Дамыған елдерде жемқорлықтың иісін де сезбейсіз - Алик Шпекбаев
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде полиция қызметкерлерінің жалақысы өсіп, әлеуметтік жағдайы жақсарып жатқандықтан, тәртіп сақшылары елге адал қызмет ету тілегінен адаспауы керек. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Полиция қызметкерлерінің айлығы 150 мың теңгеден 320 мың теңгеге дейін өсетіні жақында хабарланды. Максималды 320 мың теңге деген - өте қомақты жалақы. Барлық құрылымдарда да осындай лайықты еңбекақы болуы керек деп есептеймін. Себебі, барлық жемқорлық жағдайының негізгі себебі де осымен тікелей байланысты. Сонымен қатар, тәртіп сақшыларының әлеуметтік мәселелері де шешілетінін атап өту керек. Әлеуметтік пакет кеңейіп келеді. Тұрғын үймен қамту, ипотекалық несиелеу секілді шараларда жеңілдік болады», - деді Алик Шпекбаев ІІМ-де қоғамдық ұйымдардың, ішкі істер органдарының өкілдерімен кездесуде.
Оның айтуынша, жағдай жасалып жатқандықтан, елге адал қызмет ету - полиция қызметкерінің негізгі тілегіне айналуы керек.
«Парадан бас тарту жігері мен елге қызмет ету тілегінен айнымау керек. Ең бастысы, этика мен адалдық, адамдық қалуы тиіс. Дамыған елдердің көбінде қазіргі таңда жемқорлыққа қарсы заң да жоқ. Көбіңіз шетелде болған шығарсыздар. Барлық жерде этиканы ұстанады. Дұрыс түсінулеріңізді сұраймын. Міне, кезең-кезеңімен біз де осы стандарттарға өтуіміз керек. Олар тіпті «жемқорлық» деген сөзді көптің алдында айтуға ұялады. «Ол сөзді бізде айту орынсыз» дегенді де естідік. Ол жақта жемқорлықтың иісін де сезбейсіз. Сол себепті, бүгінгі құжат - алға жылжуда серпін береді деген сенімдемін», - дейді Алик Шпекбаев.
Айта кетсек, бүгін елордада ІІМ мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшылығы азаматтық қоғам және БАҚ өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесуде ішкі істер министрлігінің Жол картасы негізінде қоғамдастық және ведомстволар әзірлеген ішкі істер органдарындағы жемқорлықпен күрестің үшжақты жоспары таныстырылды.
«Реформа бағдарламасын әзірлеуде белсенді түрде атсалысып жүрген азаматтарға ерекше алғысымды айтқым келеді. ІІМ Сіздермен әрдайым бірлесе еңбек етуге дайын. ІІМ тек сынның астында қалатын орган емес, сенімге ие болғанын қалаймыз», - деді ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.