қосуға мүмкіндік береді, аталған елді мекендерде 92 мыңнан аса адам тұрады. Биыл Зеленов ауданының Чинарев ауылына 17 шақырымдық газ құбыры тартылды. Биылғы жылдың желтоқсанында Теректі ауданының Федоров, Жайық, Пойма, Аксуат, Әйтиев, Подстепное және Новопавлов, Бөрлінің Қызылтал, Жаңақоныс, Ақсу ауылдарына газ жеткізілмек. Шыны керек, 2007 жылға дейін Теректі, Қаратөбе, Сырым, Бөкей ордасы және Ақжайық ауданының сол жағалауы былай тұрсын, Қарашығанақ кеніші орналасқан Бөрлінің кейбір ауылдарының өзінде газ болған жоқ.
Бұл арада айрықша атап өтетін жайт, Елбасы мен Үкіметтің қолдауы арқасында «Қарашығанақ-Орал» газ құбыры құрылысы ойдағыдай жүргізіліп келеді. Ол жүзеге асқанда, Жайық өзенінің сол жағалауындағы барлық ауылдар табиғи газға қосылатын болады. Теректі, Сырым және Қаратөбе аудандарын газдандыру үшін қажетті қаржы бөлінді. Биыл Қарашығанақ-Жымпиты және Жымпиты-Қаратөбе бағытындағы газ құбырларын салу басталады. Келесі жылы сол аудан орталықтары Жымпиты мен Қаратөбеге «көгілдір отын» жетіп, тұрғындар бір жасап қалатын болады. Бұл үшін «КПО б.в.» компаниясы біріккен басқару комитетінің мүшесі ретіндегі өкілеттілігімді пайдаланып (мұндағы бір ерекшелік, комитеттің бір мүшесі келіспеген жағдайда талқыланып отырған мәселе бойынша шешім қабылданбайды), барынша күш салуға тура келді. Мәселен, Жымпитыға дейін газ тарту үшін 50 миллионға жуық АҚШ доллары қажет. Мұндай қымбат жобаны тек бюджеттің күшімен шешу мүмкін емес. Сондықтан қаржыландырудың басқа жолдарын іздестірдік. Ұзақ уақыт бойы күн тәртібінде тұрған осы мәселе биыл жазда Лондонда өткізілген комитеттің кезекті мәжілісінде талқыланып, түпкілікті шешімін тапты. Яғни аталмыш жобаны қаржыландыруды бастау туралы шешім қабылданды.
Қысқасы, келесі жылдың аяғында облыстың барлық ірі елді мекендері газдандырылады. Егер 2007 жылы ауылдардың 30 пайызы ғана «көгілдір отынға» қосылса, 2010 жылдың соңында бұл көрсеткіш 60 пайызға жетпек. Ауыл тұрғындарының 80 пайызы табиғи газды тұтынатын болады.
- Әлеуметтік сала жергілікті билік органдарының назарынан тыс қалмақ емес. Бұл бағытта жасалып жатқан басты шаруалар жөнінде не айтар едіңіз?
- Алдымен білім беру саласын айтсақ, облыстың 2009 жылғы білім бюджеті 27 млрд. теңгеден асты. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 4,2 миллиардқа артық. Биыл республикалық бюджет қаражатына Бөкей ордасы ауданының Сайқын ауылында 600 орындық жаңа мектеп іске қосылып, «100 мектеп» бағдарламасы толықтай орындалды. Сонымен қатар облыстық бюджет қаржысына салынып жатқан Сырым ауданының Бұлан ауылында (132 орын), Бөрлінің Қызылталында (250 орын) мектептер жыл аяғында пайдалануға беріледі.
