Дән себілген сәттен бастап, өнім дастарханға келгенге дейін цифрлық тіркеуде болады

АСТАНА. KAZINFORM — Бұл фермерлердің жұмысын жеңілдетіп, жануар туралы мәліметтерді нақтылауға мүмкіндік бермек.  Бұл туралы Jibek joly телеарнасының жаңалықтар қызметінде айтты. 

ашм
Коллаж: Kazinform / world-nan.kz / Freepik / Pexels

Ал дәл осындай цифрлық жаңғыру өсімдік шаруашылығында да қолға алынған. Қазір арнайы жүйе жасалып жатыр. Ол арқылы дән себілген сәттен бастап, дайын өнім дастарханға келгенге дейін бүкіл жол цифрлық тіркеуде болады.

- Өсімдік шаруашылығын қадағалау жүйесін әзірлеп жатырмыз. Оның негізгі мақсаты азық-түлік қауіпсізідігін қамтамасыз ету, — дейді Агроөнеркәсіп кешеніндегі экономикалық саясатты талдау орталығының жобалық менеджері Айдар Жақсыбаев.

Бұрын жер инспекторлары алқапты жаяу аралайтын. Ақпараттық жүйелер бір-бірімен байланыспағандықтан, тексеріс ұзаққа созылып кететін. Қазір бұл әдіс өткеннің еншісінде.

Бүгінде 116 миллион гектар жер толықтай спутниктік бақылауға алынған. 2022 жылдан бері 12 миллион гектар пайдаланылмаған жер мемлекетке қайтарылды. Биыл жыл соңына дейін тағы 2 миллион гектар алқап кері қайтарылмақ. Ал жалпы 5 миллион гектар жер жергілікті халықтың қажетіне қайта бөлінген. Енді жер иелері ескерту хабарламасын SMS арқылы алып, барлық мәліметті жеке кабинеттен көре алады.

- Қазіргі таңда министрлік тарапынан көрсетілетін 79 мемлекеттік қызметтің 77-і онлайн қолжетімді. Бұл яғни 97%-ы, — дейді Ауыл шаруашылығы министрлігінің басқарма басшысы Жақсылық Еркінбекұлы.

Айта кету керек, қазір ел аумағында 200-ден астам цифрлық ферма бар. Олар дрондарды, датчиктерді және GPS жүйелерін белсенді пайдаланады. Бұл нақты уақыт режимінде топырақтың, егіс алқаптарының жағдайын бақылауға көмектесіп, егу, ұрықтандыру және суару процесін оңтайландыруға жол ашады.

- Қазір Цифрлық даму министрлігімен фермаларға интернет жеткізу бойынша бірігіп жұмыс жасап жатырмыз, — дейді Ауыл шаруашылығы министрлігінің басқарма басшысы Жақсылық Еркінбекұлы.

Жалпы агросаладағы цифрландыру шығынды қысқартып, өнімділіктің ұлғаюына, қызмет көрсетуді жеделдетіп, ашықтықтың артуына сеп болмақ. Осылайша фермер уақытын үнемдейді, мемлекет бақылауды күшейтеді, ал қоғам азық-түлік қауіпсіздігіне сенім артады.

Айта кетелік Қазақстанда ауыл шаруашылығын цифрландыру қалай жүріп жатқаны туралы жазған едік.

Соңғы жаңалықтар