Даму үрдісі дағдарыс арқылы да жалғаса береді - «Қазақстанның Даму банкі» АҚ президенті Жанат Жақанов
сондай-ақ экономиканың шикізаттық емес секторына жекеменшік капиталды тарту болып табылатын Қазақстанның Даму банкінің қызметі ерекше өзектілікке ие болуда. «Қазақстанның Даму банкі» акционерлік қоғамының президенті Жанат Жақановпен болған сұхбатта осы бағытта жасалып жатқан нақты қадамдар сөз болды.
- Құрметті Жанат Шәмішұлы, Сіз бен біздің кездесуіміз жаңа жылдан кейін өтіп отырғандықтан, сөзді Өзіңіз басқаратын ұжымның өткен 2008 жылғы қызмет қорытындысы туралы әңгімеден бастасақ. Жыл, әрине, оңай болған жоқ. Дегенмен, қандай істер атқардыңыздар, қандай істерді толық атқара алмадыңыздар, сол туралы айтып өтсеңіз.
- Жыл әрине барлық банктер үшін оңай болған жоқ. Дегенмен, 2007 жылдың соңындағы алғашқы дағдарыс толқыны барысында алған тәжірибелер бізге үлкен қиындықтарға дайындалуға мүмкіндік берді. Біз тәуекелдерді басқарудың жүйесін қайта құрып, инвестициялық саясатқа түзетулер енгізіп, және ең бастысы қор жасап, биыл «турбуленттік аумағына» еніп отырмыз. Қиыншылықтарға қарамастан, Қазақстанның Даму банкі тиімді шартпен 1,2 миллиард АҚШ долларынан астам соманың шетелдік заемдарын тарта алды және 700 миллион АҚШ доллары сомасына несиелік желі беру туралы келісімдер жасады. Осының барлығы бізге 2008 жылы өнеркәсіптің шикізаттық емес салалары мен инфрақұрылымдарды несиелеудің жоғарғы қарқынын сақтап қалуға мүмкіндік берді. 2008 жылдың басынан бері екінші деңгейлі банктердің экономика салаларын несиелендіру көрсеткіші тек 7,3 пайызға өссе, Қазақстанның Даму банкінің несиелік қоржыны 130 пайыздан астамға өсіп, 2008 жылдың аяғына қарай 1,7 миллиард АҚШ долларына жетті. Активтер 165 пайыздан астамға артып отыр. Өңдеуші өнеркәсіптің барлық негізгі саласы мен инфрақұрылымдар секторын инвестициялық несиелеудегі Қазақстанның Даму банкінің үлесінің орта есеппен 43 пайыздан 53 пайызға көтерілуі осы жетістіктердің нақты көрінісі болып табылады. Ағымдағы жылы біз 12 өндірісті іске қостық. Олардың қатарында Қарағанды облысындағы металл кремнийін өндіру зауыты, Ақтөбе мен Шығыс Қазақстан облыстарындағы құрылыс материалдары өндірістері, Алматыдағы көлік-логистикалық орталығы, Ақтаудағы металл-прокат өнімдерін өндіру зауыты, Ақмола облысындағы ет өнімдері комбинаты, Оңтүстік Қазақстандағы тоқыма өндірісі бар. «Солтүстік-Оңтүстік» электр желісінің құрылысы бойынша жобаның бірінші кезегі жүзеге асырылды, «Солтүстік Қазақстан-Ақтөбе облысы» жоғары кернеулі желісі пайдалануға берілді, «Өзен-Жетібай» газ құбыры тармағы тартылды. Қысқасы, барлық қиыншылықтарға қарамастан, 2008 жыл біздің банкіміз үшін табысты болды. Ал егер толық жүзеге асыра алмаған істерге тоқталар болсақ, біз барлық несие өтінімдерін қанағаттандыра алған жоқпыз. Бұл капиталдың сыртқы рыногының жабылуымен байланысты. Біз сараптама жұмыстарын жүргізіп, электр энергетикасы, металлургия, химия сияқты маңызды салаларда 29 жаңа жобаны мақұлдағанбыз. Дейтұрғанмен, қорлардың жасалуын қамтамасыз еткенше, оларды қаржыландыруды кейінге қалдыруға тура келді.
- Өз ісіңіздің тәжірибелі және жоғары білікті маманы ретінде біздің еліміздің банк жүйесінің қазіргі жағдайына қандай түсіндірме берер едіңіз? Өзіңіз басқарып отырған банктің бүгінгі жаһандық дағдарыс жағдайындағы халі қандай?
- Банктердің салыстырмалы түрде арзандау шетелдік капиталды белсенді тартуы 2000 және 2007 жылдардың аралығындағы кезеңде Қазақстан экономикасында несие экспансиясының кең орын алуына сеп болған-тын. Осы кезеңде банктердің несиелеу көрсеткіштерінің орташа жылдық өсу қарқыны 60-70 пайызға жетіп еді. Бірақ та, несиелеу көлемінің өсу қарқынына қарамастан, коммерциялық банктердің өндіріс саласын қаржыландыру әлеуеті толық жүзеге асырылмады, оған капитал қамтымының ауқымдылығы, қаржының өтелу мерзімінің ұзақтығы, өңдеу саласы мен инфрақұрылым секторындағы жобалардың кіріс нормаларының жоғары болмауы сияқты факторлар себеп болды. Банктердің несиелік қоржындарын әртараптандыру жағдайындағы несиелеудің жоғары рекордтық көрсеткіші келешекте жоғары болмаса да, тұрақты кіріспен қамтамасыз ете алатын, өнеркәсіптің шикізаттық емес саласы мен инфрақұрылым секторындағы жобаларды банктік қаржыландырудың өсуіне біртіндеп сеп болады деп күтілген еді. Бірақ 2007 жылдың жаз айларындағы әлемдік қаржы дағдарысы өз түзетуін енгізді. Өтімділік проблемалары, сыртқы қарыздардың қымбаттауы, актив сапаларының нашарлауы, несие рейтингтерінің төмендеуі мен банк жүйесіндегі басқа да бірқатар тәуекелдер әсерінің күшеюі сияқты мәселелер екінші деңгейлі банктердегі несие саясатының қайта қаралуына әкеп тіреді. Олардың несие саясатын қатайтуы елдегі банктік несие көлемінің күрт төмендеуіне әкелді. ҚР Ұлттық банкінің мәліметтері бойынша, 2008 жылы екінші деңгейлі банктер берген несиелердің көлемі, 2007 жылғы көрсеткіштен екі есеге аз. Әсіресе, негізгі капиталға салынатын инвестициялардың маңызды көзі болып табылатын ұзақмерзімдік несиелер үлесінің азаюы экономикаға қатты әсер етіп отыр. Тағы бір айта кететін жайт, банктік несие дағдарысы құрылыс саласынан гөрі, өңдеу саласындағы ең әлсіз өндірушілерге қаттырақ әсер етуде. Коммерциялық банктердің өтімділік дағдарысы біздің жобаларға да әсерін тигізді. Біздің әрбір клиентіміз сонымен бірге өзінің ағымдағы қызметін қамтамасыз етіп отырған коммерциялық банктердің бірінің клиенті болып табылады. Біздің көптеген жобаларымызда коммерциялық банктер тең кредитор болып отыр. Әрине, коммерциялық банктер тарапынан қаржыландыру құнының шектелуі біздің жобаларымызға теріс әсер етпей қойған жоқ. Көптеген кәсіпорындар айналым қаражатынсыз қалып отыр. Қазақстанның Даму банкі өз клиенттері бойынша осынау ағымдағы проблемаларды шамасы келгенше шешуде, бірақ жалпы алғанда, бұл жүйелі мәселе болғандықтан, біз келешекте заңнамалық тұрғыдан өз қызметімізге белгілі бір түзетулер енгізуді белгілеп отырмыз. Ал ҚДБ-ның өзіне келер болсақ, ол өз жұмысына тән ерекшелікке байланысты, барлық дерлік коммерциялық банктердің басына түскен бірқатар проблемалардан аман қалды. Атап айтқанда, біз тұрғын үй құрылысы жобаларын, ипотекалық және тұтынушылық несие бағдарламаларын қаржыландырмаймыз. Жалпы алғанда, біз коммерциялық банктерге бәсеке туғызбастан, жоғары рентабельді коммерциялық жобаларға кіріспеуге тырыстық, негізінен өнеркәсіп пен инфрақұрылымның ірі жобаларына назар аудардық. ҚДБ-ның коммерциялық банктерден айырмашылығы - өтімділік дағдарысы ұзаққа созылған жағдайда, ол халық салымдарының азаю тәуекеліне ұшырай қоймады. 2008 жыл қорытындысы бойынша, жоғарыда мен айтып өткен нәтижелер банктің ең маңызды деген инвестициялық жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз етіп, жаһандық дағдарыс жағдайында өзінің тұрақтылығын қамтамасыз ете алуының тағы бір айғағы. Оған қоса, біз инвестициялық жобалар үшін заемдардың бөлігін қайта қаржыландырып, коммерциялық банктерге қомақты қолдау көрсеттік. 2008 жылы біз 7 банкке 340 миллион доллар соманың 17 жобасы бойынша өтімділігін қайтардық. Ең қызығы, дағдарыс кезеңі ҚДБ-ның қаржы және экономикалық жүйедегі ролін нақтырақ көруге мүмкіндік беріп отыр. Даму банкі еліміздің экономикасы үшін жайлы кезеңде, 2001 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен құрылған болатын. Ол кезде бизнесмендер тарапынан скептикалық және сыни әңгімелер аз айтылған жоқ. Алғашқы жылдары біз тәуекелге бел буып, ірі инвестициялық жобаларды бастадық, кейіннен олардың көбісі коммерциялық банктерге кетіп қалды. Қазіргі үрдіс керісінше, клиенттер Қазақстанның даму банкіне оралуға немесе ауысуға тырысуда. Бизнес мемлекеттің және оның институттарының ролін әдетте, тек қиын-қыстау кезеңде есіне алады ғой. Қаржылық және саяси тұрғыдан бейтарап Даму банкі бизнеске қолдау көрсетуін жалғастыруда. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің бір түрі ретінде Қазақстанның Даму банкін құру көреген және ойластырылған шешім болғанына бүгінде баршаның көзі жетіп отыр.
- Әлемдік несие жүйесі дағдарып тұрған кездегі, Қазақстанның Даму банкінің нақты экономиканың үдеткіш күші ретіндегі рөлін айтпай кетуге болмайды. Қазақстандағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға Даму банкінің қатысу деңгейі қандай, осы туралы айта кетсеңіз?
- Экономиканың шикізаттық емес секторына салынатын инвестициялардың негізгі ағымы өндірістік, көлік, коммуникациялық және энергетикалық инфрақұрылымның қамтылу жағдайына байланысты екені жақсы мәлім. Оның үстіне әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, еліміздің инфрақұрылымын құру және түрлендіру жөніндегі жобаларды жүзеге асыру дағдарысты кезеңдерде экономикалық белсенділікке қолдау көрсету мен еңбекпен қамтамасыз етудің ең оңтайлы тетігінің бірі болып табылады. Осының нәтижесінде, Даму банкі инвестицияларының ауқымды бөлігі Қазақстандағы стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға тиесілі. Инвестициялық жобаларды қаржыландыру көрсеткішінің басым үлесі энергетика, көлік және коммуникация саласына келеді. Қазақстан Даму банкінің қатысуымен жүзеге асырылып отырған инфрақұрылымдық жобалардың қатарында стратегиялық маңызы зор нысандар аз емес. Бірінші кезекте, олар - Ақтау халықаралық теңіз сауда айлағын кеңейту, Астана-Алматы учаскесінде талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту, «Солтүстік-Оңтүстік» және «Солтүстік Қазақстан - Ақтөбе» электр желісін салу, Алматы облысында Мойнақ су-электр стансысын салу жобалары. Алматы мен Астанада көлік-логистикалық орталықтарын ұйымдастыруға, Қандыағаш газ-турбиналық электр стансысының құрылысы мен Жаңажол газ-турбиналық электр стансысын кеңейту, «Шымбұлақ» таң шаңғысы курортын кешенді дамыту сияқты жобаларды да осылардың қатарына жатқызуға болады.
