Дағдарысты жеңу үшін мега жобалардан бас тартып, нақты секторды қолдау қажет

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемді дендеген дағдарыс кез келген елдің экономикасына теріс әсер етері шындық. Ол бір мемлекетті еңсесін қайта көтерместей тұралатар болса, екіншісін тізе бүктірері де сөзсіз. Осыны дер кезінде сезіне білгендер дағдарысқа қарсы шаралар өткізіп, қамданып жатыр. Яғни бюджетін қайта-қайта електен өткізіп, ықшамдап, әзірге көптеген ауқымды қаржыны талап ететін жобаларынан бас тартуда. Артық шығынға бармай үнемге көшіп жатыр.
None
None

«Кемедегінің жаны бір». Яғни алыс та жақын елдердегі, ауылы аралас, қойы қоралас көршілеріміздегі қазіргі келеңсіз жағдайдың салқыны Қазақстанға да жетті. Экономист-сарапшылардың бағалауынша, алдағы жылдар жалпы жаһандық экономика үшін де, Қазақстан үшін де өзіндіқ қиындығы мол болмақ. Негізгі табыс қайнары - шикізаттың қазіргі бағасы сын көтермейді. Бюджет қазаны ортайды. Оны қайта толтырудың да ауылы әзірге алыстап тұр. Ендеше, қайтпек керек, қайтсек сүрінбей, қабырғамыз қайыспай шыға аламыз бұл тығырықтан? «Бүгінде біз бюджетке салықтық түсімдердің 20 пайызға дерлік төмендегенін айтып отырмыз. Қосылған құн салығын төлеу көлемі төрттен бірге, ал табысқа корпоративтік салық бойынша 13 пайызға төмендеді. Бұл бар болғаны бизнеске қосымша қысымды білдіретін болады. Бюджет шығындарын Ұлттық қор есебінен жабу - көрегендік емес. Біз алдағы жылдардың қандай боларын білмейміз. Сондықтан менің ұстанымым қағидатты - Ұлттық қор қаржыларын ағымдағы шығындарға пайдалану тоқтатылуы тиіс», - деген болатын ҚР Президенті Нұрсұлттан Назарбаев 30 қарашадағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауында. Бүгінгі таңдағы жағдайда экономиканың қай саласына басымдық берген жөн. Әрине, әлеуметтік саланың орны бөлек. Дегенмен қасқалдақтың қанындай қат болып отырған қаржының біршама бөлігін бизнестің қайтарымы тез, өнімді де өтімді саласына салған жөн болар деген де ойға кететініміз бар. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының 30 қарашадағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауында салық режімін үш деңгейге дейін оңтайландыру жөніндегі тапсырмасы өте өзекті екенін айта кету керек. «Әлемдегі, соның ішінде Еуропа мен Шығыс Азиядағы экономиканың ахуалын ескере отырып, жағдайдың жуық арада жақсаруын болжау мүмкін емес. Халқымыз қалыптасқан жағдайды білуі тиіс, кәсіпорындарымыздың кірісі азайып, табыстың төмендеуі және жұмыс орындарының қысқаруы ықтимал. 2007-2009 жылдардағыдан да күшті, нағыз дағдарыс дендеп келеді», - деді Мемлекет басшысы 19 қазан күні Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке осы мәселеге орай бірқатар нақты тапсырма берген кезінде. Бұл ащы да болса шындықты айту, басқа төнген қиындықты жасырмау. Ендеше «көрпеге қарап көсілетін» шақ туды. Әркімнің қарым-қабілетін көрсететін шақ туды. Сондай-ақ бұл тіршілігіңді дөңгелету өз қолыңда тұрғандығын, бос белбеу болсаң, бірді екі ете алмасаң қатал нарықтың жағаға жаңқаша лақтырып тастайтындығын ескерту. Үкімет те осынау «тар жол тайғақ кешуден» сүрінбей өту жолдарын қарастырып бағуда. Бюджеттің әр тиынын есептеп, қарапайым халықтың басына түсер ауыртпалықты азайту, дағдарыс екпінін әлсірету бағытында шұғыл шараларды қолға алып жатыр. Елбасы биылғы Жолдауда атап өткендей, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын 29 пайызға дейін көтеру соның бір айғағы іспеттес. Әдетте, қиындықтан да қайыр бар. Ол бізге тыңнан жол ашуға, тың бастамаларды іздеуге ұмтылдырады. Дағдарыс жаңа бағыттарға жол ашады. Ал сол жаңа бағыттар жайлы сарапшылар да қадау-қадау пікір-ұсыныстарын білдіруде. Алдағы жылы ас та төк заманның ауылы алыстайды. Бұл басы ашық