Дәмі, иісі жоқ у — ботулизм туралы не білеміз

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Үй жағдайында әзірленген консерві қауіпсіз көрінгенімен, адам өміріне зор қатер төндіруі мүмкін. Тағамнан уланудың салдары ауыр болып, кей жағдайда жүйке жүйесінің зақымдануына, тыныс алудың бұзылуына және өмірге қауіп төндіретін асқынуларға әкелуі ықтимал.

Дәмі, иісі жоқ у — ботулизм туралы не білеміз
Фото: Pexels

Солтүстік Қазақстан облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мониторинг, талдау және тәуекелдерді бағалау бөлімінің бас маманы Самал Окенова ботулизмнің алдын алу шаралары мен оның қауіптілігі туралы ақпарат берді.

Маманның айтуынша, ботулизм — көбіне үй жағдайында дайындалған, талапқа сай стерилизацияланбаған консервілерді тұтыну салдарынан туындайтын дерт. Ботулотоксиннің ерекшелігі, ол тағамның дәмін, иісін және түсін өзгертпейді, сондықтан қауіпті өнімді көзбен көріп, анықтау мүмкін емес.

— Ботулизм — Clostridium botulinum бактериясы бөлетін улы токсиннен туындайды. Бұл микроорганизм табиғатта кең таралған, оның споралары топырақта, суда, көкөніс пен жемістің бетінде, сондай-ақ жануарлар өнімдерінде сақталуы мүмкін және төмен температураға, қатыруға төзімді келеді. Тағам өнімдеріне түскен кезде споралар белсенді болмайды. Ол оттегі аз, жабық ыдыстарда немесе адамның ішегінде вегетативті формаға айналып, белсенді көбейіп, қатты токсин шығарады, — дейді Самал Окенова.

Ботулотоксин жүйке жүйесіне әсер етіп, бұлшықеттерге берілетін жүйке импульстарын тежейді. Салдарынан адамда әлсіздік пайда болып, салдануға әкелуі мүмкін. 

— Ауру белгілері улы тағамды тұтынғаннан кейін бірнеше сағаттан бес күнге дейінгі аралықта байқалады. Алғашында іштің ауыруы, жүрек айну, құсу секілді жалпы улану белгілері көрінеді. Кейін ауыздың кебуі, көзге қосарланып көріну, сөйлеудің бұзылуы, бас айналу және тыныс жеткіліксіздігі қосылады. Симптомдардың ауырлығына қарамастан, науқас басқалар үшін қауіпті емес, себебі ауру адамнан адамға жұқпайды. Ботулизмнен кейін иммунитет қалыптаспайды, сондықтан токсинді тағамды қайта тұтыну арқылы қайта жұқтыру мүмкін, — дейді дәрігер.

Үй жағдайында дайындалған, талапқа сай стерилизация жүргізілмеген көкөніс, саңырауқұлақ, балық және ет консервілері ботулизмге әкеледі. Сондықтан барынша қауіпсіздік шараларын сақтау міндет.

— Үйде дайындалған консервілерді тұтынар алдында кемінде 15–20 минут қайнату қажет. Өнімдерді консервілеу алдында мұқият жуу, топырақ қалдықтарын толық тазарту, зақымдалған бөліктерін алып тастау қажет. Балық пен етті де мұқият өңдеп, тоңазытқышта сақтау керек. Ыдыстарды дұрыс стерильдеу, ас үй құралдарының тазалығын сақтау, сапасы күмәнді шикізатты қолданбау — ботулизмнің алдын алудың маңызды шарттары. Саңырауқұлақтар мен көкөністерді герметикалық консервілеудің орнына балама ретінде кептіру, ашық ыдыста тұздау немесе жеткілікті мөлшерде сірке қышқылын пайдалану ұсынылады.  Сондай-ақ қолдан дайындалған тағамдарды кездейсоқ адамдардан немесе базардан сатып алудан бас тартқан жөн, — дейді Самал Окенова.

Маманның айтуынша, ботулизм — шұғыл медициналық көмекті қажет ететін дерт. Алғашқы белгілері байқалған жағдайда дереу дәрігерге жүгіну қажет. Ботулизмнен медициналық мекемеде емдейді және антиботулиндік сарысу енгізіліп, симптоматикалық терапияны және басқа шараларды қамтиды. Ботулизмді өз бетімен емдеуге болмайды.

Дерттің алдын алу үшін қарапайым гигиена ережелерін сақтау, тағамды дұрыс термиялық өңдеу және үй консервілеріне аса мұқият қарау қажет. 

СҚО-да соңғы жылдары ботулизммен ауыру деректері тіркелмеген. 

Бұған дейін Елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ораза уақытында қалай тамақтану керектігі туралы кеңесін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар
Референдум