«Дания демеген жоба немесе қалпына келе бастаған Арал теңізі» - өңірлік баспасөзге шолу

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінде және өңірдегі бірқатар басылымда тамыз айының бірінші жартысында жарияланған өзекті мақалаларға арналған шолуды ұсынады.
None
None

Аймақтағы басылымның тамыз айының бірінші жартысында қамтыған мақалалар тақырыбы да сан алуан болып келеді. «Дания демеген жоба» аттымақалада журналист қалпына келе бастаған Арал теңізінің бүгінгі тыныс-тіршілігі Дания елінен бөлінген қаржының теңіз тағдырына оң ықпалы жайлы баяндайды.

...Көк теңізіміздің кемерінен асып, күндіз-түні кеме қатынап тұрған кезеңді үлкендеріміз әлі күнге ертегідей айтады. Құдды құдайдың құдіретімен күні кеше Аралымыз айбынды портты қалаға айналып, бүгін жағасында қайық қайырлап қалғандай. Уақыт озды, ұрпақ алмасты. Бүгінгі ұрпақ сол баяғы ертегінің жалғасына куә болуда. Кеткен теңіз келді, ел еңсесі тіктелді.

Тарамдалған тарихтың әр парағында қаншама сыр болса, теңіздің әр толқынында өткен күннен із жатыр. 1996 жылы «Каттегаттан Арал теңізіне дейін» атты халықаралық дат-қазақ біріккен жобасы басталды. Нәтижесінде мұхиттың ащы суын мекендейтін камбала балығы Арал теңізіне жіберіліп, аралдық балықшылар судағы бейтаныс тіршілік иесін аулай бастады. Әрине, бұрын бекіре мен сазан сүзіп үйренген аралдық балықшылар бұл балықты аулаудың қыр-сырын жетік білмеді. Содан соң, даниялық әріптестері көмек қолын созып, қажетті ау-құралдармен қамтамасыз етті. Айталық, Дания елінен осы мақсатта Арал балықшыларына 1 млн АҚШ долларына жуық қаржы аударылды. Бұл Арал теңізін құтқару жолындағы алғашқы қадамдардың бірі еді.

Биыл 1996 жылы «Каттегаттан Арал теңізіне дейін» атты халықаралық дат-қазақ біріккен жобасына 20 жыл толып отыр. Осы мерекелік датаға орай аталған жобаның жетекшісі Курт Бертелсен-Кристенсен бастаған даниялық делегация Сыр еліне сапарлап келді. Кеше мәртебелі меймандарды облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қабылдап, сұхбаттасты, құрмет көрсетті. Қонақтар қатарында делегация мүшесі Хенрик Дж.Бьерре, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің қызметкері, ғалым-биологМахамбет Таиров, «Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айна Баймахановалар болды.

- Арал теңізі бірде-бір тіршілік иесі мекендемей, өлі теңізге айналудың алдында тұрғанда Даниядан камбала балығы әкелініп теңізге жіберілді. Бұл балық тіршіліктің тамырына қан жүгіртті, болашаққа деген сенімнің шоғын үрледі, - деді облыс әкімі даниялық қонақтармен кездесуінде. - Елбасымыз Арал теңізін құтқару үшін проблемаға әлем назарын аудартып, БҰҰ-ның мінберінде сөз сөйледі. Сол қиын кезеңдерде қолдау білдірген Сіздерге алғысымыз шексіз. Менің білетінім, сол уақытта Нұрсұлтан Әбішұлының алдына екі шешім жобасы әкелінді. Екінші - Арал өңірі тұрғындарын басқа аймаққа көшіру. Бірақ, Арал теңізінің проблемасы Мемлекет басшысының бастамасымен басқаша шешілді. Бүгінде Солтүстік Арал теңізін құтқару жобасының бірінші кезеңі бітіп, теңіз жағалай қонған балықшыларымыз атакәсібімен қайта қауышты. Қазіргі таңда екінші кезеңді бастау жоспарлануда. 6 бөліктен тұратын жобаның 4-іне қаржы ел бюджетінен, қалған 2-іне Дүниежүзілік банктен бөлінеді деп күтіліп отыр.

Облыс әкімі, сондай-ақ, Иордания мен Израиль мемлекеті ортасындағы өлі теңіздің кейпіне Арал теңізі де ену алдында қалғанын, оған жол бермеу үшін даниялықтар жасаған қамқорлықтың ерекше екендігін жеткізді. Бүгінгі ұрпақ бұл еңбекті қалай бағаласа, келешек ұрпақ та әрдайым құрметтеуді парыз санайтынын айтты.

- Біз Данияда өздеріңіздей бауырымыз бар деп есептейміз. Екі ел арасында қаншама мың шақырым болса да, бір-бірімізбен табыстық. Сыр елінде жыл сайын балықшылар слеті өтеді, келер жылғы шарамыздың құрметті қонағы болыңыздар, - деп аймақ басшысы қонақтарға естелік сыйлық табыс етті.

Өз кезегінде Курт Бертелсен-Кристенсен:

- Біріншіден, осындай үлкен, жоғары талғаммен салынған әкімдік ғимаратында қарсы алып, көрсетіп жатқан құрметтеріңізге көптен-көп рахмет. Әрине, біз камбала балығын Арал теңізіне әкелген уақыт өте қиын кезең еді. Сәтін салып, еңбегіміз еш кетпеді. Камбала Арал халқының өміріне өзгеріс әкелді. Қазір жағдай басқаша. Мен Қаратерең, Ақбасты ауылдарын білемін, ауыл тұрғындары ешқайда кетпеген. Ауланатын балықтың түрі көбейіп, өмірлері жақсарған, жасарған. Әрине, біз әкелген камбала тұщы суда өмір сүре алмайтын болғандықтан, оның тұқымы азаяды. Десе де, өз басым 65 жасыма шейін қаншама балықшылармен жұмыс істедім, солардың ішінде Аралдың азаматтарының қайсарлығына, жігерлілігіне ерекше тәнті болдым. Алдағы уақытта да ел үшін бірге қызмет ете береміз деген сенімдемін, - деп ризашылығын жеткізді.

Бұл күндері елімізде мемлекеттік бағдарлама аясында құрылыс қарқыны жақсы жүріп жатыр. Тілшінің «Нұрлы жол» - аймақ ажары мақаласында облыс әкімімен нысандарды аралай жүріп бағдарламаның орындалу барысына талдау жасаған.

...Сейсенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қызылорда қаласындағы бірқатар құрылыс нысандарын аралады және «Нұрлы жол» бағдарламасының жұмыстарымен танысты.

Аймақ басшысы алдымен ұзындығы 6 шақырымнан асатын Сұлтан Бейбарыс көшесінен бастау алатын «Қызылорда-Жалағаш» трассасына дейінгі магистральді көше құрылысымен танысты. Жол құрылысына облыстық бюджеттен 1 млрд 933 млн теңге бөлінген. Қазіргі таңда мердігер мекеме - «Автомобиль жолдары басқармасы» серіктестігі сол қаражаттың 80 пайызын игерген. Құрылысты қазан айында аяқтамақ.

Айта кетейік, ені 9 метр болатын жаңа жолда автокөліктерге арналған 2 жолақты және жаяу жүргіншілер жолы мен велотрек болады. Жол бойында 6 аялдама салынады. Сонымен қатар, жағалау толықтай абаттандырылып, жарықтандырылады.

Жаңа жол қаладағы көп мәселені шешуге мүмкіндік береді. Бұл жол бөгеттің де қызметін атқарады. Аудандардан келген автокөліктер айналма жол арқылы қалаға кірмей, әуежайға немесе «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне шыға алады. Яғни, қаладағы көлік кептелісі де азаяды. Ең бастысы, жаңа жол сол жағалаумен байланыстыратын көпірге апарады. Тұрғындар демалып, велоспортпен шұғылдануға да ыңғайлы жер болады.

Бұдан кейін облыс әкімі «Арай-3» шағын ауданында салынып жатқан тұрғын үй құрылысын көрді. Жаңа шағын ауданда «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» шеңберінде 20 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Тек биылдың өзінде облыс орталығында 80 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары негізінен жыл аяғына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар, аймақ басшысы «Сәулет» шағын ауданына да барды. Мұнда «Бәйтерек девелопмент» АҚ арқылы 50 пәтерлік 7 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Әр тұрғын үйде 40 екі бөлмелі, 10 үш бөлмелі пәтер бар. Құрылысы аяқталуға жақын. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бой түзеп жатқан бұл үйлерге 2 млрд 940 млн теңге қарастырылған. Бұрын осы аумақта ретсіз орналасқан екі жүзге жуық автожайлар тұрған болатын. Олардың құжаттары рәсімделмеген, ретсіз және қараусыз қалған-ды. Облыс әкімінің тапсырмасына әрі халықтың сұранысына сәйкес, автожайлардың орнына баспана салу туралы шешім шығарылды. Әрине, бастапқыда автожай егелері тарапынан түсініспеушіліктер болыпты. Бірақ бүгінде бой түзеген зәулім үйлерді, көрікті шағын ауданды көргенде қабылданған шешімнің дұрыс екендігіне көздері жеткен.

Облыс әкімі жақында ғана ел игілігіне берілген «Бәйтерек» шағын ауданында да болды. Естеріңізде болса, 4 шілде күні 6600 азаматқа жер телімі табысталған еді. Бұл біздің өңір үшін тарихи оқиға һәм қуанышты сәт болды. Себебі, қажетті инфрақұрылымның болмауына байланысты 2004 жылдан бері облыс орталығында ешқандай жер телімі берілмеген. Қазіргі таңда аумағы 980 гектар болатын шағын ауданға инфрақұрылым желілерін жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Қаражаты да дайын. Жыл аяғына дейін инженерлік инфрақұрылымға бөлінген 9,5 млрд теңге игерілетін болады. Жеке тұрғын үй құрылысын бастаған қала тұрғындарын мемлекет есебінен су, электр, газбен қамту нысандары мен жолдар салынады. Яғни, жаңа қоныста желтоқсан айына дейін 75 шақырым жол төселеді, 353 шақырым су жүйесі, 112 шақырым газ құбыры, 152 шақырым электр желілері тартылады. Сондай-ақ, мектеп, балабақша, емдеу мекемелері сияқты әлеуметтік нысандарды жоспарлау жұмыстары басталды. Айта кеткен жөн, республика бойынша мұндай ірі көлемде толық инженерлік-инфрақұрылымымен тұрғын үй үшін жер телімдерін табыстап отырған бірден-бір аймақ - Қызылорда облысы. Келешекте «Бәйтеректе» 36 мыңнан астам қызылордалық тұратын болады. Бұл жаңа шағын ауданда Тасбөгет кентінің халқымен пара-пар ел тұрады деген сөз.

Бұдан бөлек, облыс орталығына Шиелі мен Сырдария аудандары арқылы кіретін жолдың бойынан қақпа салынып жатыр. Құны 120 млн теңге болатын нысандардың құрылысын «УАД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Кіреберіс қақпалары жүк көлігі мен автобустардың жүруіне ыңғайластырылған. Мердігер мекеме жұмысты келесі айда аяқтамақ.

Сонымен қатар, облыс әкімі қайта жаңғыртудан өткен Шымбай көшесін аралап көрді. Соңғы 3 жылда қаланың жол құрылысын дамытуға 15 млрд теңгеден астам қаржы тартылды. Бұл қаражатқа 300 шақырымды құрайтын жолдар орташа, күрделі жөндеуден және қайта жаңғыртудан өтті.

Биылдың өзінде облыс орталығында ұзын­дығы 22 шақырым болатын 16 көшеге орташа, 24,5 шақырым болатын 80 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, 1,1 шақырымдық Шымбай және 1,5 шақырым болатын Сүлейменов көшелері жөнделуде.

Облыс әкімі қайта жаңғыртылып жатқан «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалының ғимаратын көріп, құрылысшылардың жұмысына сәттілік тіледі.

Қала нысандарын аралау барысында аймақ басшысы тиісті мемлекеттік органдар мен құрылыс компания басшыларына бірқатар тапсырмалар берді. Ең бастысы, жолдар мен ғимараттардың құрылысы қызылордалықтар алаңдамайтындай сапалы салынуы тиіс.

Қызылорда қаласында қоғамдық көліктер проблемасы толықтай шешімін таба қойған жоқ. Қаланың жыл өткен сайын кеңеюі жаңа автобустарға сұранысты арттырып отыр. «40 автобус қатарға қосылды» атты мақалада журналист жағымды жаңалықты жеткізе отырып, қоғамдық көлік мәселелерінің шешілу жолдарына өзіндік талдау жасап, алдағы уақытта орын алуға тиісті жетістіктерге тоқталған.

...Қызылордадағы қоғамдық көліктер қатары жаңа 40 автобуспен толықты. Көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңындағы жаңалық қызылордалықтар үшін ерекше сый болды. Салтанатқа облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, құттықтау сөзін арнады.

- Көптеген жылдар бойы халықты әбігерге салған осы қоғамдық көлік мәселесін шешу мақсатында біз 2014 жылы «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы жанынан «Қызылорда Автобус паркін» құрып, Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп жұмыс жасадық. Соның нәтижесінде банкпен 21 млн АҚШ долларына несие берілді. Бүгін қызылордалықтар үшін айрықша күн, салтанатты сәт! Қала халқының көптен күткен қуанышы орындалып, су жаңа үлкен сыйымдылықтағы заманауи автобустар ел игілігіне пайдалануға беріліп отыр, - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Қызылорда қаласында құрылысы жүргізіліп жатқан автобус паркіне тоқталып, қала көркіне көрік берер нысандар жайын сөз етті. Тұрғын үйлер жайы мен көпір құрылысына, дарияның арғы бетінен бой көтерер жаңа қаланың болашағын тілге тиек етті. Барша қызылордалықтарды ел дамуы жолында аянбай еңбек етуге шақырған әкім әлемдік қаржылық дағдарыс бүйірден қысқан тұста еліміздің еңсе түсірмей, болашаққа нық сеніммен қадам басуын Елбасымыздың сарабдал саясатының жемісі екендігін айрықша атап өтті.

Мұнан соң, Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстан бойынша директоры Джанет Хэкман сөз сөйледі. Ол Сыр елі жұртшылығын қуанышымен құттықтап, жаңа автобус кілтін жүргізушілерге салтанатты түрде табыс етті.

Автобустар жайына тоқталсақ, экологиялық таза газбен жүретін үлкен сыйымдылықтағы автобустар Еуропалық қайта құру және даму банкімен жасалған келісім арқылы алынып отыр. Былтыр жеткізілген 30 автобус №1 және 18 бағыт бойынша қала тұрғындарына қызмет көрсетіп келеді. Ал 40 автобус №14, 17, 18 бағытта жолаушылар тасымалдамақ. Қыркүйек айында тағы 42 автобус әкелінеді деп жоспарлануда.

Аталған көліктердің барлығы көгілдір отынмен жүреді, GPS, бейнебақылау камералары мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін мініп-түсуге арналған аппарельмен жабдықталған. 78 жолаушыға дейін тасымалдауға қауқарлы. Су жаңа автобустарды тізгіндеуші жүргізушілер де, кондукторлар да арнайы дайындықтан өткен. Тағы қуантатын жайт, жаңа автобустардың іске қосылуымен бірге 160 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Автобустар ауыстыратын өзге қоғамдық көліктер қайтпек? Олар басқа маршруттарды толықтырады, яғни, ешкім жұмыстан шығарылмайды.

Өздеріңізге мәлім, бүгінгі таңда Қызылорда қаласында сыйымдылығы 200 автобусқа арналған автобус паркінің құрылысы жүргізілуде. Паркте көлік жөндеу, жуу цехы мен GPS арқылы барлық автобустардың бағытын бақылап отыратын орталықтар орналасады. Яғни, Қызылордадағы қоғамдық көлік қызметінің заманауи үлгіде қызмет етіп, ел сенімін еселей түсер күні жақын.

«Күріш экспортынан көшбасшы ел тәжірибесімен бөліспек» атты мақалада тілші Вьетнам елшісінің Сыр өңіріндегі сапары жайлы айтады.

...Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Вьетнам Социалистік Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Доан Тхи Суан Хйен ханымды қабылдады. Кездесуден кейін елші журналистерге сұхбат берді.

Мәртебелі мейман журналистерге берген сұхбатында Сыр өңірі жақсы әсер қалдырғанын айтып берді. Бұл мекенге Жаратушы Иеміздің айрықша ықыласы ауған деп айтуға болады деген пікірін білдірді.

Елші ханым облыс басшысымен кездесу барысында аймақта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде хабардар болып, 2025 жылға дейін жүзеге асырылуы тиіс басты жобалар туралы ақпарат алғанын жеткізді. Ол облыс экономикасы мен қоғамдық өмірі белсенді дамып келе жатқаны айқын көрініп тұр деді.

Вьетнамдық қонақ әкіммен кездесуде барлық салаға қатысты әңгіме болғанын жеткізді. Оның ішінде мұнай өндіру және мұнай кеніштерін барлау жайы да сөз болған. Вьетнам Республикасының көпшілік қолданылатын тұтыну тауарлар өндірісімен аты шыққаны белгілі. Сондықтан, оның көптеген түрлерін жеткізу мүмкін екендігі айтылды.Сондай-ақ, Қазақстан тауарларын экспорттау, оның ішінде ет және ет өнімдерін шығару жайы да айтылған.

- Жалпы елшілердің дипломатикалық қызметіндегі басты міндеттерінің бірі екі ел арасындағы тиімді экономикалық ынтымақтастыққа жол ашу болып табылады. Ол үшін бизнесмендердің байланысын орнату қажет. Сондықтан да алдағы уақытта Вьетнам және Қазақстан кәсіпкерлерінің басын қосу мақсатында Астанада бизнес-форум ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл форумға Қызылорда облысының кәсіпкерлері де көптеп қатысады деген сенімдеміз, - деді елші сөзінің соңында.

 Вьетнам Социалистік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Доан Тхи Суан Хйен Сыр еліне сапары аясында «Жан Арай Жем» серіктестігінің жұмысымен танысты.

Сырдағы серпінді жобалар қатарындағы кәсіпорынның бүгінде жұмысы қызу. Тәулігіне 80 тонна құрама жем өндіреді және күріш ақтау зауыты 150 тонна күріш салысын өңдейді. 250-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорында шикізат және дайын өнімдер сақтайтын қоймалар, автотаразы мен зертхана, қалталау цехы, ұн тарту диірмені мен макарон шығару өндірістері бар. Аталған өндірістерден шығатын дәнді дақыл қалдықтарын құрама жем шығаруға пайдаланады. Сондай-ақ, аталған ұжым үйрек-қаз өсіруді қолға алған. Жуырда құстардың 10 мыңы көлге жіберіліпті. 10 гектар аумаққа орналасқан агрокешен әзірге 6 гектарын толық игерген, алдағы уақытта басқа да тың жобаларды жүзеге асыру жоспарда бар.

Вьетнамдық елші агрокешеннің жұмысымен танысу барысында облыстың ауыл шаруашылығы саласының дамуына жоғары баға берді. Алдағы уақытта екі ел шаруаларының тәжірибе алмасып, іскерлік қарым-қатынастың дамуына екі жақ та мүдделі екендігін жеткізді.

Мұнан кейін Доан Тхи Суан Хйен облыстағы кәсіпкерлік палатасында болып, бизнес қауымдастық өкілдерімен жүздесті.

Кездесуде палата директоры Ғалымбек Жақсылықов өңірдегі кәсіпкерлердің құқығын қорғау, әкімшілік кедергілерді төмендету, бизнес кеңес беру бағытында атқарылып жатқан шараларды сөз етті. Сондай-ақ, «Атамекен» ҰҚП әзірлеген Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасын таныстырды. Карта - өзінше бір сайт іспеттес. Оған кез келген кәсіпкер кіріп, көкейінде жүрген барлық сауалдарға жауап ала алады. Яғни, бұл еліміздің кез келген аймағындағы кәсіпкерліктің даму деңгейін бақылап отырумен қатар, инвестицияға мұқтаж саланы да анықтауға мүмкіндік береді. Еліміздің 14 облысы мен республикалық маңыздағы 2 қаланы қамтитын Қазақстанның бизнес-картасынан бір өңірді таңдап, оның табиғи ресурстарымен, пайдалы қазбаларымен, өндіріс ошақтарымен, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен танысуға болады. Карта Сыр өңірінің мүмкіндіктерін саралап жатқан вьетнамдық әріптестер үшін де жол нұсқаушы болмақ.

Ал Вьетнам елшісі Доан Тхи Суан Хйен Қазақстанмен, соның ішінде Қызылорда облысымен ынтымақтастық қарым-қатынасты арттыруға және сауда-экономикалық байланысты нығайтуға ниетті екенін жеткізді. Оның айтуынша, өңірімізде инвестиция үшін қолайлы жағдай қалыптасқан. Әсіресе, ауыл шаруашылығындағы жетістіктерді оң бағалады. Күріш өнімін экспорттаудан әлем бойынша көш бастайтын мемлекет өкілдері Сыр маржанын сыртқы нарыққа шығарып қана қоймай, вьетнамдық күріш өсірудің тың тәсілдері бойынша тәжірибе алмасқысы келеді.

Бұған дейін Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыс­тарында жұмыс сапарымен болған елші жоспарлаған жобаларының басым бөлігін біздің облыста жүзеге асырғысы келетінін жасырмады. Атап айтсақ, Вьетнам тарапы мұнай-газ саласына инвестиция салуға мүдделілік танытып отыр. Аяқ киім шығаратын фабриканы іске қосуды жоспарлауда. Сондай-ақ, Қызылорда қаласында сауда үйін ашпақ.

15 жылдан астам уақыт бойы Вьетнам елімен әріптестік орнатып келе жатқан «Source Invest Company» серіктестігінің құрылтайшысы Оралбек Қожамжарұлы: «Қыркүйек айында Астанада Вьетнамның ірі компаниялары өкілдерінің қатысуымен бизнес-форум өткізіледі. Сонда қызылордалық кәсіпкерлер өз өнімдері мен мүмкіндіктерін көрсетіп, нақты келісімге келе алады. Ал бұл кездесулер мен келіссөздер соған алтын көпір болмақ», - деді.

Өз елінің ауа райы Сыр өңірімен ұқсас келетінін айтқан елші Доан Тхи Суан Хйен алдағы уақытта Вьетнамға біздің кәсіпкерлерді шақырды.

Жалағаш аудандық газеті «Жалағаш жаршысы» газетінде жарияланған «Жастар саясаты қызметтік өсу баспалдағына айналмауы тиіс» атты мақалада тілші белгілі ақын Мұхтар Ниязовтан сұхбат алған. Онда бүгінгі қоғам өмірінің сан-салалы жақтар, оның ішінде жастар өмірі мен олардың қоғам алдындағы жауапкершілігі сөз болады.

...Туған жердің перзенті, Ақарықтың қыраны, ақын Мұхтар Ниязовтың ұлттық өнердің бастауында жүргеніне де тура 10 жыл толыпты. Алғаш рет 2005 жылы Қызылорда қаласында өткен Республикалық «Елбасы Жолдауы - Елдіктің арқауы» атты ақындар айтысында І орынды қанжығасына байлаған ақын талай додада топ жарды. Ол қазақтың ұлттық өнерінің тарихында алғаш рет «Алтын домбыраны» иеленді. От ауызды, орақ тілді ақынның әрбір жетістігі мен жеңісі өскелең ұрпаққа өнеге болары сөзсіз. Қоғамда өзінің жалынды жырларымен, талай қоғамдық мәселелерге қалам тербеп жүрген «Ақ сөйле» ақындар бірлестігінің төрағасы Мұхтар Ниязовпен әңгімелесудің сәті түсті.

-Мұхтар аға, айтыс өнерінде жүргеніңізге 10 жылдан аса уақыт өтіпті. Осы ұлттық өнерге тәрбиелеп, алғаш рет сахнаға шығуға өз септігін тигізген өнердегі ұстаздарыңыз жайлы айтып өтсеңіз?!

-Иә, осы киелі сахнада жүргенімізге де 10 жылға жуықтапты. Мені алғаш рет ауданымызда оқушылар айтысына жетелеген Қаншагүл Мұстафаева апайымыздың еңбегін ерекше айта аламын. Ол кезде Қаншагүл Шоңмұрынқызы аудандық оқушылар үйінің директоры қызметін атқаратын еді. Ай сайын қызу қайнаған мәдени іс-шараларға шақырып, одан бертін келе облыстық айтысқа баруыма да сол кісінің ықпалы зор болды. Өзі тіл маманы болмаса да, ұлттық өнерге деген жанашырлығы басым еді. Кейін Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің филология факультетіне оқуға түскен соң, ақын әрі жырау Айбек Тәңірбергеновтен көп тәлім алдым. Алдыңғы толқын ағаларымыз Дүйсенбек Аяшұлы, Серік Ыдырысов, Айдос Рахметов, Мамыр Дәулетов сынды ақындардың өмір мектебінен өттік. Ал республикалық додаларда маған жол сілтеген Жүрсін Ерманның берген тәлімі мол.

-Сөз өнерін зерделеуде 10 жылдың өзіндік салмағы бар. Сіз қатысқан әуелгі айтыстан кейінгі айтыстардың айырмашылығы қандай?

-Біз ертеректе қатысып, көріп жүрген айтыста таза су- ырып салмалық қасиет менмұндалап тұратын. Сол кезеңде алдыңғы толқын ағаларымыздың ақындықпен қатар, табиғи суырыпсалма шеберлігі мықты еді. Айтыс өнері қазіргі уақытта қарыштап дамып келеді. Тіпті көркемдік, тілдік- стильдік жағынан жазба поэзиясының өзін он орап алатұғын күші бар. Бірақ, бұл айтыс өнерінің табиғатынан ажырауы- на әкеліп соғады. Кейін ұлттық сөз өнерінің бастауы жасан- ды өнерге айналып кетпесе деген ой келеді. Бүгінде өзіміз қатарлы жас ақындар көп жағдайда жыршылық, толғау нұсқасына ойысып бара жатқандай. Қазіргі таңда айтыс өнері қоғамдық мәнге ие, саяси мінберге айналып кетпесе екен дейміз. Сол үшін елдікті, ұлттық құндылықтарды, кешегі ел үшін жанын пида еткен арыстарымыздың өмір жолын насихаттау секілді мәселелерді алдыңғы қатарға қоюдамыз. Алайда айтыс көбіне диалог ретінде өрбісе құба-құп болар еді. Сәйкесінше, қарымта жауабы да диалогпен қайтарылуы тиіс.

-Бүгінгі айтыс шоуға айналып бара жатқан жоқ па?!

-Айтыстың негізгі бағытының өзі - шоу. Поэзиядан айтыстың айырмашылығының өзі ұлттық нақыштағы - шоу нұсқасында болуы. Кешегі Шашубайдың құйрығымен жорғалауы немесе тақияны төбесіне айналдырып шығуы, кешегі Тайжандардың аттың үстіне мініп, секіріп түсуінің өзі шоу емей немене?!

Осы Сыр бойындағы Күндебай Алдоңғаров, Манап Көкенов сынды ақындардың бір өзі бір театр болған. Ал театр дегеніміз бір адамның бойында бірнеше өнердің ұштасуы болса, шоудың өзі көрермендерді айтысқа шақырудың бір тетігі болып саналады. Кейбір танымал телеарналар айтыстан шоу жасап, оған эстрада жұлдыздарын араластырып жатыр.

-Қазіргі айтыста әуенге басым бағыт беру сипат беріп жүр. Ол сөз қадірін түсіріп жібермей ме?

-Мұхтар Әуезов өз сөзінде: «Айтыс - дегеніміз ол сөз барымтасы» деп баға берген. Барымтаға қарымта деген және бар. Сөз барымтасы дегеніміз - ой мен сөзге шабуыл жасаушы, яғни табан астындағы оқиғаларды сиғыза отырып, үлкен дайындықпен өткізетін сөз қақтығысы. Кей айтыстарда «Әңгімесі ауылдың, Елбасының Жолдауы», «Ағайынның бауырдың керек қолдауы» деген секілді өлеңнің ұтымды тұстары болмаса, бет алды әндете берудің өзі әбестік. Бұл ұлттық өнер болғандықтан, оның басты құндылығын сақтауымыз тиіс. Негізгі басымдылықты сөзге мән берілуі керек. Әйтпесе, 1997-2000 жылдары айтыстың соңы әнмен аяқталып жатқанын көрген емеспіз. Барлық басымдықты, күшті сөзге беру айтыстың салмағын көрсетеді.

-Ауданымызда өзіңізден кейінгі айтыскер ақындарды көре алмай жүрміз, неге?

- «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шығады» демекші, алдыңғы толқын аға-апаларымыз бен клуб меңгерушілері үйретпесе, өнерге ете- не араласып кете аламын деп айта алмас едім. Қазақ балаларында ұяңдық басым. Сенімсіздік жүрекке ұялап алған. Кешегі Мысық би мекен өткен, Е.Әбдіхалықова, М.Аяпов, Ж.Сарбалаев, Ә.Жүргенбаев, А.Рахметов сынды ақиық ақындар шыққан өңірден осы күнге дейін бір айтыс ақынын тәрбиелеп шығаруға болмас па еді. Бұл мәдениет және білім бөлімдерінің жұмысына сын екендігі көрініп тұр. Бұрындары сол алақандай ғана ауданда мәдени іс-шаралар қызу қайнап, оқушылар айтыстары мен жастардың мәдени ағарту шаралары толассыз өтіп жататын. Ол үшін жас дарындармен жұмыс жасайтын орталықтар ашылса деген ойымыз бар. Егер арнайы мәдениет бөлімі тарапынан айтыс үйірмелеріне жетекшілік жұмыс қарастырылса, аптасына 2-3 рет барып, балалардың шығармашылығына жұмыс жасар едік. Бірақ, сол ұлттық өнерге қолдаудың жоқтың қасы болып тұр. Егер басшылық тарапынан ұлттық өнерге бетбұрыс жасалса, біздің туған елге барып қызмет етуге шамамыз жеткілікті. Әйтпесе жастарда талпыныс бар. Жалпы кейінгі жылдары мәдениет саласы мен мешіттің жағдайы қолдауды қажет етеді.

-Бүгінгі жастарға деген көзқарасыңыз қандай?

-Осыдан мың жыл бұрынғы Күлтегіннің жазбаларында да «Жастар бұзылып барады» деген пікірге саятын ойлар кездескен. Үлкендердің ақылының толысқан кездегі өзінен кейінгілерге сын көзбен қарауы бұл табиғи құбылыс болып табылады. Қазіргі жастарда ғылымға, инновацияға, білім мен жаңашылдыққа деген талпыныс бар. Сол көңілге қуаныш ұялатады. Тек бай-бағланның баласы өмір бойы қымбат көлікпен мектепке барып, кейін мемлекеттік қызметке орналасуынан қорқуға болады. Себебі, олар мұқтаждықты көрмеген. Аштықты сезінбеген, көрмеген жас әрі албырт қызметкердің халықтың мұңын түсінеді деп айта алмаймын. Жалпы, «Мен жастарға сенемін» деп Мағжан ақын сенім артқанда, жастардың болашағына біз қалай күмән келтіре аламыз. Үнемі жас буынның келешегіне сенімсіздікпен қарап, олар жасқаншақ болмай ма! Біз жастарымызды бала кезінен хандай сыйлап, ойын ашық айта алатын азамат етіп тәрбиелеуіміз керек.

-Сіз патриот деген ұғымды қалай түсінесіз?

-Мен «Қазіргі жастар патриот па, әлде пысық па?» деген тақырыпта ой білдірген болатынмын. Жастар саясаты мен мәселелерін өзінің көтерілу баспалдағына пайдаланған азаматты патриот деп айта алмаймыз. Қайта еліне, туған өлкесіне адал қызмет етіп, ешкімнің ала жібін аттамаса, жамандыққа бармаса соның өзі - патриоттық емес ме?! Патриот - ол еліне де, өзіне де болсын деген азамат. Кей патриоттық форумдарға барсаң, сахнаның артқы жағында темекінің тұқылы, судың бос ыдыстары шашылып жатады. Сол олқылықты жіберетіндер форумға қатысушы «патриотты жастар». Қазақта «Жаман қойшы жайлауын бір күнде жейді» деген аталы сөз бар. Жалаң ұран, жадағай сөз жастардың патриоттық сезімін көтере алмайды. Қажет жерінде Елбасына да, елге де құрмет көрсетуге болады, бірақ шегінен шығып кетпеуі тиіс. Жалғандықтың түбі - жалған. Отанды сүю - иманнан деген сөз бар. Жастардың патриоттығын көтеруде жаңа бір реформа керек. Бір ғана Ғ.Мұратбаевтың өмір жолы жастарға қаншама үлгі емес пе?!

-Сіз үшін әлеуметтік желінің маңызы қандай?

-Мен әлбетте елдің пікірімен санасамын. Алғашында Туиттер желісін пайдалансам, бүгінде Фейсбук, Инстаграмм желілерін жиі пайдаланамын. Біз бүгінгі жағдайда халықты бастап шығатын серкелерге мұқтажбыз. Айтыста да халықтың деңгейінде сөйлейтін ақындар бар және халықтан жоғары сөйлейтін азаматтар кездесіп жатады. Әркімнің өз пікірі бар. Көбіне әлеуметтік желіні қолданушылар жауапкершілікті сезіне бермейді. Халықтың тым саясатқа бет бұруы қауіп туғызады. Біле білсеңіз, өзге елдердегі талай бүліктер мен қырғындарды осы әлеуметтік желі арқылы ұйымдастырған. Елімізде бірлік пен береке болғанға не жетсін!

Арал аудандық «Толқын» газетінде «Ара баққан азамат немесе аралдық омарташы» атты мақалада журналист Сыр өңіріне онша бір тән бола қоймаған кәсіп иесінің өмірін мақалаға арқау еткен.

...Әр жұмыстың өз қиындығы болады. Малшы төлін, егінші өнімін, кәсіпкер пайдасын күтеді. Ал, омарташы ше? Сөзіміздің әлқиассасын сауалмен бастауымыздың себебі, бұл іс біздерге таңсық. Әрісін қайдам, тәуелсіз ел атанған 25 жылда ара бағып, бал жинағандарды байқамаппыз... Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің бас маманы Әділжан Сейітов қызметтік телефонға қоңырау шалды. Үнінен қуаныштың лебі еседі: -Ау, тілші жолдастар, жерлесіміз бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында қайтарымсыз грантты жеңіп алды ғой,-деп, сүйінші сұрады. Ауылдастың тайы озса, үйде отырып тақым қысатын қазақ емеспіз бе? Жағымды жаңалықтың айтуға тұрарлық екенін жеткізіп, қандай жоба екенін білуге асықтық. -Ара өсіргісі келеді. Аты-жөні-Нұрбек Сексенбаев. Бизнестің жол картасы негізінде 1 миллион теңге қаржы алып, Ақбай ауылы маңында іске кірісуде,-деді ар жақтағы дауыс. Сонымен, тосын тақырыпта қаузау мақсатында, Арал-Қазалы бағытындағы автобусқа мініп, «Шәкен» деген жазуы бар тұстан түстік. Алдын-ала уәде еткеніміздей, Нұрбек Сексенбаев күтіп тұр екен. Шақырымдай жаяулаттық. Әңгіме ауаны да ара қақында өрбіді. Тың іс біздерге таңсық. «Шолақарық» каналынан белауырдан су кешуге тура келді. Діттеген жерге де жеттік. Айнала кісі бойы ну қамыс. Ат шаптырым аумаққа ойсыл қара тұқымының жеңсік асы саналған жантақ та бітік шығыпты. Күтімді көп қажет етпейтін дала гүлдерінің түрі сан алуан. Бір сөзбен айтқанда, табиғаты тамылжыған жер. Көшіп-қонуға ыңғайлы шағын тіркеме үстінде 20 омарта орналасыпты. Әр ұяшықта орта есеппен 25 мыңнан астам ара бар көрінеді. Көк майса үстінде кәсіп иесімен емен-жарқын әңгімелескіміз-ақ келеді. Алайда, құлақ тұндырар ара үніне бойымыз үйренер емес. Қипақтап отырғанымызды сезді ме, бір-жар ара ашкөздене кеп, найзасын қадап үлгерді. -Қозғалма, міне араның инесі деген Нұрбек денеге кірген қадау-қадау тікендерді жұлып алып көрсетіп, ара уының адам жанына шипа екені медицинада дәлелденгенін тілге тиек етті. Сосын, шылымын тұтатып, омартаға бірі кіріп, бірі шыққан араларға көз алмай қарап тұрды.

Осы сандағы «Туризмді дамытуға үн қосқан» атты мақала Сыр өңірінде туризм саласын дамытуға мүмкіндіктердің мол екені жайлы ой қозғаған.

...Кезінде ауданымыз экологиялық аймақ ретінде әлем назарын өзіне аудартқан болатын. Яғни, Арал десе, теңізі тартылған, топырағы көшкен, тұзы ұшқан қасіретті мекен деп ойлайтын адамдардың бүгінде көзқарасы мүлдем өзгерген. Себебі, қазіргі уақытта теңіз кемеліне келе бастаған тұста, ауданымыздағы айдынды Қамыстыбас көлі де мұндағы халықтың тіршілік көзіне айналып отыр. Қазіргі таңда Қамбаш көлінің айналасы адам танымастай өзгере бастаған. Жеке кәсіпкерлер демалыс орын- дарын жандандырып, келушілерге барлық жағдай жасау үстінде. Осы кезге дейін Қамбаш көлі жағалауындағы киіз үйлер өз жұмысын тоқтатып, оның орындарын за- манауи үлгідегі демалыс орындары алмастырған еді. Осы отандық туризмді дамыту жолында еңбек етіп келе жатқан, әрине, өзіміздің жергілікті кәсіпкерлер екені баршаға белгілі. Солардың бірі-Алтынбек Әбиев «Эко даму бағдарламасы» бойынша көл жағалауынан қонақ қабылдайтын үйлер салу мақсатында 4 пайызбен 5 миллион теңге несие алып, бүгінде өз ісін дөңгелентіп отыр.

Туризм саласын дамытуды қолға алуға не себеп болды деген сауалымызға А. Әбиев: -Қамыстыбас көліне көрші мемлекеттерден, шетелден келіп тынығушылар саны жылма-жыл артуда. Қамыстыбас көлінің ерекшелігі - ең тұнық көл, суы мөлдір, түбі мен жағалауы қиыршық құмды болып келеді. Көлдің емдік қасиеті ғылыми тұрғыдан әлі толық зерттелмесе де, емдік қасиеті бар екенін жергілікті тұрғындар жақсы біледі. Көбіне келушілердің тері жаралары мен адам денесіндегі жарақат көлге түскеннен кейін жазылып кетіп жатады. Кейбір жерінің тереңдігі 15-16 метрге дейін болса да, көл түбі жарқырап көрініп жатады.

Тағы бір ерекшелігі, күнге қыздырынған адам денесіндегі Қамыстыбас көлінен алған күйігі келер жылға дейін сақталады екен. Байқоңыр қаласынан келген ресейліктер мен түрлі салада қызмет етіп жүрген шетелдіктер Қамыстыбас көліне демалуды жөн санайды. Өйткені, емдік қасиеті мол Қамыстыбас суының шипалығы көптеген адамдардың денсаулығына оң әсерін тигізуде. Көл суының мөлдірлігі, тазалығы, минералды құрамы туризм имиджін қалыптастыра алатын болғандықтан, мен де табиғат аясынан 5 демалыс орнын ашып отырмын. Алда көптеген жоспарларым бар. Мәселен, жыл он екі ай жұмыс жасайтын демалыс орнын ашып, келушілерді қыстық ойын түрлерімен айналысуларына және балық аулап таза ауада демалуларына жағдай жасасам деймін.

Егер ұзақ мерзімге жалға берілсе, бұл жерлер көп игі істерді атқаруға болар еді-деген кәсіпкер ең болмаса, 4-5 жылға сынақ мерзімінде жалға берілсе туризм қарқынды дамып кетер еді деген өз ойын айтты. Себебі, 1 жылға ғана жалға алып отырған жағалау жерінде болашаққа жоспарлар құрып, ауқымды жұмыс атқару, тіпті, мүмкін емес екен. Әйтсе де, Алтынбек тек мұнымен шектеліп қалған жоқ. Қаламыздағы Әленов көшесінен ат спортын дамыту мақсатында көпшілікке арнап атпен серуендейтін алаңқай ашты. Бүгінде ат спортының денсаулыққа пайдасы зор екенін түсінген аудан тұрғындары осы жерден табылуда. Сондай- ақ, әр бейсенбі күні мүмкіндігі шектеулі балалар арасында тегін серуен ұйымдастыратын кәсіпкер, бұл қайырымды істі Алла разылығы үшін жасап отырғанын сөз ара- сында тілге тиек етті. Еңбекшіл жан қарамағында жұмыс жасайтын 3 адаммен бірге, күніне 70-80 дей адамды қабылдайды. Әрине, көлдің басында кейбір түйіткілді мәселер шешімін таппағандықтан, кәсіпкер жағалаудағы демалыс орындарына электр энергиясын күн көзінен қуат алып, жарық беретін қондырғылар орнату мақсатында БҰҰ-ның «Жасыл экономика» бағдарламасы негізінде құжаттар әзірлеп жатыр. Өйткені, кәсіпкер «Жасыл экономика»-бәсекеге қабілетті елдер үшін экономикалық дамудың бірден- бір үлгісі екенін жіті түсінген. Баламалы қуат көздерін тиімді пайдалану жүзеге асырылып жатырса, Қамбаш көлі жағажайындағы демалыс орындар одан әрі құлпыра түсер еді.

Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» басылымындағы мақалаларда да аудан өмірінің сан-саласы қамтылған. «Бүгінгі керім қыз - ертеңгі келіні» атты мақалада ұлт тәрбиесінің қыз баладан бастау алатынын жеткізбек болған тілші.

...Әр шаңырақтың берекесін кіргізіп, айрандай ұйыған отбасыға айналдыратын әйелдер қауымы екені белгілі. Қыз қылығымен әр уақытта жарасымды. Нәзіктік тамылжыған күйі таңырқататын тал шыбықтай бой түзеген сөз жетпес сұлуларымыздың бүгінгі келбеті қандай? Ендеше басты сұрағымызды ойша таразылап аруларымыздың заман ағымындағы тұлғалық келбеттері де өзгерді. Кезіндегі дүйім елге үлгі боларлық апаларымыз қашанда біздер үшін ізеттілік биігінен аласармайды. Ертеректегі ерін сыйлаған қазақы дәстүрдің мән-мағынасын сезініп, түзу жолдан тайқымаған текті аналарымыздың ізін жалғаған ақжаулықтыларымыз жеткілікті.

Дегенмен қазақы ғұрыптың кей тұстары жұтаңданып барады. Қоғам өмірінен сыр шертетін болсақ біз өмір сүріп жатқан қазіргі заман өзгерді ме әлде адамдар тектілік қалпынан тайқыды ма әйтеуір болашағымызға алаңдайтын хәлге жеттік. Бойжеткендеріміз жастайынан тәлім-тәрбие алса да абыройсыздыққа жиі ұшырайтын болды. Болмашы нәрсеге қабақ шытып, шытынап кететін кейіпке енеді. Ақылын айтқан үлкеннің тілін алмай қыңыр мінезін көрсетіп қиқарланады.

Әр істің байыбына бармастан бей-берекетсіздікке бой алдырады. Көрер көзге құбылып, ұнамсыз қылықтарымен зығырданыңды қайнатады. Құр бекерге бұлданып, сөз таластырып бір-бірімен көрместей күңкілдеседі. Жанына батырып сөз айта қалсаң өтірік жыламсырап көз жасын көлдетуге бейім келеді. Бұрымды шаштарын қиып тастап, батыстық үлгідегі шаш үлгілеріне әуестеніп әлектенеді. Етегі түскен көйлектерімізді қысқа белдемшелерге алмастырып бөлектенеді. Бұрындары әкесі сөйлемей жатып, қабағынан қорқатын қарындастырымыз қайда бағыт алды. Үйдегінің айтқанына зер салмаса бәз біреудің сын айтқанын қайтсін. Одан қалды жігітке жағыну мақсатында түрлі қулықтарға барады. Кеш батысымен түнгі клубтарды, сырахана- ларды жағалап, темекісін будақтатып сауық-сайран салады.

Қазір соңғы кезде сәнге айналған үрдіс «калян» тарту. Кей бауырларымыз сондай арсыздыққа бойын үйреткен аруларымыздың алдауына түсіп, қалтасындағы қаражатынан қағылады. Шырмауықтай шырмалған тағдырларын айтсай. Әркімнің өз есебі бар кім-кімді алдап жүргені белгісіз. Әйтеуір қызыққа малданғандардың мар- дымсыз өмірлері өтіп жатыр. Міне, осылардан өсіп-өнген ұрпақтың келешегі бұлыңғыр. Әрине, елдің бәрі бүлініп бітті деуден аулақпыз. Дегенмен, үлкендердің рұқсатынсыз артық қимыл жасамайтын бойжеткендеріміз жаңағындай жаманшылықтарымен көзге түсетіндердің тасасында қалып қояды. Инабатты бойжеткен қашанда бір ерекшеленіп тұратын сұлу келбетімен айшықтанып тұрады. Қадыр атамыздың халық арасында жүрген «Сұлу қызды көргенде, ақылды қызды аяп кетемін» деген сөзі еріксіз ойыма оралады. Сыртқы келбетімен талайды баурайтындардың ақылы таяз болғаны өкінішті. Жан сұлулығынан тән сұлулығына ақшасын жұмсап, құр бекерге уақыт құртатындар үнемі қайырымды іске күш-жігерін жұмсайтын апаларымыздан тәлім ала білсе, құптарлық жағдай емес пе? Бір байқағаным көпшілік ортада жоғарыда айтылғандарға жаза басып, тап болғандар аяқ астынан күрт өзгеріп, намаз оқып, имандылыққа бет бұрады. Сүттен ақ судан таза қалпында жүргендей кездесе қалсаң уағыз айта жөнеледі. Мұны көргенде бір жағынан қуанарынды немесе күйінеріңді білмей қаласың. « Ақылды қыз - ауыл көркі», демекші әр қыздың арман тілегі отбасын құрып, ана бақытын сезіну. Өзге жұртқа көркіне сай келін атану. Барған жерінің үйреншікті тіршілігіне сіңісіп кету басты парызы.

Ата-анасын қадірлеген жылы орынға табан тигізіп, асырай білген ұл-қызды әрдайым көргені мол деп білеміз. Қиыншылықты бастан өткерген жас отбасы ғана бақытты ғұмырнамасына қадам басады. Жоқшылыққа төзіп, жоқтан бар жасап, күнкөріс қамын жасау отанасына байланысты. «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» деген сөз де бар. Бұл орайда сол шаңыраққа құт болып жабысқан жас келіннің дамылсыз жүгірген қызметі мен еріне сөз естіртпеу үшін атқарған еңбегіне байланысты. Алыстан ағайын келсе самаурынын қайнатып, жадыраңқы күйде күтіп алағаны. Қанша жерден дұрыс емес жерді байқап, білгенін жеткізген ананың орны ерекше. Жоғарыда айтылған еркіндіке мойын ұсынған қыздарымыз басқа отбасыға қалыптаса алмайды. Қайта үндемегеннен үйдей бәле шығытаны анық. Уақыт өте келе баяғы қалпына басып, төркіндегі төңкерісшілдік қасиетті орнатқысы келеді. Төсегі түске дейін жиналмаған күйінде жатса, үйдің күтіміне мән бермейді. Бір көрініске куә болғаным бар келін болып түскеніне біршама уақыт болған келіншек енесімен, яки жақсылығын ойлар екінші анасымен құдды бір күнде бет жұлысып, айқайласып үйренген базардағы саудагерлердей ұрысып жатқандығы таң қалдырды. Мұндай оқиғалар бар отбасында кездеседі. Керек десеңіз бұдан да сорақысын көріп жүрміз. Үнемі «әлпештеуді» қажет қылатын жеңгелеріміздің кесапаттығы жаға ұстарлық. Таңертеңнен қара кешке дейін айналдырған үй шаруасын бір жақты қыла алмай байғұстың басы қатады. Оны көрген ене қалайша ақыл айтпасын. Кәрілік басып, егде тартса да сол үйдің үлкен келініне айналады. Өйтпеске амалы бар ма? Теледидарға телмірген күйінде баланы сылтауратқан болып, алаңсыз бір ісі алға баспайды. Табалдырықтан сыйлы қонақ аттаса баланы бақырта қояды. Одан қалды ыдыс-аяқ сынғыш келеді. Берекелі үйге емес, жан айқайы шыққан жалмауыздың мекеніне тап боласың. Қайран ер азаматтарымыз үйленбей жатып әйел алсам қатты ұстаймын деп лепіреді. Қайдан ондай күн тусын екі жаққа болыса алмай әлсіздік танытады. Ақыр соңында шаңырағы шайқалып ажырасуға әкеліп соқтырады. Абысын-ажындардың қатары толысып, жинала қалса айтатындары байларының тапқан бақыр тиынымен ененің бар шаруасы. Ағайын арасында іріткі салып, бір-бірімен шатыстырып бағу. Отбасының басын біріктіру жолында табандылық танытса жамандық атауы алыстан қашпас па еді?..

Бүгінгі жүрегі мейірімге малшынып, бар сұлулығымен тәнті қылатын аруларымыз ертеңгі қазақы ағайынның келіні. Ақылы көл көсір қадірлі аналар қауымы сіздерден сұрайтынымыз аялап өсірген періштелеріңізді төркін жағалағыш емес, отбасының түтінін түзу шығарып, аяулы азаматшаға айналдырсаңыздар дейміз. Осылайша кемшіліктерді байқап, жазып-тергеніміз қоғамдағы көріністерге бейжай қарамайық дегеніміз. « Әр елден келін келер, әр түрлі ырым етер» демекші үлкеннің өнегесін алған бойжеткендеріміз барған жерде бақытты боламын деп емес, бақытты қыламын деп ақбосағаны аттауы қажет. Қызға қырық үйден тиым қылатын ардалы жұртымыздың болмашы дүниелерге бола абыройсыздыққа ұшырап шаттыққа толы құт-мекені қаңырап қалмаса екен дегенді айтқымыз келді.

«Мезгілсіз аққан жұлдыз» атты мақалада дүниеден ерте озған әріптес жайлы ой-толғам қозғалады.

...Дархан даланың кеңдігіне шүбә келтіре алмаспыз. Ұшы-қиыры жоқ дөңгеленген дүниеде тіршілік қамын күйттеген адамзат баласы өмір сүруде. Біздей ақылды «данышпандар» арасында тұрмыс өлшемін таразыға салатын қоғам дейтұғын ұғым бар. Замандар тоғысында ғұмыр кешетін қалың бұқара тұрғылықты мекен етер жер теріскейіне қарамастан ел игілігі жасаған еңбегіне орай, сақталған абырой-беделіне қарай өшпейтұғын қолтаңбасын қалдырады. Құбылмалы уақыт белдеуіне бағынбай, өмір сахнасында әр кейіпкер пешенесіне жазылған рөлдерін ойнап шығады. Барлығы да қыл жіптің бойындай тегіс жақсылық пен парасаттылығы жоғары азаматтар мен мейірімге толы жүрек күшімен өрілмейді. Қарама-қайшылық туындаған қатқыл жолдар және тұла бойын өшпенділік жайлағандар қатар жүреді. Өйткені тағдыр дегеніміз аждаһалар апаны іспетті. Сағыңды сындырар жайсыз оқиғалар желісі мен күтпеген таңғажайыптарға толы жалған дүние, десеңші?! Дәл осындай сәтте құйрықты жұлдыздай жарқ еткен ерекше дарын иесін қалай айтпай кетерсің?!

Әркімге берілетін талант кереметтілігі өздігінен, тосыннан пайда болмасы анық. Біреулер үшін текті ата қаны,қасиетті ана сүті арқылы дарыса, кей адамға тер төгуге тұрарлық еңбектің арқасында келеді. Қазақтың, соның ішінде сыр жұртшылығының маңдайына бітіп, жасындай жарқылдаған перзенттер легі жетерлік. «Ұлтын сүймеген - ұлтарақ» демекші, елінің ертеңгі атар таңы үшін аянбаған кемеңгерлеріміздің көші ілгеріде.

Баршаға мәлім тау көтерген Толағайды тудырған Әбділда Тәжібаев, қазақ әдебиетінде үлесі зор сатира сардары Асқар Тоқмағамбетов, прозаның Хантәңіріндей биік көрінген Әбдіжәміл Нұрпейсовтердің құндылықтары біз үшін қымбат. Міне, осылардың ізін ала ХХ ғасыр тәмам болар шегінде сонау балықшылар ордасы - Арал теңізінің табанында, Қарақұм аталатын ауыл баурайында дүниеге келген нәресте үні шырылдап өзінің өмірге бекер келмегенін дүйім елге паш етті.

Ол кезде Бермағанбетовтер әулетінің келешек бет-бейнесін қалыптастыратын жойқын соққыға пара-пар сөз майталманы туғанын ешкім болжамаған еді. Ауыл топырағы түлетіп, ақыл айтар ақсақалдар буынын бекітіп, қабырғасын қатайтқан жас балғынның есімі - Сахитжан болатын. Ата-анасы үшін күндердің күнінде бауыр еті баласының дара есімі ел арасынан көк аспан төрінде қалықтап әуелейтіндігі үш ұйықтаса түсіне кірмеген де шығар Сыр сұңқары жақындағы от-ұшқынды елемей, алыстағы жыпылықтаған сәулені көруге тырысты.

Қызыл тіл ұшындағы жеңіл, пәтуасыз сөзге ерік бермей, негізі тарқатылмаған ой түкпіріне терең сүңгіп, бәтуалы пікір туғызып, жүзі өткір сем- сердей жан екендігін аңғартты. Жалаң аяқ ыстық топырақ кешіп, көше шаңын жұтқан ойын тентегі кішкентай күніндегі асық шертіп алшысынан түсірген, нақ нысанасындай ержетіп толысқан шағында дана халықтың көңіл қобдишасына бойлап, қақ жүрегінен дөп түсетіндігін сезді ме екен?! Буырқанған жастың күш-жігері, жерде жатпайтұғын алтынның сынығындай талант-қабілеті ауыл тасасында тұншығып жатпасы бесене- ден белгілі. Алғашқыда іштегі маздаған оттай жарық сәуле тудырған қабілет ұшқынын байқай қоймаған Сахитжан білім жолына түсіп, киелі Әулиеата өлкесіне оқуға аттанды.

Қасиетті Қарақұмның өр жігіті жат аймақты жерсінбеді. Күнделікті ма- засыз күйдің жетегінде жүріп, «Ат айналып қазығын табар» дегендей, өзен жағасындағы туған еліне Сыр перзенті қайта оралды. Өз топырағына табан тіреген сәттен алдағы жарқын күндерге иек артып, тамыры тереңде жатқан журналистика дейтін емен ағаштың жаңа бүршік атқан жас шыбығы ретінде көрінуге талпынды.

Университет қабырғасында жүргеннен белсенділігін байқатып, түрлі шаралардың бел ортасында жүріп, қатарластарының көшін бастауға тырысты. «Бұлақ көрсең көзін аш» деген халық сөзін берік ұстанған тәлімгерлері Сахитжан бет алатын жол бағдарын айқындап көрсете білді. Ол тылсым бағыт - телевизияның тылсымға толы түсіру са- ласы журналистиканың қарусыз майданы еді. Көпшілікке жылы жүзімен, кесек-кесек құнды сөзімен танылған сәті әлі де ел есінде. Авторлық бағдарлама дайындап, сиқырлы көк жәшіктің ішінде қасқайып тұрған жігерлі қалпында қарапайым халықтың санасын сілкінткен, сырбаз даусын айтсаңызшы. Бала күнімізде қас қарайғанын аңғара қоймастан, ерттеңгі күн тумайтындай ойынды соғатынбыз.

Сонда бар бітіреріміз - тілім-тілім болған аяқтармен доп қуалау. Ай астында тетелестермен қосыла жоғарыға зер сала қалсақ аспаннан құлдилап аққан жұлдыздарға куә боламыз. Жапа тармағай шуылдап, «жұлдызым» жоғары деп айқайлай жөнелеміз. Кішкентай күнімізде бұл сөз төркінін түсінбегенімізбен, есейе келе байыбына барғандай болдық.

Отанымыздың ержүрек ұландары туған ел көгінде жанған шырағындай екен. Осы орайда, Сахитжанды үлкен құрметпен еске ала отырып, абзал азамат тұңғиық жайлаған таршылық мекеннен қалың жұртын тынысын ашар кеңістікке жетелей білгендігін байқаймыз. Ақпан айының соңы қытымыр қатты қыстың беті қайтып, жаймашуақ көктемге бет бұрар сәт, әрі біз үшін 28 ақпан қаралы күн. Жанымызға жазылмас дерт салған қасіретті сұм апат жайшылықта жатқан жанашыр ағайынды есеңгіретті. Ұзақ сапарға аттанар алдында табиғаты бөлек тарланның тұяғы артқа тартқанына әлі күнге таңданамыз. Әлде демеуші періштесі ажалдан арашалағысы келді ме екен.

Тәртіпке бағынған құл болмайтындығын әсте ұмыта қоймас басшы серігі қайта келмес артта қалған өткеніне қол бұлғап, кете барды. Сыр толқынындай тербетіле уақыт ағысы өтіп жатыр. Аза- лы жылдың азабын тартқан туған-туыс, дос-жаран келешек- ке деген үмітін қайрап, сағымға айналған суреттегі бейнеге телміреді. Қарақұмнан шыққан қасқа құлан ажалынан бұрын мертіккенмен, шартарапқа шылбырын ұстап шаба жөнелетін ізбасар ұрпаққа өнегелі із қалдырды. Сайын дала саңлағының арманын жалғастырып, таңбалап салған ізін өшірмеу - өскелең бізге міндет.
«Кешегі Шара мен бүгінгі Шұғыланың ізбасары» атты мақала да өнерлі бойжеткен жайлы жылы жазылған.
...Би - адамның қоршаған ортаға деген сезімінен туындаған әртүрлі қимыл-әрекеттер. Ол - ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, берілетін өнер. Ұлттық биіміздің даму тарихы тұрмыс-тіршілік, салт-дәстүрімізбен тікелей байланысты. Жаңа би жасау үстінде әсем де жанды бейне тудыру арқылы автордың эстетикалық таным-талғамын, көркемдік мұратын жеткізуге бо- лады. Сонымен қатар бидің тілін таба білетін шебер орындаушы терең сезімге толы іс-қимылы арқылы әсерлі де, күшті сезімдік тербеліс туғызып, өнер сүйер қауымды ерекше ләззаттандырып, дүниетанымын, өмірге көзқарасын тереңдетеді. Яғни, би - халықтың рухани қазыналарының бір түрі, көркем өнердің басқа да салалары сияқты бізде де өресі биік өнер.

Би өнерінің биік шыңына шыққан кешегі Шара Жиенқұлова мен бүгінгі Шұғыла Сапарғалиеваның ізбасарлары бүгінде аудандағы би өнерінің бағын жандырып, жүрген жайы бар. Екі ғасыр тоғысында, яғни, екі мыңыншы жылдары ауданда осы өнерге деген жаңа көзқарас қалыптасып, арнайы би үйірмелері ашылып, ата-аналары тұлымшақтары желбіреген кішкене қыздарын осы үйірмеге әкеле бастағаны да есімізде. Осылайша осы өнердің сан қырын меңгеруге бет бұрған алғашқы «Жауқазын» би тобы жарқ ете қалды. Жетекшісі Асанова Ақтоты. Кейіннен «Балауса», «Тұмар» т.б. ұжымдар әр түрлі деңгейдегі байқауларға қатысып өз бақтарын сынады. «Бозторғай», «Айгөлек» секілді республикалық дәрежедегі сайыстарында бағы жанғандар да бар. Десе де осы өнермен «ұшпаққа шығамын» дегендер көп болмады. Көбісі мектеп бітірісімен басқа салаларға ауысып, өмірден өз жолдарын тауып кете барды. Ал би өнерінің алғашқы қарлығашы «Жауқазын» би тобының белді мүшесі, бүгінде Астанадағы «Наз» мемлекеттік би театрының балет артисі Назым Өмірбекованың өмірі де аталған өнердің дамуымен біте қайнасып кетті. Өнердің осы түрінің сан қырын меңгеруге ұмтылған қыз «Жауқазыннан» басталған алғашқы қадамын одан әрі жалғамаққа бет бұрды.

Сөйтіп, 2009 жылы мектеп бітірісімен Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің педагог-хореограф факультетіне оқуға түсті. Білікті, білімді ұстаздардан дәріс тыңдаған биші қыз 2013 жылы жоғары оқу орнын тәмамдап, Астанадағы «Терра» эстрадалық би театрында бір жылға жуық жұмыс істеді. Осы ұжымда жүріп алғаш рет шетелге шығу мүмкіндігіне ие болды. -Сән әлемінің биік шыңы саналатын Парижде өткен Астананың өнер күндері аясында қазақ елінің би өнерін, қазақы салт-дәстүрімізді насихаттадық,-дейді бізбен әңгімесінде Назым Талғатқызы - Терра би театрының Жапонияға сапары барысында театрдың жеке концерттік бағдарламасын Токио тұрғындарына ұсындық.

Мұнда бірыңғай қазақ билерін қойдық. Жапондықтар өнерді қатты құрметтейтін халық қой, қол шапалақтап, бізді көпке дейін сахнадан жібермеді. Бір жылдан кейін арманы асқақ биші қыз Астанадағы «Наз» мемлекеттік би театрына балет артисі болып жұмысқа қабылданады. Университет қабырғасында, облыстық «Дидар» ансамблі құрамында жүріп алған шеберлік сабақтары Назымды өресі биік өнерді бағыныдыруда көп көмегі тиді. Роза Рымбаева, Гүлнұр Оразымбетова, Тамара Асар секілді белгілі әншілердің жеке шығармашылық кештерінде өнер көрсеткен. «Наздың» бишілеріне талай көрермен тамсана қол соққаны да тегін емес. -Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қытайдың Сиань қаласындағы Экспо көрмесіндегі отандық «Асыл дизайн» компаниясының сән үлгірлері көрсетіліміне, «Турксой» фестиваліне, Израиль мемлекетіне сапар кезінде Тель-Авив қаласындағы қабылдауда өнер көрсету үстінде біз тек қазақ халқының би өнерін, еліміздің салт-дәстүрін, жалпы қазақ халқының болмысын насихаттауға ұмтылдық. Әрине, осы өнер жолында жүргеніме еш өкінбеймін. Себебі мен қайда жүрсем де, қай қиырға барсам да менің халқыма деген зор қошеметті көрдім. Жас мемлекетімізді әлемнің қай түкпіріне барсақ та құрметтеп, еліміздің дамуына, әсіресе, Астана қаласына қызығып та, қызғанып та қарайтындығын байқадым.

Бұл мен үшін зор бақыт. Әр нәрсенің өз бастауы болатыны сияқты менің осы өнерге деген құштарлығым осы киелі Тереңөзек топырағынан басталды. Алғашқы ұстазым Ақтоты Асанова маған би өнерінің қыр-сырын үйретіп, қызығушылығымды арттырды. Сол кезде би үйірмесіне бірге барған әріптестерім Мөлдір Әлібаева, Жанар Әнуарбекова, Гүлмира Қожақова секілді құрбыларыммен бірге өткізген қызықты күндерім әлі де жадымда. Осы өнерге келуіме, оны алып жүруіме ата-анамның да зор ықпалы болды. Анам-ұзақ жылдардан бері ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелесе, әкем-құқық қорғау саласының запастағы офицері. Сіңілім-Аружан жоғарғы оқу орнының студенті. Болашақта осы өнерді үйренем деушілерге өзім де ұстаздық етемін деп ойлаймын. Әзірге әлі де үйренерім көп. Иә, «білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз» - демекші, әлі де «үйренемін, білген үстіне біле түсемін» - деген қызға қанатың талмасын дегенді айтқымыз келді. Себебі би жанрының тілі - іс-қимыл бола тұра, өте бай келеді. Олай дейтінім қаламгер толық жазып,суреттей түгелдей бейнелей алмайтын табиғаттың, қоғамның сырын би қойылымдары арқылы еркін бейнелеуге болады. Демек, өресі биік өнерді бағындыруға ұмтылған қызға тек сәттілік тілейміз.

«Тұран-Қазалы» аудандық газетіндегі «Көпке танымал тігіншілер» атты мақала жергілікті кәсіпкерлердің еңбегі туралы айшықты суреттеген.

...Әйтеке би кентіндегі орталық базар ішіндегі екі қабатты ғимараттың екінші қабатында орналасқан «Ерсұлтан» тігін цехының ішіне кіргенімізде төрт жерде тігін машинасымен іс тігіп отырған келіншектерді көрдік. Зырылдаған тігін машиналарының даусы бір-бірімен үндесіп, шеберлерге шабыт беріп тұрғандай.

Келгенімізді аңғарған тігіншілер бір сәт тоқтап, бізбен жылы жүзбен амандасты. «Іске сәт, шеберліктерің шыңдала берсін» деген тілегімізді білдіріп, келген шаруамызды айттық.

-Осы цехта еңбек еткеніме екі жыл болды. Бөлмеміз тар болғанмен, пейіліміз кең. Келген тұтынушылардың көңлінен шығып, әкелген бұйымдарын берген тапсырыстарына қарай төртеуміз де уақытпен санаспай, жұдырықтай жұмылып бір-бірімізбен артық-кем деп есептеспей, өзіңіз көріп тұрғандай, еңбек етіп жатырмыз.-деді цех меңгерушісі Айсара.

Айсара Көптілеу 1960 жылы Абай аулында дүниеге келген. Ауылдағы №90 орта мектепті бітірген. Әкесі-Рахманберген Қожаназаров ауылдық кеңестің хатшысы болып қызмет атқарған. Анасы-Баймырза Кетебайқызы үй шаруашылығымен айналысқан.

-Мен көп балалы отбасында өмірге келдім. Тоғыз ұл, үш қыз болдық. Бәрімізді де ата-анамыз қатарымыздан кем қылмай өсіріп, ержеткізді. Анамның шеберлігі сондай, бәрімізге жазғы-қысқы киетін киімімізді мінсіз етіп тігіп беретін.-деді Айсара. -Алғашқы еңбек жолымды 1982 жылы Қазалы қаласындағы тұрмыс қажетін өтеу комбинатында тігіншіліктен бастадым. «Ана көрген тон пішер» демекші, анамнан үйренген бойымдағы өнерімді осы жерден бастауды жөн көрдім.

5 сынып оқып жүргенімде мектепке киіп баратын фартугімді өзім тіктім. Содан жаттыққан қолым бұл жерде маған айтарлықтай қиындық туғыза қойған жоқ. Кейін ерлердің бас киімін тігумен айналыстым. Ол кезде бас киімді көп адамдар қолдан тіктіретін. Комбинаттың бас киім тігетін атақты шеберлері, ауданға танымал Қанымша Өтепова, Құрманкүл Қаманеева апаларымнан ерінбей-жалықпай үйреніп, мен де бас киім тігуді игердім.

Біздің отбасымызды өнер қонған әулет дейтін. Әкемнің шешесі-Жақсы әжем жаңа көтерген қазақы ағаш үйлерінің іші- сыртына басқұр, ішкі-сыртқы құрлар, дөдеге, аяқбау, жел бау, иінбау, тізбе, түс киіз, басқа да бұйымдарына ою-өрнек салып тоқып, тігетін, түйенің шудасын ұршықпен иіріп, содан иірілген жіппен тігіп, көздің жауын алардай ағаш үйдің іші-сыртын безендіретін. Күзге салым далалықта өсетін шилерді тартып, бау-бау қылып үйдің жанына жайып кептіріп, қабығын аршып, тазалап қоятын. Күн суытпай тұрғанда, көктем уақытында қойдың жүнін неше түрлі бояуға бояп, кепкесін түтіп (бізге түттіріп қоятын) шиге өлшеммен орап, үй ішіне тұтатын шилер мен ағаш үйдің есігін тоқып неше түрге ендіретін. Аға- апаларым, іні-сіңілдерімнің де көбісі он саусағынан өнері тамған жандар...

Жан-жағымызға назар салып қарағанымызда, оқушылардың бір түсті матадан тігілген мектеп формаларын көрдік.

-Өзіңіз білесіз, келешек мектеп оқушылары бірыңғай форма киетін болды. Сіздерге тапсырыс берген мектеп бар ма? -дегенімізде:

-Өзіңіз байқап тұрғандай, мына оқушылар формасы Абай аулындағы №90 орта мектептің оқушыларына тапсырыспен тігілген, бағасы да қымбат емес, 7-9 мың теңге аралығында. Жақын арада бірқатар мектептерден де тапсырыс келеді.

Ұмытып барады екенмін, мына алдымдағы ақ түсті қол машина анамнан қалған мұра десем артық болмас. Кезінде сапалы шығарылған. Қазір 40 жылдан асты, әлі де осы машинамен іс тігіп отырмын. Бұған біреу нанса, біреу нанбас. Осы заманғы шығып жатқан дүниелерде сапа жоғы айдан-анық.

Қасымдағы тігінші қыздармен өзіңіз пікірлесіп сөйлескеніңіз жөн болар.-деді Айсара назарын әріптестеріне қарай бұрып.

Тігінші Сапаева Сара:

-Екі жылдан бері осы цехта жұмыс істеп жатырмын. Бізге негізінен әйелдер,қыз, келіншектер келеді. Олар көбіне-көп көйлек, сарафан, халат тіктіреді. Мына ораулы тұрған маталардың түрін көріп, ұнатқанына тапсырыс береді немесе матаны өздері ала келеді. Алдымен кездемені бойына, иықтарына өлшеп пішіп, содан кейін тігеміз. Белгіленген уақытта келіп көріп кетеді.

Қазіргі адамдардың талғамы, талабы жоғары ғой. Кішкене міні болса, бетіңе басады. Сондықтан қолымыздан келгенше бар шеберлігімізді салып, мұқияттап тігіп береміз.

1983 жылы Қызылорда қаласындағы №46 кәсіптік-техникалық училищеде оқып, тігінші мамандығын алғанмын. Қазалы қаласындағы тұрмыс қажетін өтеу комбинатында тігінші болдым. Одан соң қазіргі Ақтан батыр аулындағы тігін цехының меңгерушісі болдым. Он жылдан астам Қ.Сәтбаев атындағы №216 орта мектепте оқушыларға технология пәнінен дәріс бердім. Қазіргі кезде мүгедек балаларды сауықтыру орталығы-«Шапағатта» қолөнер үйірмесінің жетекшісі болып, берілген сағат бойынша балаларды өнерге баулып келемін. Уақытымды босқа өткізбей, қолымның бос кезінде осы жерде еңбек етемін. Табысымыз жаман емес, тіккен бұйымдарымызға қарай еңбек ақымызды аламыз. Айсарамен бұрыннан таныспын, сыйласып жүрген құрбым.

Сұлу Майлышева:

-Мына жинаулы тұрған құрақ көрпелерді көріп тұрған боларсыз. Мен көбіне қыздардың жасауларымен айналысамын. Тұрмыс құратын қыздың анасы келіп тапсырыс береді. Қазір құдайға шүкір, халықтың тұрмыс-тіршілігі жылдан-жылға жақсаруда. Бұрынғы ата-баба дәстүрі де қайта жаңғыртылуда, оған іштей қуанамын. Ұзатылатын қыздарға шымылдық, шәй көрпе, көпшік, құрақ көрпе, төсек көрпе, «ақ жол», тағы басқаларын жасаймын. Алтын босағасынан аттанайын деп тұрған бойжеткеннің жасауын сапалы жасауды жаным сүйеді. Себебі: ол өзге шаңыраққа келін болып бара жатыр. Сондықтан аналық мейірімімді төгіп, бар өнерімді саламын. «Мамандығым-мақтанышым» дегендей, Түркістан қаласындағы №14 кәсіптік-техникалық училищеде оқып, тігіншілік мамандық алғанмын. Оған да отыз жылдан асып барады.

Мамандығым бойынша көп жерде жұмыс істедім. Кешегі қиын кезде үйде отырып тігін тіктік. Әзірге осы жерде жұмыс істеп жатырмын. «Төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген. Төртеуіміз бір ананың баласындай, бір қолдың саласындай ауыз біршілікпен еңбек етудеміз.

Бақыткүл Жұбанбаева:

-Анам-Мирамкүл тігінші болды. Сол кісінің қасында жүріп көп нәрсені үйрендім. Машинаның инесін сабақтау, шөлмегіне жіп орап, оны орнына салу, тігістің ірі-майда тігілуін өзгертіп отыру, машинаны тігіс тігуге дайындау сияқты жұмыстарды бала кезімде анамның қасында отырып үйренгенмін. Қ.Сәтбаев атындағы №216 орта мектепті бітіргесін есепшілік курста оқыдым. Бірақ ол жұмысты істеуге қызығушылығым болмады. Ана сүтімен бойыма дарыған өнерімді өрбітіп, көп жерде еңбек етіп, алғысқа бөлендім. Қайда жүрсең де істеген ісің дұрыс болса, алғыс арқалайсың.

Қасымдағы апаларыммен бірге осы жерде еңбек етіп жатырмын. «Қолың қимылдаса, аузың қимылдайды» деген, жұмысым өзіме ұнайды. Айсара апай кеңпейіл, өмірдің қиындығымен қатар қызығын да көрген жан. Үнемі бізге қамқорлығын аямайды.-деді тігінші қыздар.

Айсара жұбайы-Марат екеуі өмірге төрт қыз, бір ұл әкеліп тәрбиелеп өсірген үлгілі отбасы. Үлкені-Айгүл ұстаз, Нұрсәуле-кәсіпкер, Нұрбақыт «Құмжиек» ауылдық округінде пошта бөлімшесінің меңгерушісі, Мөлдір-психолог, Ерсұлтан- программист.

Осындай алтын асықтай ұл-қыздарды өмірге әкеліп, бәрін де жоғары оқу орнында оқытып, мамандық иесі атандырған, шағын кәсібін жандандырып, тұтынушылардың алғысына бөленіп, төрт отбасының нәпақасын тауып беріп отырған кәсіпкер Айсара қарындасымыздың өнегелі ісіне тәнті болдық.

«Межеге жеткен Мергенбай» аттымақалада теміржолшылар мерекесіне орай осы кәсіп иегерлеріне арналған.

...Қазалы вагон пайдалану (ВЧД-6) депосына барғанымда кәсіпорынның бетке тұтар қызметкерлері кеңсе алдындағы гүлзарда әлдебір мәселені талқылап отырса керек, жиналыс болып жатыр екен. Мені көріп, жапа-тармағай түрегеліп, қол берісіп амандасты.

Бәрін танимын, баяғы қатар жүріп жұмыс істеген жігіттер ғой.

Амандықтан соң мен оларға әзілдеп: «Әй, жігіттер, сендер маған баяғы өзіміздің аккумуляторшы Мәкең ғой деп қарамаңдар. Құй сеніңдер, құй сенбеңдер, мен қазір «Тұран-Қазалы» газетінің білдей қызметкерімін. Алдымызда теміржолшылар мерекесі келе жатыр. Алдын-ала құттықтап қояйын. Мереке құтты болсын! Маған араларыңда абыройлы жұмыс істеп, көзге түскендер болса, айтыңдар. Газет бетіне шығарып «бәрекелдімізді» айтайық дедім.

Сол арада отырғандар біраз күлісіп, мені қоштап жатыр. Араларында отырған депо бастығының орынбасары Мақсат Оспанов:

-Ой, несін айтасыз, Мәке. Біздің жігіттердің осалы жоқ, бәрі мықты. Бәрі озат, екпінді. Алдына жан салмайтын жүйріктер ғой.

Дегенмен әуелі ең бір тәуірін, ең бір мықтысын, күндердің күнінде пенсияға шықса артында жақсы атағы қалатын, өнегелі өмір жолын өзгелерге үлгі етіп айтуға тұратын Арықбаев Мергенбай деген ағамыз бар. Әне, сол кісіні жазыңыз газет бетіне. Суретін басыңыз. Көрсін жұрт, білсін, ол кісі арқылы біздің де мерейіміз өсіп, мәртебеміз көтерілсін. Депо жұмысы дегеніңіз бір адам ғана атқаратын шаруа емес қой, көп болып жұмыла еңбек етсе ғана көрініп-көркейіп, ел алдындағы абыройымыз өсетін іс. Абыройды көтеретіндер, көпті жұмысқа жұмылдыратындар, бастайтындар, талап ете білетіндер ғой. Осы ретте біздің Мергенбай ағамыздың еңбегі елеуге тұрарлық. Қазір шақырып берейін, - деді де телефон шалып, Мергенбайды шақырды.

Жұмыс адамы ғой, біраздан соң келді. Өзім танитын Мергенбай. Үстінде жұмысқа арналған жинақы киім. Сәлемнен соң әңгімемізді бастап кеттік.

- О баста мен вагон жөндеуші болам, теміржолшы болам деп ойлаған емеспін. Екі жыл әскер қатарында болдым. Оқуыма сай қызмет бола қоймады да, осы вагон депосынан бір-ақ шықтым. Ол кезде вагон депосында адам көп, бір ауысымда кем дегенде 30-40 адамнан кем болмайды. Сол көп адамның арасына кірдім де кеттім.

Әдепкіде вагон жөндеуші, көп ұзамай, вагон қараушы, үш жылдан соң аға вагон қараушы болып, бір ауысымның басқарушысы болып шыға келдім. Сырттай оқып, темір жол техникумын тәмамдадым. Жұмыстан қалмадым, ерінбедім. Уақытпен санаспадым. Бастықтарым қай жұмысқа салса да тартынбадым. Қолымнан келмейді деп шегінбедім. Алға қарай ұмтыл десе ұмтылдым. Әйтеуір қалайда бір вагон депосының сенімді адамы қатарынан көрінуді, білікті маман атануды ойладым.

Бұрынғылар айтқандай, «Әуелі адам абырой үшін жұмыс істейді, одан соң абырой адам үшін жұмыс істейді» дегендей, мен де әдепкі пәтте сол абыройды ойладым. Қатарымнан қалғым келмеді. Жаман деген ат алғым келмеді. Анау Майлыбас деген шағын стансада туып-өскен адам едім, Қазалыға келгенде қала тұрмысына, қаладағы көп адам жұмыс істейтін кәсіпорын жұмысына көндіге алмапты дегенді естігім келмеді.

Соның арқасы шығар, пойыздың көп кезінде аянбай жұмыс істедім. Көп жылдар бойы аға вагон қараушы болып, абыройлы адам дәрежесіне жеттім.

Бұл күндері мен осы пайдалану депосының вагонды ағымды жөндеу тұйығының бригадирімін. Күніне 1-2 вагон жөндеуге келеді. Келген вагонның бүге-шігесіне дейін қарап, жөндейміз. Осы жұмысқа келгеніме де 15 жылдың жүзі болып қалды. Шүкір, абыройсыз емеспін. Қарамағымда бірнеше адам бар. Үлкен кран, сварщик, вагон жөндеуші жұмыс істейді. Көп жылдан бергі байқағаным: вагонның ең бір осал жері- тежегіш құрылғысы істен шығады. Екінші, доңғалағы жарамсыз болады. Басқасы ештеңе емес, тез жөндеуге көнеді. Жоғарыда айтқан вагонның тежегіші мен доңғалағын жөндеуге біліктілік пен жоғары деңгейдегі тәжірибе керек. Онсыз жөндей қою мүмкін болмайды.

Мысалы, тежегіш құрылғының істен шығуы көбінесе тепловозда отырған машинистен де болады. Ол дұрыс іске қоспаған жағдайда вагон тежегіші жұмыс істемей қалады да, оның арты үлкен апатты жағдайға соқтыруы мүмкін. Сондықтан бұған қырағылық пен сақтық керек. Қазір біз келген вагонды деподан шыққандай етіп жөндейміз.

Құдайдың берген абыройы шығар, үстімізден ешқандай шағым, арыз жоқ. Мына жағымыз-Ресей, түстік жағымыз-өзбек пен тәжік, арғы жағы-Қытай болса, сол аралықта біз жөндеген вагондар жүріп жатыр.

Мен жоғарыда айтқанымдай, абырой үшін жұмыс істедім десем, сол абыройға жеттім деп ойлаймын. Байлыққа құмартқан жан емеспін. Бай болайыншы деп ұмтылмадым. Менің байлығым-балаларым. Бәрі аяқтанды. Үлкен қызым Атырауда, жоғары білімді. Кейінгілері де оқыды. Біреуі Байқоңырда, екіншісі Қызылордада қызмет істейді.

Зайыбым-зейнеткер. Екі жылдан соң өзім де зейнеткер боламын деген сенімдемін. Алла тағала сол сенімге жеткізсін.-деп сөзін аяқтады Мергенбай Арықбаев інім.

-Иә, сенім алдамайды.-дедім мен де. -Жеткізеді сенімің мұратыңа. Абыройың кемімесін.

Мереке қарсаңында өзім сөйлескен Мергенбай інім ретті жерінде әдемі сөйлей білетін, өз ойын жеріне жеткізіп айта білетін, көп жиналған мерекелі отырыспада нәшіне келтіріп ән салатын, домбыра мен сырнайды да сөйлететін нағыз жігіт. Қалай мақтаса да лайықты жан.

Міне, осындай жігіттер ұжымның көркі мен келбеті десек болар. Бесаспап жігіт қай жерде де сыйлы да абыройлы бола бермек.

Мергенбайдың о бастағы межесі абырой еді. Ол соған жетті.

«Шалқошқар батыр және Сыр бойының батырлары» мақаласында тілші өңірден шыққан батырлар жайын әңгіме етеді.

...Қасиетті тәуелсіздіктің арқасында Сыр бойында талай нар тұлғалы ерлердің есімдері елімен қайта қауышып жатыр. Сондай тұлғалардың бірі қазақ тарихында есімі алтын әріппен жазылуы тиіс Шалқошқар батыр Әлібекұлы.

Шалқошқар батыр Әлібекұлы (шамамен 1770-1811/1865) - қазіргі Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Бекарыстан би аулы маңайында өмір сүрген. Батырдың тегі-Алшын, Әлімұлы Шектінің Кішкене аталығынан.

Бейіті Арал ауданы, «Жаңақұрылыс» аулының маңайында.

Тарихи құжаттарды парақтасақ, XIX ғасырдың алғашқы жартысында Сыр еліне Ресейден кейін Хиуа хандығының қысымының күшейе түскенін көреміз. Хиуалықтар осы кезеңде Сырдәрия өзенінің төменгі ағысын, Арал теңізі маңын және Үстірт жерін мекендеген қазақтарды өз ықпалдарына алуға тырысып бақты. Отаршылдардың ежелгі әдісіне салып, олар бекініс-қамалдар тұрғызу арқылы қазақтардың ата-жұртына тұрақты түрде орнығуды көздеді.

Бұған тарихи мысалдар да, оларды айғақтайтын деректер де жетерлік. Айталық, хиуалықтардың басқыншы іс-әрекеттері жөнінде «Сыр өңірі тарихы» кітабында «1835 жылы олар Қуандәрияның сыртындағы Құртөбе деген жерге бекініс салып, онда 200-ге жуық әскер ұстады. Сырдәрияның сол жағалауына Қожанияз бекінісін, ал содан соң Жаңақала бекініс-қамалын салды.

Хиуа хандығы жергілікті қазақтардан зекет, ұшыр және басқа алым-салықтар жинау үшін әскери қосындар жіберіп отырды» деп жазды.

Ал, мұндай қысымға көнбей, қарсылық білдірген ауылдарды хиуалықтар аяусыз шауып отырған. Аталған жинақтан бір ғана мысал-дерек келтірсек, «Олар Сыр бойын жайлап отырған Атанбас, Ақирек, Қамыстыбас елді мекендеріндегі 1400-ге жуық отбасын ойрандаған. 1847 жылдың тамыз айында 1500 әскер дәрияның оң жағасына өтіп, ауылдарға қырғын шабуыл жасаған, мыңнан аса үй талқандалып, тоналған. Жылға жетпей қайта шапқан хиуалықтар 2500-ге жуық шаңырақты ойрандап, 500-дей кісіні өлтіріп, көптеген адамдарды тұтқынға түсірген» делінеді.

Хиуа хандығында таққа отырған, Қоңырат тайпасынан шыққан Элтузер бек 1804-1806 жылдары билік құрған. Ол дүние салған соң, інісі Мұхаммед Рахым жоғары билікке келді. 1806-1825 жылдар аралығында билік жүргізген Мұхаммед Рахымның тұсында Хиуа хандығының сыртқы саясатының жаулаушылық бағыт алғанын байқаймыз. Ол ішкі саяси бытыраңқылықты тежеу үшін басқару кеңесін құрды, салық жүйесін орталықтандырды, төл ақша шығарып, мемлекетішілік тауар-ақша айналымын күшейтуді көздеді. Ал сыртқы саясатта тонаушылық әрекеттер арқылы хандықтың қазынасын толтыруға күш салды. Хиуалықтардың көздегені көршілес Сыр қазақтарының байлығы еді. Расында да, 1806-1825 жылдары үш жүзге бөлінуі салдарынан бірорталыққа бағына алмай, Ресей мен Қоқанның талауына түсе бастаған кең қазақ жері хиуалықтарды да ерекше қызықтырған еді.

Өкініштісі осы, 1806 жылы қазақта Әбілқайыр хандай, Абылай хандай хандар болмаған соң қазақтың жері үш ел-Ресей, Хиуа, Қоқанға жем бола бастайды. Бұл уақытта, 1806 жылы Кенесары хан төрт жаста, оның батыр ағалары, хандыққа үміткер Есенкелді мен Саржан батыр да жас бала кезі.

Тарихтан білеміз, кейін 1820 жылдары тәуелсіздік үшін батыр Саржан сұлтанның көтерілісі де үлкен, орасан болғанын. Ал, Кенесары хан 1837-1847 жылдары Қазақ мемлекеттілігін қайта көтерем деп Ресей, Қоқан мен Хиуа хандықтарымен соғысып, өзі басынан айрылса да, қазақ халқы қазір басын көтеріп тіке ұстап жүр: «Қазақ халқында батыр Кенесары хан болған!» деп.

Хиуа, Қоқан хандықтары мен басқа да келімсек отаршылдардың (түрікмендер мен қарақалпақтар) қорлығына шыдамаған Сыр өңірінің батырлары талай рет қол жинап, қарсы тұрды. Сол себепті де елін өзгеге құл етпеуге бел буып, жазықсыз жапа шеккендерге қорған болған Шалқошқар батыр Әлібекұлы сынды беделді батырлардың тарих төрінен алатын орны ерекше. Әруағыңнан айналайын, бабам Шалқошқар батыр!

Сыр бойы қазақтарының азаттығы жолында ту көтерген ерен батырлар қосынында киелі Қазалы топырағынан шыққан көптеген тұлғалар болды. Олардың қатарында тегі Кішкене Шекті Ақмырза батыр Нұрымбет батыр ұлы, Кішкене Шекті Жанқожа батыр Нұрмұхаммед батыр ұлы, Қаракесек Ақтан батыр Ақайұлы, Мазы төртқара Байқазақ батыр Жолдасбай батыр ұлы, шобдар төртқара Тілеулі батыр Мырзатайұлы, қарасақал Дабыл батыр Бекше батыр ұлы, жақайым шекті Қызылбас батыр, палуан. Кішкене шекті «Сары тентек» атанған Сары батыр Шонайұлы, Кішкене шекті Төремұрат жырау батыр Ешпенбетұлы, Кішкене шекті Бекарыстан батыр, би Амалдықұлы, Кішкене шекті Көпжасар батыр, төртқара Жарқынбай батыр, Кішкене шекті Әйімбет батыр, би Пұсырман би ұлы, Кішкене шекті Бекмырза батыр, хан Әлдиұлы, Кішкене шекті Бажақ батыр, Кішкене шекті Бердібай батыр Шабақұлы, Кішкене шекті Боранбай батыр Барақұлы, Кішкене шекті Сатыбалды батыр, «Солақай» атанған Үсен Кішкене шекті Ер Қосай батыр, Кішкене шекті Жауқашар батыр Нұрымбет батыр ұлы, керейіт қожа Аманқожа батыр Әуменұлы, төре Бөрі сұлтан, батыр, Ізтілеу батыр Байжанұлы, Кішкене шекті Бекбауыл батыр Өтегенұлы, Кішкене шекті Құлбарақ батыр Бекбауыл батыр ұлы, Жақайым шекті Пірімжар батыр, Кішкене шекті Жұмабай батыр Бек батыр ұлы, Кішкене шекті Жолмырза батыр Ақмырза батыр ұлы, Кішкене шекті Қаржаубай батыр, төртқара «Теке» атанған Шаққөз батыр, Кішкене шекті Жолақ батыр, Кішкене шекті Тәңірберген батыр, төртқара Тәттібай батыр, төртқара Мырзалы батыр, төртқара Аққасын батыр, төртқара Беласар батыр, төртқара Басықара батыр Құрманұлы, Матай төртқара Үмбет батыр, би Әлімұлы т.б. с.с. сияқты көптеген айтулы батырлар көзсіз ерлік көрсетіп, елі үшін бастарын талай бәйгеге тіккен-ді.

Ел аузында сақталған аңыз-әңгімелерге қарағанда, Шалқошқардың батырлығы, алып күштілігі жас кезінен аңғарылған. Ағайын-туысқа өте сыйлы, қолы жомарт, дау-дамайды бітімгершілікпен шешетін ақылды адам болған. Түрікмендерге қарсы соғыстарға қатысып, олардың бейбіт жатқан елге тұтқиылдан жасаған шапқыншылығына өз жасақтарымен тойтарыс берген. Тұтқынға түскен адамдарды, азат етіп, барымтадағы малды қайтарған.

Ауыз-екі деректе айтылып жатқан Шалқошқар батырдың түркімендермен соғысы осы Хиуа хандығына қарайтын тұркімендер жасағын меңзеп отырғаны түсінікті. Қазақтың сыртқы жауларымен соғысып, атын шығарған өр тұлғалы батырымыз Шалқошқар Әлібекұлы осындай патриот болғанын мақтан етуіміз керек. Бұл-кейінгі өсіп келе жатқан жастарға үлкен патриоттық тәрбие беретін, рухымызды көтеретін ерлік.

Қазалы ауданының бала-бақша, мектеп, колледж ғимараттарында балалар, оқушылар мен студенттерге патриоттық тақырыпта Қазалы ауданынан ел қорғаған батырлар туралы тәрбие сағаттарын, семинарлар өткізілген уақытта Шалқошқар батырдың есімі, жасаған ерлігі айтылып жүру тиіс.

«...Қасиетті де қастерлі Отан үшін жан беріп, жанын пида еткен шейіттерді жыл сайын еске алып, олардың рухына тағзым ету біздің, кейінгі ұрпақтың ең басты парызы..» деген Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев. Сол сияқты қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген нақыл бар.

ХХ ғасырдың ортасында Й. Геббельстің айтқан мынандай сөзі бар: «Отними у народа историю и через поколение он превратится в толпу, а еще через поколение им можно будет управлять как стадом...»

Ресей империясы, кейін Кенес Одағы да осындай тәсілді ұстанды. Біз өткен тарихымызды білмей өстік, құдайға шүкір, қазақ халқының төл тарихы - шежіре мен ауыз-екі деректердің арқасында көптеген Сыр өңірі батырларының есімдері ұмытылмай, қайта жанданып келеді.

Сыр бойында 1990-шы жылдарға дейін көптеген шежіреші ақсақалдар болған. Солардың арқасында біраз мәліметтер алынған еді. Қазіргі уақытта облыстың жеті ауданын араласаңыз, ондай кесек тұлғалы қарттарды кездестіру өте қиын.

«Атадан ұл туса игі» демекші, Шалқошқар батырдың ұрпақтары батыр бабаларының атына кір келтірмей, елде жақсы аттарымен шығады. Бұл табиғи зандылық қазақ халқында: «тектіден текті туады, тектілік тұқым қуалайды» демекші, Шалқошқар батыр текті елден шыққан және оның ұрпақтары да тектілігімен, тазалығымен белгіленді.

Енді Шалқошқар батырдың текті ұрпақтары жайлы сөз қозғайық.

Шалқошқар батырдан Тілес, Байтілес, Тұрабай дүниеге келеді. Шалқошқарұлы Тілестен Қарайғыр (Өтеулі) (18?-1916), Шобан, Ақмырза, Құтыш туады. Тілесұлы Қарайғырдан Әжімбет (1888-19.08.1937), Әлмағамбет (1892-1971), Тасмағамбет (1898-1925), қызы Назуша (1897-1961) және Жалмағамбет (1913-1973) дүниеге келеді.

Шалқошқарұлы Байтілестен Құлшара батыр, Асан, Үсен, Тәттібай, Таңатар деген балалары болады. Шалқошқар батырдың ержүректілігі, алып күштілігі немересі Құлшараға дарыған. Құлшара батырдан Сейітмағамбет (1897-1981), Сейітмағамбеттен 1926 ж.т.Бақытжан, 1928 ж.т. Сақитжан, 1937 ж.т. Бибізайым, Қарасай (1948-1985), 1950 ж.т. Қази деген балалары дүниеге келген.

Шалқошқар батырдың кенжесі- Тұрабайдан Серікбай, Серікбайдан Жолдасбай деген баласы болған. Шалқошқар батырдың шөпшегі- Жолдасбайұлы Мұрат молда еді. Мұрат молда (1912-1998) халық жадында берік имандылығымен аты қалған. Мұрат молданың соңынан ерген қарындастары: Мауты мен Меруерт. Мұрат Жолдасбайұлының қыздары: Зияш пен Қияш, ұлдары: 1957 жылы туған Әнес пен 1981 жылы туған Кеңес үбірлі-шүбірлі болып отыр.

Халқымыздың ислам діні ұстанымдары аясында тәрбиеленуін табанды түрде насихаттаған оқымысты молда - Жолдасбайұлы Мұраттың қасиетті тұлғасының ұлағаты ел жадында мәңгі сақталады.

Енді Шалқошқар батырдың келесі ұрпағы, шөбересі-Әжімбет Қарайғырұлы жөнінде деректерімізді келтірейік. Кезінде әйгілі «Алаш» партиясының 500-ден аса мүшесі болған деседі. «Алаштың» басшылары да, қатардағы мүшесі де тұғырлы тұлға болған. Сыр бойында Алаш партиясының мүшелерінің есімдерін біз білмей келдік, енді уақыт өте олардың есімдері анықталып келеді.

«Төбеміз көкке көтерілді» деген осы болар, ұлттық мақтанышымыз «Алаш» партиясының Сыр бойындағы мүшелерінің бірі-Шалқошқар батырдың шөбересі Әжімбет Қарайғырұлы болған. Әжімбет атамыз Алаш партиясының Қазалы уезінен сайланған мүшесі ретінде партияның алғашқы съезіне қатысқан. Қазақтың көрнекті қайраткері Ахмет Байтұрсыновпен кездесіп, пікірлескен, кейін онымен өте жақын дос болып, хат алысып хабарласып тұрған. Ахметті аузынан тастамай, «біздің Ахаң» деп үнемі дәріптеп отырған.

Әжімбет көпшілікті терең ойлылығымен, шешендігімен таң қалдырған, қара сөзде ешкімге дес бермеген. Керекті кезінде аяқ асты өлеңмен жауап қайтарған. Ел ағалары онымен санасып отырған.

1937 жыл, қазір «Қызыл террор» аталып жүрген сұмдық зұлматын ала келген жыл еді. Қазақтың небір аяулы азаматтары сол жылы құрбан болғанын ел біледі. Бұл бір күнде ғана бола салған сұмдық емес еді, бұл - кеңестік биліктің үнемі жүргізіп келе жатқан саясатының жемісі еді.

Қарайғырұлы Әжімбет 1937 жылы «ескі заманды аңсаушы, халық жауы» - деп қараланып, дұшпандарының кесірінен жала жабылып, сотталып, Сібірге айдалып кетеді. Қиыр Шығыстан Әжімбет атамыз тірі қайтпайды. Есіл ер 49 жасында опат болды. 1958 жылы КСРО Жоғары Советі Президиумының шешімімен толық ақталды.

Шалқошқар батырдың ұрпақтары қазіргі таңда 70-тен астам шаңырақ және олардың көпшілігі Қазалы ауданында тұрады.

Ұлттық құндылықтарымызды сақтауда батыр бабаларымыздың тарихтағы орны ерекше. Әруақты батырларымыз ата-бабадан мұра болып қалған рухани мол байлықпен қатар қазақ қоғамының әлеуметтік тұтастығын қамтамасыз етіп келген жасампаз дәстүрлерімізді, елдің ішкі бірлігі мен ырыс-ынтымағын қасық қандары қалғанша қызғыштай қорғай білді.

Сыр бойы батырлары қол басқарған, ел намысын қорғаған, қай-қайсысының да түпкі мақсаты отаршылдық езгіден, басып алушылықтан исі қазақ жұртын арашалау, қорғау болатын.

Міне осы алда аталған Сыр өңірінің батырларының бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара күш біріктіруі біздің елдігіміздің, ұлттық рухымыздың үлкен белгісі болса керек.

Шалқошқар батыр тұлғасының бүгінгі ұрпаққа ерен көрінетіні заңды. Шалқошқар батырдың өмір жолы одан әрі зерттеліп, халқына тағы қайта қауышатынына, халқынан өз бағасын алатынына сенемін.

Шығыстың атақты ойшылы Сағди: «Дүниеде пендеге берілетін барлық сыйлықтың ең үлкені - оның артында қалатын жақсы аты, мейірімі мен қайырымдылығы» деген екен.

Осы айтқандай, қасиетті Қазалыда туған Шалқошқар батырдың халық үшін жасаған ерен ерліктері мен аяулы есімін құрметтей отырып, халық жадында мәңгі қалдыру біздің мерейлі міндетіміз болып қала бермек.

«Тіл сақшысы» газеті де өзіндік бет-бейнесі қалыптасқан басылымның бірі. «Смартфон әсері» атты мақалада байланыс құралының өміріміздегі алар орны жайлы ой қозғайды

...Біз бұрындары қандай едік? Бір мезгіл балалар мультфильмін көргенімізге мәз болып, оны көрші балалармен бірге талқыға салып, өзімізге ұнаған жерлерін жаттап та алатынбыз. Ер балалар асық ойнап, ләңгі тепсе, қыздар қуыршағын құшақтап, дәрігер немесе апай (мұғалима) болып ойнайтын. Біздер ата- анамыздың көріп өскен мультфильмін ғана тамашаладық, олар ойнап өскен ойындарды ойнадық. Өйткені, бізде «смартфон» болған жоқ. Ол кезде тек санаулы үйде ғана үй телефоны болатын. Телефоны бар үйге қызыға да қызғана да қарайтын біздің балалық шақ, сонысымен ерекше, сонысымен тәтті естелік... Ал, қазір барлығы өзгерген. Күнде түрлі жаңалыққа, сәт сайын жаңа дүниелер ағымына кенеліп жатырмыз. Замануи технологиялар өмірімізге дендеп еніп, тіршілігімізді жеңілдетті. Бірақ, әрбір ата-ана смартфон, план- шет секілді құрылғылардың пайдасымен қоса соншалықты зияндылығы да қатар жүретінін әрдайым есінен шығармағаны абзал. Қазір көп баланың қолында смартфон бар. Ал, оның кері әсері балалардың дамуын тежейтінін ғалымдар дәлелдеп бағуда. Британдық дәрігерлер смартфонды қараңғыда қолдану уақытша көруден айыратынын айтады. Мұндай жағдайда бір көз жарыққа, екіншісі қараңғыға үйреніп қалады. Смартфонды сөндірген кезде жарыққа үйреніп қалған көз біраз қараңғыны қабылдай алмай қалады екен. Соның салдарынан уақытша көрмей қалу қаупі туындайды. Смартфондағы көптеген бағдарламалар арқылы түрлі әлеуметтік желіге бай- ланыс ашылатыны сөзсіз. Бала тұрмақ үлкен адамның ойын сан орап алатын желілердің балаға сапалы ақпарат беретіні де екіталай. Желіге байланғанда адамдар арасындағы байланыс алыс- тай береді.

Ата-ана балаға тәрбие беруден, бала үлкеннің ақылын алудан біртіндеп қол үзе бастайтыны шындық. Қазіргі таңда барлығы дерлік өзара қарым-қатынасты түрлі чаттарда хат жазысу арқылы жасайды. Смартфонды пайдалану арқылы жылдам жауап беруге дағдыланғандар шолақ жауап жазуды үйреніп алған. Есесіне, көпшіліктің оқуға деген қабілетінің төмендеп кеткенін аңғаруға болады. Уақытты бекерге алатын смартфондар баланың сабаққа деген зейінін қашырып, тіпті ересек жұмыс адамының қолын байлап тастайтыны да рас. Бір сөзбен айтқанда смартфон «есірткі шегуші» секілді тәуелді болуды жүзеге асырады екен. Әлеуметтік желідегі айтар ой, шолақ әңгімелер адам ойын тежейтінін мына мысалдан көруге болады: «Оның атасы қайтыс болыпты», деген балаға сыныптасы «Ммм, саған да соны тілеймін» деп жаза салған. Көрдіңіз бе, жылдамдығы сол адамды ойлантуға да мұрша бермейді. Ал ондағы түрлі ойындардың қауіпі тіпті зор, баланың оптикалық-сенсорлық дамуына кері әсерін тигізіп қана қоймай, іс-әрекетін баяулатады, ұйқысын бұзады. Ғалымдардың зерттеуінше, смартфон жатын бөлмеде болған жағдайда ұйқысының қанбауына, ұйқыға кеш жатуы мен шаршаңқы болуына бірден-бір себепші болады. Мамандар балалардың жүйке - жүйесінің ауытқуының себептерін көп жағдайда ғаламтор мен смартфон секілді құрылғыларды пайдаланудан болатынын алға тартады. Бір орнында тапжылмай қимылсыз отыру салдарынан арқаның қисаюы, көзінің көруінің нашарлауы, артық салмақ жинауы тағысын тағы басқа да аурулар пайда болуы ықтимал. Мінезі өзгеріп, үнсіз, жалғыз, тұйық болып, өзін басқа әлемде жүргендей сезінетін, жалқау бала тәрбиелегіңіз келмесе, ата-ана ретінде балаға барлық дүниенің пайдасы мен зиянын әу бастан үйретіп отырғаныңыз құба-құп. ХХІ ғасыр өткен тарихтың бетін жауып, жаңасын жазуда. Сол, баяғыда «...асық ойнаған азады»,-деп сөгетін ата-анамен жылап көрісіп, асық ойнап жатқан балаға ескерткіш қойғың келеді, себебі әлемді смартфонизм жайлап кетті

Ақмешіт ақшамы газетінің тілшісі дін мен дәстүрдегі ерекшеліктерге тоқталып, өзінше көзқарас білдіріпті. Мақаласын «Сүндетке отырғызу мұсылманшылық жол ғана емес»... деп атапты. Фото: neke.kz

...Қазынамызды қаншалықты қадірлеп жүрміз?

