Дания 2026 жылдан бастап қағаз хат тасуды толығымен тоқтатады
АСТАНА. KAZINFORM — Даниядағы соңғы қағаз хат желтоқсан айының соңында аяғында жеткізіледі. Жаңа жылдан бастап пошта жәшіктері бөлшектеледі, деп хабарлайды DW.
Елде 2000 жылдан бері пошта жөнелтілімдерінің көлемі 90% қысқарды. Данияның NordPost пошта қызметі барлық отандық бәсекелестен озу үшін ең алдымен сәлемдемелерді жөнелтуге көңіл бөлуді көздеп отыр. Қажет болса, қағаз хаттарды немесе ашық хаттарды жіберуге болады, бірақ бұл басқа компаниялар арқылы жүзеге асады деп жоспарланған.
Дания мұндай саясатты қабылдаған бірінші еуропалық мемлекет. Қазір Германияда да пошта тасымалының азайғаны байқалды. Бірақ пошта дәуірі толығымен аяқталған жоқ. Елде 2019 жылы 13,6 миллиард хат жіберілген, 2023 жылы көрсеткіш 10,3 миллиардқа дейін төмендеді. Бұл жан басына шаққанда жылына шамамен 123 хатты құрайды. Германияда хат алмасудың 95 пайызы компаниялар мен мемлекеттік мекемелерден келеді.
— Көлемнің азаюына қарамастан, хаттар Германия үшін маңызды болып қала береді және біз көптеген жылдар бойы хаттарды өңдеуді және жеткізуді жалғастырамыз деген ойдамыз, — деді Deutsche Post DHL неміс пошта концернінің өкілі Александер Эденхофер.
Оның айтуынша, Даниядағы жағдай пошта бизнесі алдында тұрған қиындықты көрсетеді.
— Цифрландыру ілгерілеуде және Еуропадағы хаттардың көлемі тез азайып келеді. Бұл барлық еуропалық пошта қызметтерін жеткізушілерге қысым көрсетіп жатыр, — деді Эденхофер.
Айта кетейік, елімізде курьерлік қызмет бір жылда 3,3%, ал сәлемдеме жіберу 17,7% қымбаттаған.