мәселе. Қысқасы, халықтың басым бөлігі қарапайым біртоға тіршілікке көшетін болады. Ал қазіргідей мұнай мен газ және металл бағасының түсуі үкіметті капиталды қолданудың басқа бағыттарын іздеуге мәжбүрлеуде. Мұндағы алдымен қолға алынып жатқан мәселе - шикізат секторынан тыс салаларға инвесторлар іздеу, шақыру, оларға өзге елдерде жоқ жеңілдікті жағдай туғызу. Әрине, келісімдер де жасалды, келіссөздер де жүріп жатыр. Инвестициясын құюға уәде бергендерді де көз көрді. Шикізат көздерінен құйылып жатқан салық түсімдері қысқарды, мемлекет тарапынан шығындарды оңтайландыру шаралары жүріп жатыр. Бірақ бұл оңтайландыру білім, денсаулық сақтау, қорғаныс және қоғамдық тәртіпті сақтау сияқты секторларына көп әсер етпеуі қажет. Әрине, зейнетақымен қамсыздандыру, мемлекеттік білім және денсаулық сақтау жүйесінде олқылықтар жетерлік. Олар сыналып та жатыр. Дегенмен соңғы жылдары қазақстандық билік әлеуметтік үлгімен қамтуда жаңашыл бастамаларды өмірге ендірді. Ендеше бұл бағыттағы жұмыстарды дағдарысты көлденең тартып тоқтатуға болмайды. Өйткені, оны бәсеңдету, азаматтардың билікке деген сеніміне селкеу түсірмек. Билікке әзірше жаңа ауқымды мега жобалардан бас тартуға тура келеді, ал аз шығынмен жақсы нәтижеге жету үшін нақты сектордың негізгі салаларындағы - өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы бизнес белсенділігін қолдайтын стандарттық құралдарды тиімді түрге ауыстыру қажет. «Кәсіпорындар мемлекет қаражатпен қамтамасыз етеді деп күтпеуі тиіс. Олай болмайды, Ұлттық қордың ақшасын жаңа нысандар құрылысына, сондай-ақ нашар жұмыс істейтін кәсіпорындарды қолдауға, субсидиялауға пайдалануға тыйым саламын. Бұл жағдайда қандай өндіріс тиімді, қайсысы тиімсіз жұмыс істейтіні бірден көрінеді. Сондай-ақ біз барынша тиімді менеджмент тарту үшін жекешелендіру жүргіземіз», - деді Қазақстан Президенті. Бұл деген сөз үкіметке де, жергілікті атқарушы органдарға да, мемлекеттік компанияларға да қажетсіз шағын және орта деңгейдегі фирмаларды бәсекеге қабілетті ортаға өткізу ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік ірі бизнестің активтерін нақты ауқымда жекешелендіру. Мұның нәтижесінде ҚР-ның мұнайдан өзге бизнесіне, 1990 жылдардағыдай өз ақшаларымен, стандарттарымен және технологияларымен стратегиялық шетелдік инвесторлардың келуі әбден мүмкін. Бірақ бұл арада сол кезеңге қарағанда үлкен айырмашылық бар. Енді олар бастапқы капиталды жинаудың жабайы жағдайларында емес, барынша күшті әрі кәсіби үкіметі және жергілікті атқарушы органдары бар мемлекетте жұмыс жасайтын болады. Бұл бағытқа аптаның басында жария етілген Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында да көп көңіл бөлінген. Атап айтар болсақ, Елбасы Үкіметке Жекешелендіру туралы жаңа заң дайындауды жүктеді, инвесторлар тартуға бағытталған Үкіметтік және өңірлік кеңестер, «Астана» халықаралық қаржылық хабы құрылып, 6 макроөңір үшін жекелеген бағдарламасы қабылданатын болады. Мемлекет басшысының Қытайға сапары барысында ҚХР инвесторларымен шикізаттық емес салаға 23 млрд доллар көлемінде келісімдерге қол жеткізілді. Қазан айының соңында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Лондон мен Парижге сапары аясында Қазақстан жалпы көлемі 11,5 млрд. АҚШ долларының келісімшарттарына қол қойылды. Ендеше, алдағы көлденең кездесер кедергілерді жеңу жолына оның алдын алуға осылайша қам жасау, дағдарыстың бел қайыстырар қиындығын жеңілдетуде көрегендік таныта білу, бұл жолы да «тар жол, тайғақ кешуден» алып шығатыны анық. Елбасы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауында атап өткеніндей, «дағдарыстардың бәрі өткінші, өтеді де кетеді. Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгі». Ерлан Қожакелдиев

Соңғы жаңалықтар