Данил «molodoy» Голубенко неге ұлттық құрамада жоқ — министр

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан атынан халықаралық киберспорт турнирлеріне қатысып жүрген жас спортшы Данил Голубенко әзірге ұлттық құраманың мүшесі емес. Дегенмен Федерация мен Спортты дамыту дирекциясы оның халықаралық аренадағы өнер көрсетуіне қолдау білдіріп келеді.

Данил «molodoy» Голубенко
Фото: HLTV

Министрдің айтуынша, киберспорт спорт саласындағы жаңа бағыттардың бірі. Сондықтан оны қаржыландыру мен спортшыларды іріктеу кезінде дәстүрлі спорт түрлеріндегі талаптарды бірдей қолдану әзірге мүмкін емес.

— Бұл спорт түрінде нақты критерийлер қоюға болмайды. Киберспорт ол жаңа бағыт, біз әзірге ұлттық чемпионаттарға басымдық беріп отырған жоқпыз. Ол ұлттық құраманың қатарына кірмейді, бірақ еліміздің атынан халықаралық турнирлерге қатысып жүр. Бұл бағытта өзгеше тәсіл қолданылады, — деді ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында журналистердің сұрағына.

Ведомство басшысының сөзінше, киберспортшы клубтық жарыстарға қатысады. Оны халықаралық деңгейде ілгерілету бағытында Киберспорт федерациясы белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Сонымен қатар Спортты дамыту дирекциясы тарапынан да қолдау көрсетіледі.

Министр Қазақстанда киберспортты дамыту мақсатында бірқатар халықаралық іс-шара ұйымдастырылғанын еске салды. Атап айтқанда, елімізде Болашақ ойындары өткізіліп, PGL турнирлері ұйымдастырылып келеді.

Ербол Мырзабосынов алдағы уақытта киберспорт бойынша отандық жарыстар жүйесін қалыптастыру қажеттігін де атап өтті. Оның ішінде балалар, жасөспірімдер және ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаттарын өткізу мәселесі бар.
Министрдің айтуынша, осы жүйе қалыптасқаннан кейін киберспортшыларды ұлттық құрамаға қабылдау талаптарын да қайта қарауға мүмкіндік туады. Болашақта бұл спорт түрі Спортты дамыту дирекциясының талаптарына сәйкес келіп, ұлттық құрама спортшыларына арналған критерийлерге енгізілуі мүмкін.

Айта кетейік, қазақстандық киберспортшы кезекті мәрте халықарылық турнирде топ жарған еді.