Даму институттары мен холдингтердің қызмет тиімділігі өте төменгі деңгейде - С. Жалмағамбетова

АСТАНА. Маусымның 17-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында ҚР Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2009 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін талқылау барысында сенатор Светлана Жалмағамбетова осылай мәлім етті.
None
None

«Есеп комитетінің есебін тыңдап, қарап шыққаннан кейін еліміздегі мемлекеттік даму институттарының, мемлекеттік холдингтердің, жалпы квазимемлекеттік сектордағы мемлекеттік нысандар қызметінің тиімділігіне үлкен күдікпен қарауға тура келеді. Бұл ретте Үкіметтің әрекетіне келер болса, атқарушы билік ондай құрылымдарға ешқандай да ықпал ете алмайтындай әсер қалдырады. Өйткені, аталған нысандардың басым бөлігі залалды, бюджеттік қаржы жұмсалатынына қарамастан олармен қабылданатын шешімдер мемлекетке үлкен шығын әкеліп жатыр», деді сенатор С. Жалмағамбетова. Осыған орай, депутат Үкімет өкілдеріне қарата бірқатар сауалдар қойды. «Біріншіден, Үкімет Есеп комитетінің квазимемлекеттік сектордағы тексерістер қорытындысына орай қандай шаралар қабылдайды? Мемлекеттік активтерді басқарудың бұдан да тиімді тетігі әзірлене ме, яғни мемлекетке залал келтіретін шешімдер қабылдағаны үшін жауапты тұлғаның жауапкершілігін қатайтуға қатысты қандай шаралар қолданылады? Екіншіден, біздің білуімізше бірқатар даму институттары өздерінің қорытындысы бойынша залалды, шығынды әрі зиянды бола тұра, сыйақылар алып келеді», деген депутат бұл ретте бірқатар нақты мысалдарды алға тартты. Оның айтуынша, даму институттарына ынталандыру сыйақылары олардың жұмыс нәтижелеріне, пайдалар әкелуіне қарай берілуі тиіс. «Бұдан бөлек, бюджет қаражаттарының банк депозиттерінде салынуы әлі де жалғасын тауып келеді. Бұған көптеген даму институттарының әрекеттерін алға тартуға болады. Мәселен, «Қазақстанның инвестициялық қоры» 2009 жылы бірде бір жобаны қаржыландырған емес, есесіне осындай депозиттердің арқасында күн көріп келді. Ендеше, Үкімет бұндай даму институттарындағы депозиттердің қаражатын мемлекет бюджетіне қайтаруы тиіс», деді сенатор.

Өз кезегінде сауалға жауап берген Қаржы министрі Болат Жәмішев даму институттары мен ұлттық холдингтегі мемлекет қаражаттарының жұмсалуына ұдайы қадағалау жасалатынын, бұл бағытта арнайы шаралар қамтылып отырғанын жеткізді. «Депозиттерге келетін болсақ, бұнда мәселе басқада. Мәселен, сол қаражатты еш пайда көрместен есеп-шоттарында сақтауға да болатын еді. Алайда, бұндағы басты мәселе бюджеттен бөлінген қаражаттың тиімді, уақтылы, мақсатқа сай орындалуында. Ал егер қаражаты бола тұра, оны еш тиіспестен шоттарда құр сақтау - бұл сауатсыз менеджментке жатады. Бірақ, тағы да қайталаймын, бұнда бар мәселе бюджеттік қаражаттың нақты орындалуында жатыр. Ал ондай қаражатты қайтадан бюджетке қайтару мәселесіне келетін болсақ, оны заң арқылы жүзеге асыруға болады», деді Б. Жәмішев.

Соңғы жаңалықтар