Олай дейтініміз, бүгінде көп дәстүріміз болмысын жоғалтқандай, көнеден жеткен керім келбетінен айрылып қалғандай көрінеді де тұрады. Сондай ғұрыптардың бірі – сүндетке отырғызу ғұрпы.

Ескіден жеткен «дәстүр – ел дәулеті» дейтін тәмсіл бар еді. Қай кезде де ұрпақтың ұстамы мен әдебін бағамдаудың үкімін дәстүр айтатын. Дәстүр ұлттың ділі саналатын. Ділдің бір аты жүрек екенін ескерсек, қазақы дәстүрден қымбат қазына жоғы анық.

Ата салтының жолы үлкендерінен саналатын сүндетке отырғызу ғұрпының қай жағынан алғанда да маңызы зор. Өмірін ұрпағына арнаған қазақ халқы құрсақтой, шілдехана, бесіктой, қырқынан шығару, тұсаукесерден кейін сүндет той жасаған. Қадым заманнан бері дін үшін де, діл мен денсаулық үшін де керектігін дәлелдеп, қазақ халқының өмірінен ойып тұрып орын алған салтты бүгінгі жұрт қайтіп ұғып, қалай атқарып жүр?

Ең алдымен, бұл сүндет Пайғамбарымыз істеген амалдардың бірінен саналғандықтан мұсылман баласы үшін үлкен сауап. Баланы бес жастан асқаннан кейін сүндетке отырғызып, алыс-жақынын шақырып той жасау, мал сойып құран бағыштаудың да өзіндік тәлімі бар. «Сөз атасы Кәләмді айт» деген баба даналығымен Құранға үңілсек, киелі кітапта үш адамның тілегі кері қайтарылмайтыны айтылған. Соның бірі – қонақтың тілегі. Қырықтың бірі қыдыр деп той қылып, қонағымен қуанышын бөлісіп, қол жайып бата сұрағанның Тәңірі тілеуін береді. Ал нақты діни ұстанымға келгенде, сүндетке отырғызу шариғатта қарастырылмаған. Бір қызығы, бұл салт бір ғана мұсылман қауымына немесе қазақ жұртына ғана тиесілі еместігінде. Яғни, бұл тек мұсылмандық жол ғана емес.

Медицина ғылымында «циркумцизия» (лат. сіrcumcіsіо — дөңгелек кесу) деп аталатын сүндетке отырғызу салты әлем ғалымдары мен зерттеушілерінің үлкен қызығушылығын тудырып отыр. Сүндеттелген ер адамдардың қатерлі ісік пен жұқпалы ауруларға шалдығу қаупі төмен екендігі де дәлелденген. Тіпті СПИД-ке шалдыққан ер адамдардың көпшілігі сүндеттелмегендер екендігі де анықталып отыр.

Сүндетке отырғызуға медицина араласқалы салттың атқарылуында алға басулар байқалған. Халық қазірде бір уақ мал атап арнайы алдырған ауыл молдасының ұстарасына қарап, қолы жеңіл болуын тілеп отырмайды. Көп жағдайда мұнымен тәжірбиелі хирургтер айналысатын болған. Халық үшін бүгінде тіпті лазермен сүндеттеу де таңсық емес. Сол хирургтердің әрқайсысының өз қызметі үшін қойып алған бағалары да бары жасырын емес. Лазермен сүндеттеудің 300-500 доллар аралығындағы бағаларын да естіп жатамыз. Сонымен қатар, балаға мінгізілетін атты жалға беремін деген жарнамалар да аз емес. Ат шаптырым залдары бар мейрамханалар дәурені де жүріп-ақ тұр.

Ал қазақы танымда, бұл үрдіс баланың ат жалын тартып мініп, қатарға қосылғанының көрінісі еді. Ұрпағына «азамат болу парызың» деп үйрететін қазақ отбасынан шыққан кез келген ұл бала есеюдің ең алғашқы бұл сынағын басынан өткерді деп ойлаймыз. Бала кезде осы күнді біріміз қобалжып, біріміз қорқып, біріміз асығып күттік. Қорқудың себебі айтпаса да түсінікті. Бүгінде ер азаматтардың көбі езу тартып еске алатын сол оқиғаға асығуға да себеп жоқ емес еді. Өйткені дәл осы күні қонақтардың сыйлықтары мен ата-ананың бар тәттілері әлгінде ғана кішігірім «операциядан» шыққан баланың бас жағынан орын алған қоржынды толтыратын.

Осылайша, «ашамайлы атқа, мұсылмандық таққа мінгізу» салты негізінен нені дәріптеуші еді? Бұрынғы дәстүрге сүйенсек, сол күні балаға бастан-аяқ жаңа киім кигізіп, екі иығына үкі қадайтын. Сосын өзіне арналған атқа мінген бала өз тойына келетін қонақтарды өзі шақыратын. Барған жері баланың қанжығасындағы қоржынын сыйлыққа толтырып жіберетін. Бұрынғы қазақ сол арқылы баласының есейгенін білдіруді ниет ететін. Тіпті, күні кешеге дейін, баланың нағашы жұрты «қырық серкеш» үлесін беруді өзіне міндет һәм үлкен дәреже санайтын еді. Ата-ана болса, мұндай сыйды ұрпағының ертеңгі дәулетінің басы деп ырымдайтын.

Байқағаныңыздай, бұрынғы салт баланы ересек өмірге бейімдеудің басы болатын.

Барлығына таныс жайды бұлай тізбелеудегі айтпағымыз баба салтының бүгінгі жағдайы. Қазір алғашқы күндері өтіп жатқан тамыз айы ағайынның жасы толған баласын сүндетке отырғызатын мезгілі. Тіпті науқаны десек артық емес. Әрине, ел пікірі екіге жарылған бір тұс бар. Оның бірі сүндетке отырғызу бабамыздан қалған салт, әркімнің қай деңгейде тойлауы өз еркінде десе, екіншілері ысырап дегенді алға тартады.

Осы тарапта құрғақ сөз, тұлдырсыз әңгімеден алыс болу үшін қаламыздағы қаптаған тойханалардың бірінде өткен сүндет тойға қонақ болғанымызда жоғарыда айтылған салттың бірін де көре алмадық. Негізінен атқа да, таққа да мінгізу ұмыт қалған кез аз бүгінде. Бірақ мұндай жағдайлар да кездеседі екен. Біз сүндет тойдың кәдесінен ада, банкет деген нәрсеге көбірек келіңкірейтін жиынға тап болдық.

Нені тойлау, қалай тойлау әркімнің жеке шаруасы. Бірақ қанымызға қасиет болып сіңген дәстүрдің сақтаушысы халық емес пе?

Сонда... Салт деген «ұл-қызым ұлтының болмысын ұғынсын» деп атқарылмай ма? Біздің қай ғұрпымыздан болса да қазақылықтың иісі шығып тұруы керек шығар. Осы орайда, екіге жарылған ел пікірі тағы ойға оралады. Салтын әркім өз мүмкіндігіне сай атқарады. Бұрынғы заманда «балам азамат болды» деп ат шаптырып, балуан күрестіретін дәулетті адамдар да көп болған. Елге шашылған несібе ысырап емес деп ойлаймыз. Бірақ нақ осындай салттың тәлімі мен жөн-жоралғысынан ада жиынға кеткен шығын ысырап болса керек...

Осы газеттегі «Қызылордадағы қоғамдық көлік жағдайы: үлкен де жайлы автобус, сыпайы кондуктор»... мақалада қаладағы қоғамдық көлік проблемалары сөз болады.

...Жақында қаламызға үлкен автобустардың ізін жалғастырып, 40 автобус келді. Бір кездері үлкен автобус арман болған сырбойылықтар үшін автобустардың алғашқы 20-ы ел игілігіне қызмет етіп, мұнан соң жалғасы қашан болар екен деп елдің жолға қарап, елеңдей күткені рас. Себебі, санаулы автобус қоғамдық көлік мәселесін түбегейлі шешпегені белгілі. Бүгінгі күнге дейін №18,1 бағытындағы маршруттарға қызыға қарай­тындар да жоқ емес. Себебі, жұмысқа асыққанда және жұмыстан қайтар мезгілде сығылыса мінген газельдердегі көріністі күнделікті бастан өткеріп жүргендер ғана түсінер. Одан қалды, «көліктер жарысы» әлі де жалғасын тауып келеді. Ұялы телефон арқылы қай маршруттың қай жерде келе жатқанын біліп алып, соған қарай жылдамдықты азайтып немесе асыра айдайтын маршруттар арасындағы жарыс жасырын емес. Мұндайда қынжылған көпшілік үлкен автобустармен бірге бұл мәселе де шешімін тауып қалар деп үміттенеді. Ең бастысы, жергілікті биліктің қоғамдық көлік мәселесін түбегейлі шешуге білек сыбана кірісіп кеткенін білетін сырбойылықтар түйткілді мәселе­нің түйіні тарқатылғанша сабырмен қарап келеді. Міне, жақында ғана үлкен автобустардың қатарын толықтырған 40 автобус та облыс орталығына келіп жетті.

Жағымды жаңалық көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен тұспа-тұс келіп, су жаңа авто­бустарды ел игілігіне пайдалануға беру салтанатты шарасы «Тағзым» алаңында өтті. Қаз-қатар тізілген үлкен автобустарды сырттай тамашалаған көп­ші­лік­тің көкейінде бір ғана сұрақ: бұл автобус­тар енді қай маршрутқа беріледі екен? Бірі шет аймаққа жол тартқаны дұрыс десе, енді бірі бұл автобус­тардың әкімшілік алдындағы көшемен жүргенін құп көріп, өз пікірлерін ортаға салуда. Қалай болғанда да қалалықтарға қызмет ететініне қуанған ел әңгіме арасында аймақ басшысының да атын айтып, мақтап қояды. «Қаншама жұмыс жасалып жатыр, жақсы жаңалық көп» деп түйіндеді көпшілік.

Салтанатты шараға арнайы келген облыс әкімі Қ.Елеуұлы қызылордалықтарды жаңа автобус­тың келуімен құттықтады. Қаламыздағы қоғамдық көлік мәселесін шешу мақсатында 2014 жылы «Байқоңыр» ӘКК жанынан «Қызылорда автобус паркін» құрып, «Еуропалық қайта құру және даму» банкімен бірлесе жұмыс жасалғанын және 21 млн. АҚШ долларын несиеге алып, нәтижесінде қалаға үлкен сыйымдылықтағы автобустар келгенін елге жеткізген аймақ басшысы үлкен автобустардың әлі де жалғасы болатындығын жеткізді. Өткен жылы 30 автобус, бүгін 40, қыркүйек айында тағы 42 автобус келмек. Қоғамдық көлік мәселесін шешу мақсатында өңірімізде 200 автобусқа арналған автобус паркінің құрылысы жүріп жатқаны, мұнда көлік жөндеу, жуу цехы қызмет көрсететіні де атап айтылды.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Қ.Елеуұлы Қызыл­ордадағы қоғамдық көлік қызметінің сапасы қалай болу қажеттігіне тоқталды. «Арнайы форма­ларыңызды киіп, жолаушыларға сыпайы да, мәдениетті сөйлеп, аялдамалардың атауын қазақ­ша, толығымен айтып, мінсіз қызмет көрсетіңіз­дер» деген өңір басшысының бұл сөзі қоғамдық көліктегілерге берілген тапсырма десе де болады. Себебі, көпшіліктің жүйкесін жұқартқан қоғамдық көліктегі түйткілді мәселе жаңа автобус­тардың келуімен бірге шешімін табуы тиіс. Қызылорда­лықтар жаңа автобустармен бірге жайлы қызметті сезінуі тиіс. Әсіресе, баға қымбаттаған тұста...

P.S. «Жаңа автобустар қай бағытта жү­реді екен?» деген көп көкейіндегі сауал­ды «Қызылорда автобус паркі» ЖШС дирек­торы Ә.Нақыптан сұрадық. Білгені­міз­дей, су жаңа автобустардың құжатын рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр екен. Құжат дайындау жұмыстары толық аяқ­тал­ған соң, №18 және №17 маршруттарда ел игілігіне қызмет көрсетпек. Ал №18 маршруттағы әдепкі көк түсті үлкен авто­бустар қаланың шет аймағына, №14 марш­рут бойынша қызмет көрсетпек. Айтпақшы, құжат рәсімдеу жұмыстары апта аяғында аяқталып қалмақ.

«Ақмешіт жастары» газетінде де өңірдегі әлеуметтік-экономикалық салаға қатысты түрлі тақырыптар көтерілген. «Атыңызды кім қойды?»то:

...Адамзат қоғамында есте жоқ ескі заманнан болсын есімі, аты жоқ жан кездесуі мүмкін емес. Жалпы адам баласын бір-бірінен ажырату үшін ат қойып, айдар тағып келген. Кей елде кемені қалай атасаң, солай жүзеді деген тәмсіл бар. Қазақ балаға есім таңдауда талғам мен тағылымға жүгініп, бұл рәсімге аса жауапкершілікпен қараған. Дүние есігін енді ашқан сәбиге мәнді де мағыналы ат қою маңайдағы жұрттың міндеті саналған. Атұстарларға азан айтып, ат қою салты ақсақалдардың еншісіне байланатын болған. Сондықтан сәбиге елге еңбегі сіңген басшының немесе беделі бес қарудай тұлғалы жандардың есімі қойылған. Жаңа өмір иесіне болашақта мынандай бол деу арқылы өз армандарының орындалуын да тілек ете білген. Жалпы, балаға есім беру жайында бірер ауыз сөз айтпақпыз. Сәбиге есімді таңдауда кімдерге жүгініп жүрміз?

Есім таңдауды қазақ халықтық болмысының діңгегі үлкенді сыйлау арқылы жүзеге асырған. Сондықтан нәрестеге ат қоюға ауылдың аузы дуалы ақсақалдарын қолқалайтын болған. Көпті көрген көнекөз қариялар нәрестені батырдың не ақынның болмаса атақты ханның есімдерімен ерекшелеген. Сондай-ақ сәбидің туған күні қарсаңында ауылға қонақ болып келген өнер иелері немесе танымал тұлғалар болса, сол кісілерге есім таңдату дәстүрі де бар. Мысалы, белгілі жазушы Шахмет Құсайынұлының жұбайы Бикен ұл туғанда ол баланың атын Серке Қожамқұлов ағамыз Көбей деп қойған екен. Бұл атқа Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанұлы, Жұмағали Саин, Қасым Қайсенұлы бірауыздан келіскен. «Қырықтың бірі қыдыр» дегенсенімдегі халқымызда сәбиге есім қоюды бейтаныс адам- нан да өтінетін ғұрып бар. Мысалы, атақты күйші Дина Нұрпейісованың есімін ауылына сусын ішуге бұрылған жолаушыға қойдырған деседі. Қазақ есімдерін зерттеймін дегенадамға мол мүмкіншілік бар. ХХ ғасырға дейінгі қазақ есімдері өз заманының көрінісі екеніне дәлел. Қазақ есімдеріне көңіл аударған адам қазақ халқы туралы көп нәрсені білуге мүмкіндік алады. Себебі, қазақ халқы есім беруде өзінше бір құбылыс екені анық. Қандай аласапыран жағдайларды басынан кешірсе де есім беруде халықтық тамырынан айырылмаған. Ал бүгінгі күні сол игі дәстүрдің дәмін кетіріп алғандаймыз. Ат үсті ат қою дәстүрі етек жайыпбарады. Бұл сөзімізге Саммит, Дағдарыс, Олимпиада сынды «заманауи» есімдердің көптеп кездесуі дәлел бола алады. Қазір көркем шығарма кейіпкерлерінің орнын кино артистері ауыстырған. Сериалдағы серілердің есімдерін сәбилеріне беріп, жар асқан сайын жаңалық жасауда.Тіпті қазір ақсақалдарды аттан аударып, ат қоюды кейінгі жас өз еншісіне алып алғандай. Есім таңдауда қарияларды қолқалау азайып барады. Қазір халық арасында ат таңдаудың жеребе арқылы анықталатын түрі кеңінен қолданыста. Онда от- басы мүшелері түгел өздері қалаған есімдерін қағазға жазып, қапшыққа салады.Қолына ілінген кездейсоқ қағаз баланың болашақ есімі бола салады. Онда қандай есім жазылған, қандай мағына береді, оған бас қатырып жатқан жұрт жоқ. Бұл үрдіс өз кезегінде «Бинго» лотореясын еріксіз еске түсіреді. Маңдайдан иіскеп, мағыналы атыңды қоятын қарияларды сағынасың кейде...