Қыркүйектің 1-інде Орал қаласына қарасты Желаев кентінде 360 орындық жаңа мектеп және №9 ықшамауданда 280 орындық «Салтанат» балабақшасы іске қосылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әкімдерге толыққанды балабақша желісін қайта құру жөнінде берген тапсырмасына орай өңірде балабақшалар желісі кеңейіп, қала мен ауылдық жерде жаңадан салынып немесе жекелерге сатылып кеткен балабақшалар қайтарылып, жөнделіп, ашылып жатыр. Тек өткен жылы Орал қаласында екі әрқайсысы 280 орындық бүлдіршіндерге арналған және 140 орындық «Айналайын» балабақшасы ашылды. Ал биыл қаңтар айында қаланың «Кеңдала» шағынауданында 175 орындық «Жазира», маусымда «Солтүстік-Шығыс-2» шағын ауданында 240 орындық «Шұғыла» балабақшалары ашылды. Сонымен қатар «Салтанат» балабақшасы үлгісіндегі 280 орындық тағы бір балабақша салынуда, оның құрылысы жыл аяғына дейін аяқталады. Бұл - 2009 жылы барлығы 1000-ға тарта балаға арналған балабақшалар іске қосылады деген сөз.
2009 жылы облыстың денсаулық сақтау саласына 15,8 млрд.теңге, соның ішінде тегін медициналық көмектің кепілді көлеміне - 12,9 млд.теңге, медициналық жабдықтар сатып алуға - 0,9 млрд. теңге, күрделі жөндеу жүргізуге 2,0 млрд. теңге қаржы бөлінді. Оған қоса республикалық бюджет қаржысы есебінен жалпы сомасы 2,5 млрд. теңгенің үстінде болатын 6 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жалғасуда. Биылғы жылы Жаңақалада 100 орындық ауданаралық сауықтыру орталығы іске қосылып, онда «Капустин Яр» және «Азғыр» полигондарында жасалған әскери сынақтардан зардап шеккен Нарын өңірінің тұрғындары денсаулығын түзейтін болады.
Мәдениет басқармасының 2009 жылға арналған бюджеті жыл басында 2070 млн. теңгені құраған болса, облыстық бюджетті нақтылау кезінде саланың мәдениет нысандарын күрделі жөндеуден өткізу үшін қосымша 578 млн. теңге, Бөрлі ауданының қазынасынан 118 млн. теңге қаралып, қазіргі танда ол 2766 млн. теңгеге жетіп отыр. Осы қаражатқа ауылдық жерлерде 24 мәдениет үйі мен кітапханада, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Жылдар бойы күрделі жөнделмей келе жатқан мәдениет нысандарының биыл ҚР Үкіметінің «Жол картасы» арқасында жолы болып, бағы жанды. Бағдарлама бойынша ауылдық жерлерде 12 нысан және облыстық филармония ғимаратының көлемді аумағын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарына республикалық бюджеттен 330 млн. теңге, облыстық бюджеттен 53,6 млн теңге қаралды. Жалпы, тек биылғы жылы денсаулық сақтау саласы бойынша - 30, білім беру саласында - 96, мәдениет саласында 36 нысанға күрделі жөндеу жүргізілуде.
Реті келіп тұрғасын, аграрлық салаға тағы бір қайырыла кетсем деймін. Мал шаруашылығы өнімдері барынша мол өндіріліп, түлік басы өсіп келеді Мәселен, биылғы жеті айда 17,8 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Бұл өткен жылғыдан 1,7 пайызға артық.
Биыл ауа райының қолайсыздығына, қуаңшылыққа байланысты егістіктің бір бөлегі күйіп кетті. Бірақ та облыста астық, жем және тұқым қоры жеткілікті. Мал азығының 80 пайызы дайындалды, қыркүйек айының аяғына таман бұл науқан толықтай аяқталады.
Елбасымыз қойған талаптарға сәйкес қабылданған дағдарысқа қарсы шаралардың жүзеге асырылуы барысында нақты жұмыстар жасалып, көзге көрінетіндей, көңілге сенім орнататындай нәтижелердің арқасында облыс тұрғындары, соның ішінде ауылда тұратын адамдар арасында да дағдарыстың желін сезініп жатқан, тентіреп жүрген ешкім жоқ. Еңбек ететін адам үшін барлық жағдай: еркіндік те, мүмкіндік те бар. Осылардың бәрін көп жағдайда алдын ала ескеріп, қамданып отырғанымыз Елбасымыздың саясаты арқасында.