«Даму» қоры малшылардың несиесіне 85% кепілдік береді

АСТАНА. KAZINFORM – «Даму» қоры мал шаруашылығына несие рәсімдеген ауыл тұрғындарына 85% кепілдік ұсынады. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мәжіліс депутатының сауалына жолдаған жауапта осы шараның қаржылық тетіктері пысықталып жатқанын айтады.

даму
Фото: market.kz

- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті қолдау және дамыту жөніндегі кешенді жоспардың жобасы әзірленді. Жоба аясында айналым қаражатына 5% мөлшерлеме бойынша жеңілдікпен кредит беру, асыл тұқымды мал сатып алуға және отарланған жайылымдық мал шаруашылығын дамытуға 6% мөлшерлеме бойынша кредит беру, жайылымдық инфрақұрылымды дамыту және кадрлық әлеуетті нығайту жөніндегі шаралар көзделген, - дейді вице-премьер.

Сондай-ақ, ол «Іскер аймақ» бағдарламасы арқылы былғары, сүт, қолөнер өнімдері сияқты шикізат түрлерін өндіру, өңдеу көзделіп отырғанын айтады.

- Аталған кредиттік өнімдерді іске асыру үшін «Даму» қоры арқылы 85%-ға дейін кепілдендіру тетігін енгізу жоспарланып отыр. Қазір кешенді жоспар бойынша қажетті қаржыландыру есептеліп, кейіннен мүдделі мемлекеттік органдармен келісуге жолданады, - дейді Ұлттық экономика министрі.

Бұған дейін бизнесті мемлекеттік қолдау шараларына жүргізілген аудит қорытындысы бойынша 14 материал құқық қорғау органдарына жолданғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар