Даниал Ахметов: Жеңіл атлетикаға ерекше назар аударылуда

Аймақ басшысы спортшыларға гүл шоқтарын табыстап, ел намысын қорғауға бар күш-жігерлерін салғандары үшін алғыс білдірді.
«Осы жолғы әлемдік додада спортшыларымыздың бағы жанбай қалды. Бірақ әлі алда талай байрақты бәсеке бар. 2022 жылы Қазақстанда алғаш рет жеңіл атлетикадан жабық алаңда Азия чемпионаты өтеді. Біз бұл спорт түріне ерекше назар аударып келеміз. Спортшыларымыз жақсы нәтиже көрсете алатынына сенімдімін. Бүгінгі таңда барлық облыста спорттық базалар мен жаттығу алаңдары жеткілікті», - деді Даниал Ахметов.
Оның айтуынша, өткен Олимпиада жаттықтырушылар құрамын дайындауға ерекше назар аудару керектігін көрсетті.
«Бапкерлер үшін спортшыларды дайындаудың үш деңгейлі жүйесін әзірледік. Өйткені ескі әдістер бүгінгі күннің талабына сай келмейді. Бұл тәсілді жаңартып, физикалық дайындық техникасын ғана емес, инновацияларды да қолдану керек. Қазіргі заманның спорт ғылымы бізге жаңа чемпиондарды тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Коронавирус пандемиясы спорт саласына да кері әсерін тигізді. Көптеген жарыстар тоқтатылып, Олимпиада алдындағы дайындықтар аз болды. Стадиондар мен ареналар бос қалды. Бұл спортшылардың дамуын тежеді. Енді алдағы жаттығулар, жаттықтырушылардың белсенді жұмыс істеуі биік тұғырдағы орынға жетелеу керек. Ең бастысы – біздің спортшыларда жеңіске деген құштарлық басым», - деді облыс әкімі.