Даму кубогы: Қазақстан жасөспірімдер құрамасы финалға шықты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан 17 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Даму кубогында Беларусьтен басым түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық футболшылар бүгін Беларусьтің 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасымен шеберлік байқасты.

Ойын барысында қос құрама да жеңіске жету жолын іздеді. Бірінші кезеңде таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.

Екінші кезеңнің 46-минутында қазақстандық Ілияс Әбіл алаң иелерінің қателігін шебер пайдаланып, өзінің құрамасын алға шығарды.

Айта кетсек, қазақстандық футболшылар бұған дейінгі екі кездесуінде Өзбекстанды 3:0, Ресейдің 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасын 1:0 есебімен жеңді.

Осылайша олар үш ойында тоғыз ұпай жинап, А тобында бірінші орын алды.

Енді қазақстандық футболшылар 11 ақпанда финалда Ресейдің 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасымен кездеседі.

Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Даму кубогы ойындарына бұған дейін 2014, 2018, 2021 жылдарда қатысты.

2021 жылы финалда Тәжікстан жасөспірімдер құрамасына жол беріп, күміс жүлдені қанағат тұтты.


Соңғы жаңалықтар