15:03, 24 Қараша 2011 | GMT +5
«Даму» қоры қайырымдылық шарасын өткізді
ЗЫЛОРДА. 24 қараша. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылордада «Даму» қорының филиалы «Даму-Көмек» бағдарламасы аясында қайратты да жігері мұқалмаған жандарға қолдау көрсету мақсатында мүмкіндігі шектеулі кәсіпкеріне заттай көмегін көрсетті.

Филиал өкілдерімен кездесуде 2005 жылдан бері жиһаз жасаумен айналысып келе жатқан Қуанышбек Әлжанбаев өз ісін дамытуда құрал-жабдықтарға тапшы болып отырғанын жасырмады. Демеушілік қаражатқа алынған электр арасы мен сүргісі, жиһаз жасауға қажетті материалдар оған сыйға тартылды.
- Тағдыр тауқыметін арқалай жүрсе де өзгелермен терезесі тең дәрежеде өмір сүруге талпынған осындай жандарға көрсетілетін көмек жалғасын таба бермек. Ал жаңа құралдар арқылы табысы молайып, тұрмысы түзелуіне септігі тиіп жатса, мақсатымыздың орындалғаны, - дейді шараны ұйымдастырушылар.
Сонымен қатар, «Даму» қорының Қызылорда филиалы арқылы бағдарлама аясында барлығы 25 өтінім www.damu-komek.kz сайтына орналастырылып, оның 14-іне қаржылай көмегі көрсетілді.