Дағдарысты еңсеру бағытында «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры барлық міндеттерді тиімді орындады - Үкімет басшысы

Бұл туралы бүгін аталған қордың алқа мәжілісін қорытындылаған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мәлім етті.
«Дағдарысты еңсеру бағытында Елбасы және Үкімет тарапынан «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының алдына қойылған міндеттер айтарлықтай тиімді орындалды»,- деп атап өтті К. Мәсімов.
«Әрине, кейбір ескертулер бар. Бұл кемшіліктер тұрғысында жұмыс істейтін боламыз. Жалпы, қорға міндеттелген функциялардың барлығы уақтылы болды»,-деді Үкімет басшысы.
Осы орайда Премьер-Министр Үкімет пен қоғам алдында тұрған қаржылық секторды, құрылыс секторын тұрақтандыру шаралары «Самұрық-Қазына» институтының арқасында орындалғанын, сонымен қатар бұл жұмыстар Елбасының шешімімен Ұлттық қорда жинақталған қаржының көмегімен шешілгенін атап өтті. «Бұл ресурстардың мақсатты орындалуы бойынша құқық қорғау және тексеруші органдардың тарапынан тыңғылықты қадағалау болды. Жалпы, айтарлықтай ескертулер болған жоқ»,-деді К. Мәсімов.
Үкімет басшысы Ұлттық қордан бөлінген барлық қаржы мемлекетке қайтарылуы тиіс екенін айта келе, «ол өз кезегінде алдағы мақсаттарды тиімді іске асырып, тиісті жұмыстарды атқаруға қажет болады»,-деді.
Мұнымен қоса, Премьер-Министр «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының дағдарысты еңсеру функциясы аяқталғанын атап өтті. Сонымен қатар, Үкімет басшысы аталған қордың 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын пысықтауды жүктеді.