- Қазақстанның Даму банкінің қызметіндегі перспективалық бағыттар қандай?
- Қазіргі уақытта Даму банкі қызметінің барлық негізгі бағыт-бағдарын біздің акционеріміз - «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры анықтап отыр және алдағы кезеңдегі біздің жұмысымыз Үкіметтің дағдарысқа қарсы іс-қимылдар жоспарын жүзеге асыруға бағытталатын болады. Қор өте пәрменді басқарушы командаға ие және барлық шешімдер қалыптасып отырған жағдайларға байланысты жедел қабылдануда. Біздің банк көптеген инвестициялық холдингтердің жұмысына атсалысуда және өз қызметінде бірінші кезекте белгіленген басымдықтарды ұстанатын болады. Атап айтқанда, Үкімет бағдарламасы аясында инновациялық, индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға «Самұрық-Қазына» қорына 1 миллиардқа жуық АҚШ доллары бөлінеді және 2009 жылы 3 миллиард АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестициялар тартылып отыр. Осы жағдайға байланысты біз өзіміздің перспективалық қоржынымызды қайта қарап шығып, ағымдағы жағдайда ең маңызды деген басым жобаларға күш саламыз. Қор жасау мәселесі ерекше маңызға ие болады және бұл бағытта да біз мемлекеттік қаражаттан басқа, сыртқы ресурстарды тарту жөніндегі жұмыстарды, оның ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының Банкаралық бірлестігі аясындағы жұмыстарды жалғастыра береміз. Біз «Внешэкономбанкпен», Қытайдың Даму банкімен және «Эксимбанкімен», басқа да серіктестермен жақсы іскерлік қатынас орнатып отырмыз. Біз коммерциялық заемдарды синдикациялау жөніндегі жұмыстарды да жалғастырамыз. Байланыстырылған займ алу ісі де дамитын болады. Бұл - бүгінде қолжетімділік сақталып отырған ресурстардың бірі. Бізде өтініштер мен сәйкес ұсыныстар пакеті бар. Коммерциялық банктерді қайта қаржыландыру жөніндегі жұмыстарды да жалғастырамыз. Даму банкінің қайта қаржыландыралатын жобаларға қойып отырған негізгі талабы - жобалардың Банктің салалық және инвестициялық басымдықтарына сәйкес келуі. Банктің әлеуметтік-жауапкершілікті инвестициялық саясатында қатаң ұстанып отырғандықтан, алкогольдік өнімдер, темекі өнімдерін, қару-жарақтар, есірткі және жарылғыш заттарды өндірумен айналысатын жобалар қайта қаржыландыруға жатпайды. Ал заем сомасы 5 миллион доллардан кем болмауы, ал жобалар бойынша заем мерзімі - 5 жылдан кем болмауы керек. Қараша айының соңында Қаржыгерлер қауымдастығының қолдауымен біз банктерге тиісті ұсыныстар жасадық. Қазақстанның Даму банкі бүгінде жалпы сомасы 1,2 миллиард АҚШ долларының инвестициялық жобаларын қайта қаржыландыруды мақұлдады, олардағы Банктің қатысу үлесі 800 миллион доллардан астам. Бізде ағымдағы жылда жағдайдың бәрі реттеле қалады деген иллюзия жоқ. Алайда бүгінгі дағдарысты біз даму жолындағы кезекті сынақ ретінде қарастырып отырмыз. Сонымен қатар, бұл өз жұмысымызға жаңаша баға беретін кезең де. Бірақ біз Қазақстан экономикасы осынау кезеңнен шынығып шығатындығына сенеміз. Біздің экономикамыз дағдарыс арқылы да дами бермек. Ол үшін біз қолымыздан келгеннің бәрін жасайтын боламыз.