DALA SK құрылыс компаниясы лицензиясыз жұмыс істеген
АСТАНА. KAZINFORM – Семейде DALA SK құрылыс компаниясы 66 үлескердің сеніміне кіріп, қомақты қаражатты жымқырған. Бұл туралы «Jibek Joly» телеарнасының тікелей эфирінде айтылды.

– Қазіргі уақытта біздің Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Абай облысы бойынша іс жүргізіп жатыр. Іс 2024 жылдың 30 мамырынан бастап Қылмыстық кодекстің 214-бабы (заңсыз кәсіпкерлік), 190-бабы (алаяқтық), 218-бабы (заңсыз кірістерді заңдастыру) бойынша тергелуде. Бүгінгі күні 62 үлескерден жалпы сомасы 1 млрд 43 млн теңге көлемінде қаражат жиналған, - деді ҚР ҚМА Тергеу департаменті басшысының орынбасары Кенесары Бағбанұлы.
Оның айтуынша, бұл іске қатысты Джумагулов Даурен күдікті ретінде танылып, қамауға алынған.
– Компания аталаған тұлғаның атына тіркелмеген. Ол кәсіпті өзінің сенімді адамдарының атына рәсімдеп қойған. Қазіргі уақытта шамамен 215 млн теңге көлемінде оның мүлкіне, сондай-ақ 151 млн теңгенің құрылыс материалдарына тыйым салынды. Сонымен қатар салымшылардың ақшасын қайтару бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр, - деді ол.
Семей қаласының тұрғыны 2020 жылдан бері баспана алуды армандап жүргенін, сол мақсатпен компанияға ақша салғанын айтты.
– 66 үлескердің қатарында зейнеткерлер, жалғызбасты аналар және мүгедектер бар. Бірақ Семей қаласының әкімдігі неге бұл компанияның заңдылығын тексермеді? Бұл – біз үшін үлкен сұрақ, - деді ол.
Тергеушінің айтуынша, компанияның құрылыс жүргізуге және үлескерлерден ақша жинауға рұқсаты болмаған. Соған қарамастан, ол өз жұмысын жалғастыра берген.
– 2024 жылдың қарашасында компания әкімшілік жауапкершілікке тартылғанымен, заңсыз қызметін тоқтатпаған, - деді ол.
Кенесары Бағбанұлының айтуынша, 2024 жылдан бері 11 эпизодтан тұратын 9 қылмыстық іс тіркеліп, 1 200 үлескерден ақша жиналған.
– Осы істер аясында жалпы 12 млрд теңге залал келтірілген. Оның ішінде 8 млрд теңге тәркіленіп, залалдың жартысынан көбі өтелді, - деді ол.
Бұған дейін, Қазақстанда құрылыс барысын дрон және жасанды интеллектінің көмегімен бақылайттынын жазғанбыз.