17:46, 12 Желтоқсан 2014 | GMT +5
«Даму» қорына қосымша 50 млрд. теңге бөлінді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кәсіпкерлікті дамыту үшін «Даму» қорына қосымша 50 млрд. теңге. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова мәлім етті.
«Бүгінгі таңда кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға қатысушылардың 42 пайыздан астамын кәсіпкер әйелдер құрайды. Осы әйелдер құрған компаниялар жаңа жұмыс орындарының ашылуына сеп болып отыр», - деді ол.
Оның атап өтуінше, қазіргі таңда «Даму» қоры өңдеу өнеркәсібін дамытуға барынша ден қоймақ.
«Ағымдағы жылдың сәуірінде Ұлттық қордан 100 млрд. теңге бөлінді. Ал кеше «Бәйтерек» холдингі «Даму» қорына қосымша 50 млрд. теңге орналастырды. Ендігі уақытта кәсіпкер әйелдер 10 жылға жылдық ставкасы 6 пайызбен несие ала алады. Бұл ретте тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарына басымдық беріледі»,- деді Л.Ибрагимова.