«Қазаққа түнгі клуб қажет емес»от -pilot.ru

...Түнгі клуб алдында жастар темекінің түтінін будақтатып, екі-екеуден қолтықтасып, топырлап тұр. Бұл түнгі әсем қаланы шарлап жүргенде кез-келген ойын-сауық алдында көзге түсетін жайт. Осы ортада қарақөз қыздарымыз бен ел басына күн туғанда найзамен елін қорғайтын азаматтарды кезіктіресіз. Олардан болашақта қандай «ана», қандай «әке» шығары белгісіз? Табалдырықты аттамай тұрып, аяғы ауырлап қалатын жағдайдың ең басты себепкері ретінде түнгі клубтарды алуға әбден болады. Кешкі сағат 8-ден бастап таңғы сағат 5-6-да жабылады. Ол уақыт аралығында жастар шарап ішіп, кальян шегіп, түтіннің ортасында ашық-шашық бір-біріне жабыса билеуде. Сондай-ақ қазіргі таңда түнгі клубтар саны күн санап артуда. Табыстың қайдан түсетінін білетіндердің дені қаржысын түнгі клуб ғимаратын салуға жұмсауда. Сол сәтте қаншама адамның тағдырына балта шапқалы жатқанын сезсе ғой. Адам қашаннан нәпсінің құлы. Тұла бойын нәпсінің буы масайтқан жастар «құмарыңды қандыр» деп көз алдында арбап тұрған түнгі клубқа қамалмай қайда барады. Өкініштісі, сол түнгі клуб бозбала мен бойжеткеннің ұйықтаса түсіне кіріп, оянса санасын шырмап тұр. Түнгі клубтың жай жапсарымен танысу мақсатында түнгі клубтардың біріне бас сұққан едік. Іші өрімдей қыз бен оң солын ажырата білмейтін жігіттерге толы. Бір орындыққа жайғасып бақылап отырдым. Бірі, кальян шегіп, масайынқырап отырса, енді бірі вискидің дәмін татуда. Мәзірді көрсеңіз, адам шошырлық. Бұндағы бір күнгі көңіл көтерер қаржыға бір отбасының тамағын алуға жетер-ақ. Иә-иә сіз күлмеңіз. Себебі мұнда жазылған бағаларды көріп жағамды ұстадым. Алып қарасақ, тізімде тұрған арақ- шараптың атынан адам жаңылады. Шарап дегеніңіз 1 000 теңгеден басталып, 7 000-ға жетіп жығылады екен. Калянның құны да оңып тұрған жоқ. Тізімге «жеті атасын» енгізген, бағасы 3 500-7 000 теңгеге жетеді. Қарапайым сусынның өзі 1 000-2 000 теңге, сондай-ақ виски 5 000-20 000-ға барады екен. Әрқайсысын екі-үш мәрте қайталағанда жалпы шығатын қаржыны бағамдай беріңіз. Бір түсінбейтінім, қарапайым сту- денттерде мұншама ақша қайдан жүр. Аптасына екі мәрте келгенде ата-анасы «қайда бардың?», «не бітірдің?» деп сұрақтың астына алмай ма? Даңғаза музыка, ұрпақтың тамырына балта шапқан арақ-шарап, жастардың миын кептірген «кальян», тіпті, есірткінің жасырынсаудасы сол жерден табылады.Жалаңаштық пен ұятсыз билердің де куәгері боласыз. Түнгі клубтардың түтінін өшірсе, талай жастарымыз қуанбаса ренжімес еді. «Қыздан қылық кетсе, ұлдан ұят кетеді», дегендей бір-біріне ұмтылған жастар ақ тер, көк тер болып бірі секіріп, бірі айналып, бәйгеге түскен тұлпардай жамырасып, жарысып, бар өнерін ортаға салып жатты. «Есті қыз етегін қымтайдыны» қаперінде ұстанған қыз баласы жоқ. Бәрін көзбен көрген соң жүрегім ауырды. Ызаланғаным соншалық есікті тарс жауып сыртқа беттедім. Дархан есімді кейіпкеріміз түнгі клубтарға тек билеу үшін баратынын алға тартты. «Шынымды айтам, мен ондай ортаға өз басым билеуге барамын. Меніңше, көңіл көтерсең қиындықтарды бірсәтке ұмытасың. Барлық ауыртпалықтарың мен қиындықтарың артта қалғандай күй кешесің. Әрине жабылғандығын мен де құптар едім. Алып шаһарда мейрамхана мен кафелер көп. Түнгі сағат 12-ге дейін қызмет көрсетеді. Сонда барса да болады. Түнгі клубтың табалдырығын аттасамда қарындастарыма ешқашан рұқсат етпеймін. Өзім көзіммен көрдім де, көріп те жүрмін. Жақындарымның ондай ортаға бейімделгенін қаламаймын», - дейді Дархан Алтыбасов. Ал қала тұрғыны Бисен Орыншаевақаламызда түнгі клубтардың көптігіне ашулы. «Түнгі клубтардың жұмысын тоқтатуды, барлығын жабуды ұсынар едім. Қала жұртшылығының тыныштығын бұзды. Жастарымыз қалта телефоннан кеш батқанда бір- ақ бас алады. Сонымен қоймай ішімдікке де көп әуестеніп кетті. Бұрыш-бұрышта темекіні бұрқыратып, боқтық сөздермен бір-бірін былапыттап жатқан жастарды ғана кезіктіресің. Ғаламтордан байқағаным, олар онда көңіл көтерумен қатар бір- бірімен жарыса билейді екен. Айта берсең, жағымсыз тұстары өте көп. Қарапайым халық сияқты сабырлы билесе жөн ғой. Ал олар үстел үстінде жалаңаш билейтін көрінеді. Әрине өзіне керек ақшасын алады ғой. Осын- дайдан екіқабат болу, түсік жасату, шаңырақ көтермей босанусынды жағдайлар белең алады. Әкелерімен жасты дардай азаматтармен аймаласып жүреді. Бұл не сұмдық? Айналайындар-ау, олар дақазақтың қарадомалақ баласығой. Осыдан кейін ашынбайқайтесің », - дейді ақ жаулықты ана. Қазіргі жастардың ішкілікке салынып, түні бойы көше кезуі осы түнгі клубтардың кесірі. Олардан басқа ешбір мейрамхана мен кафе таңға дейін қызмет көрсетпейді. Аузынан ана сүті кеп- пеген аруларымыздың көбі осындай жерлердің кесірінен бұзылып барады. Қазаққа да, жастарға да түнгі клубтың қажеті жоқ деп түйіндеймін.

«Отырған қыз орнын табады»Фото: www.liveinternet.ru

...«Айтпаса сөздің атасы өледі». Олардың өзінен бұрын қоғамға да кері әсерін тигізіп жатқанын ел біледі. «Кәрі қыздар көп. Бұл дегеніңіз - көтерілмеген шаңырақ, ашылмаған гүл, туылмаған сәби» деген екен белгілі демограф Мақаш Тәтімов. Ия қазіргі таңда «кәрі қыз» атанғандар саны артып барады. Бәлкім «13-те отау иесі» деген қағиданы ұстанып, жастарымызды ерте шаңырақ көтеруге бейімдеу керек шығар. Әйтпесе құлаққа жағымсыз естілетін «кәрі қыздар» қоғамның дерті болмасына кім кепіл?! Ата-бабамыз бойжеткен қызына «тұрмысқа шық», «шаңырақ көтеріп, ана атанып, сәбиіңді бауырыңа бас» деген сөздер айтып, бағып қақты емес пе? Ал қазіргі таңда «оқуыңды тәмамда», «диломыңның жемісін көрейік», «отбасыңа қолғабыс етсең жөн болар еді», «өмірің әлі алда, жігіт табылады » деген сынды жағымсыз, алып қашпа әңгімелердің көбейгені алаңдатады бізді. Неше жаста тұрмысқа шыққан жөн? Кәрі қыздардың санын қалай азайтамыз? Олардың қоғамға тигізер залалы қандай? Көкейде жүрген сауал көп, оған қайтарылар жауап жоқ. Міне, мәселенің қайда жатқанын өзіңіз-ақ пайымдай беріңіз. «Отырған қыз орнын табады» деген сөзді көбіміз естіп те жүрміз. Алаңдататыны сол тұрмыс құрмаған қыздар осы сөздің астарын түсінбеген сынайлы. Білім қуып, отбасының қамыемес, қарақан басыныңқамымен қайғы боп жүргендер жетерлік. Жастық шақта жігіттен жігіт таңдап, уақыт өте бір дастарқанда ас ішетін өмірлік серік іздеп, бармақ тістеп қалады. «2020 жылы халық санын 20 миллионға жеткізуді мақсат етіп қойғанымызбен, демографиялық ахуалымыз осы көрсеткіштің ауылыалыс екенін көрсетеді. Соңғы деректерге сүйенсек, Қазақстанда 18 бен 25 жас аралығында отау көтермеген 700 мың қыз бар екен. Олардың 120 мыңнан астамы 25 пен 55 жас аралығында. Мамандардың айтуынша, 40-44 жастағы 1000 қыздың 150-і ғана ана болу бақытына ие болуы мүмкін. Бейресмимәліметтерге сүйенсек, қазіргі некегетұратын қыздардың орта жасы - 23 болса,жігіттердікі - 26 жас. Бірі мансап пен дәулетін түгендесе, енді бірі дені түзу жігіттің жоқтығын алға тартып әлек. Өзге біреудің балағына жармасуына да мүмкіндік жоқ. Себебі кәрі қызды балағына іліндірер жігіт жоқ. Тұрмыс құрмай, отырып қалған қыздың жалғыз қорқынышы жалғыздық. Ия ол өмірінің соңына дейін бір өзі қалудан қорқады. Содан кейін бала асырап алып, жанына демеу іздейді. Өзгенің баласын өз бауырына басып, жұбанышын сәбиден іздейді. Сөйтіп алдамшы сезімнің жетегінде қала береді. «Менің көлік алуым керек», «өзімнің жеке пәтеріме қаржы жинап жатырмын», «лауазымымды жоғарылатуым қажет» деген сыңайлы әңгіменің шет жағасын естіп, құлағымыз жауыр болған. Күнделікті аялдамада да, көлікте де өзгенің бақытына сүйсіне қараған жанды көп кездестіресің. Қоғамдық көлікте телефонмен сөйлесіп отырып орта жастан асқан бір апа: «жақсы жігіттер жақсы қыздарға үйленіп алған» деп ызаланып, тұтқаны қоя салмасыбар ма?! Тұтқаның ар жағындағы нәзік дауыс қателеспесем қызы болу керек. Міне, бүгінгі қоғамның мәселесі осы. Қоғамда жыл сайын кәрі қыздар армиясы көбейіп барады. Себебі олар үшін бала табу емес жан бағу бірінші кезекке шықты. Өкінішті-ақ...

«Сырдың сәулетші қызы» атты мақаладаөңірдің дамуына, көрікті ғимараттардың бой көтеруіне еңбек сіңіріп жүрген білікті сәулетші - Айжан Абсаттарова жайлы жазылады.

...Егемен елдің жерінде, тәуелсіз елдің төрінде бү­­гінгі таңда әлемнің сәу­лет­тік өнерімен иық тірескендей көз тартар­ ғи­ма­раттар саны жыл са­нап көбейіп келеді. Бұл біздің елде құрылыс сала­сының дамығанының бір дәлелі. Осы салада қыз­мет атқарып жүрген тұлға­лар­дың еңбегі ерен. Бір қуан­тарлығы құрылыс, сәу­лет­ші мамандығын игеріп жүр­ген жастар көп. Олардың біразы Сыр өңірінің дамуына, көрікті ғимараттардың бой көтеруіне тынымсыз еңбек сіңіріп, халық арасында үлкен абыройға бөленіп жүр. Солардың бірі білікті сәулетші - Айжан Абсаттарова.

Айжан Әбдіғаниқызы 1990 жылы 24 мамырда Жаңақорған ауданы, Қожакент ауылында дүниеге келген. №168 қазақ орта мектебінің түлегі. Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың «Сәулет және қала құрылысы» кафедрасында құрылыс мамандығы бойынша білім алған. Жаңақорған кенті «Проект Дизайн Құрылыс» ЖШС Жаңақорған филиалында инженер-жобалаушы болып қызмет атқарды. Қазіргі таңда Жаңақорған аудандық Сәулет және қала құрылысы бөлімінде бас инспектор-дизайнер. Осы қызметте жүріп кент, ауылдық округіндегі барлық жаңа құрылыс жобасын жасауда есімі ел ауызына ілінді. 2014 жылы «Құрылысшылар күніне» орай аудан әкімінің алғыс хатын иеленді. «3D studio MAX, «Sketch Up» бағдарламалары бойынша дизайн жасау курсын оқыды. Айжан болашақта көз тартар зәулім ғимараттар салуды армандайды. «Болашақ армандарым көп. Елордамыз Астананың сәулет өнеріне ешкімнің таласы жоқ. Менің де арманым осы. Мықты сәулетші болу. Шет елдің азаматтары тамашалайтындай, қыдырып көңіл көтеретін, демалатын ғимарат тұрғызуды армандаймын. Қазақстанның сәулетшілерімен мақтанамын. Олардың болашақта дархан даламыз бен сұлу қаламыз төріне болашақ ұрпаққа ұлттық нақышпен көркемделген, әлемдік сәулет өнерінің көрінісі ретінде ғимарат әлі талай салатынына сенемін. Себебі жастардың ойы тың идеяларға толы. Уақытты босқа өткізбейді. Әр уақытта «қандай ғимарат тұрғызсам, халықтың көңілінен шығады?» деген ой жетегінде жүреді. Мектеп табалдырығын тәмамдап, қандай мамандық тандауын білмей жүрген жастарға сәулетші мамандығын ұсынар едім. Себебі дала баласы да, қала баласы да бұл мамандықтың аса қажет екендігін түсінуі тиіс. Менің балалық арманым еді. Теледидардан Астананы көргенде «осындай ғимараттардың сызбасын сызу менің қолымнан келеді, үйренемін, талпынамын» деп алдыма мақсат қойғанмын. Сондай-ақ қаламыздың, мүмкіндік болса еліміздің құрылысының қарқынды дамуы үшін қолымнан келген шаруаларды атқаруға тиіспін деген едім. Міне, сол арманның жетегінде әлі жүрмін. Бірақ сонда да жалыққан, не болмаса ойымнан айныған емеспін. Сыр елінің Елордамыз секілді әсем ғимараттармен безендірілгенін қалаймын. Қала қонақтары серуендеп, құрылысына қызыға қараса деген тілегім бар» - дейді жас сәулетші Айжан.

Аймақтағы өзекті деген мәселелерді жиі көтеретін «Халық» газеті «Жалақыңды берсең енеңе, есең кете ме немене?» деп жаңылтпаштап тақырып қойып, ене мен келін проблемаларын сөз етеді.

...Адамдарды жақындастыратын да, алшақтататын да - ақша. Ал табиғатынан бір-бірімен «аттас зарядтар» саналатын ене мен келін арасында кейбір кикілжің де тап осы табыстан туындап жатады. Жалпы, келін тапқан табысын енесіне өткізуі тиіс пе, әлде өзі жаратуға құқылы ма? Бұл тұрғыда қоғам пікірі екіге жарылады. Бірі қолындағы барын енесіне беруге бейіл болса, бірі сырттың сыпсың сөзінен именіп, иіліп жатады. Екі ене қосылса да, келіндер кездессе де, жиі талқыланатын тақырыптың бірі осы. Сондықтан табалдырық аттап табысымен бөлісіп жүргендерді де, жалақысын жеке басына жарататындарды да, тіпті есік көрмеген ерке қыздарды да сөзге тартқан едік.

Ә.Әлиасқар, тұрмыс құрмаған:

- Мен отбасымда түсініспеушілік болмас үшін тапқан табысымды түгелімен енеме беруге әзірмін. Жанұяда бірлік болу үшін ортақ қазына болуы керек деп есептеймін. Ата-анамыз отбасы мүшелерінің барлығының қажеттілігі өтелгенін қалайды. Сол үшін ұқсатып жұмсай алады деп сенемін. Керек кезінде қажет ақшамды алып отырамын. Кей құрбыларым «Ене түрлі болады. Бірі жағдайыңды түсінсе, бірі тек ала берсем дейді. 80 пайызы ақшаны жамбасына басып отырғанды жақсы көреді» деп айтып жатады. Мен мұнымен келіспеймін. Ебін тапсаң, ерімейтін ене жоқ. Ол да ана. Сондықтан жоқ жерден ши шығармай, тіл табысқанға не жетсін?!

Ж.Керей (аты-жөні өзгертілген), тұрмыста:

- Адамдар әртүрлі. Бірі бюджетті жақсы жарата алса, бірі қомақты қаржыны да ысырап етеді. Сол сынды енелердің де қасиеті сан қилы. Мен енеме ешқандай кінә артпаймын. Тек, басқа емес, бір сәт өз әрекетіңізге қараңызшы. Алғанды жақсы көріп, бергенді ұнатпайсыз ғой. Және ал­ғаныңыз есіңізден тарс шығып, бергеніңіз ұмытылмайды. Бұл ақшаның сиқыры, буы болар. Сондықтан мен жалақымды басы бүтін енемнің қолына салмаймын. 15-20 пайызын жымқырып, қалғанын беремін. Бастан солай еттім. Өйткені, әйел болғандықтан әшекей мен ұсақ-түйекке әуес келеміз. Ал болмашыға тіленгенді кім ұнатады? Достарыңмен кейде жоспардан тыс сыртта шай ішіп қаласың. Бұған енеңнің күн­де­лікті жүріп-тұруға берген қаржысы жетпейді ғой. Сондықтан мен жалақыдан аздап жымқырып қалуды отбасына жасаған опасыздық деп ойламаймын.

А.Қалманова, тұрмыста:

- Енеммен бір шаңырақ астында тұрамын. Бірақ босаға аттағаныма бұйырса сегізінші жыл, бір айлығымды да енеме берген емеспін. Ол кісі де менен «айлығың қайда?» деп сұраған емес. Есесіне күйеуімнің карточкасын енем ұстайды. Айлық түскенде түгелімен өзі алады. Коммуналдық қызметтер құнын ата-енем төлейді. Азық-түлікті де енем өзі алады. Бұл мәселелерге мүлдем бас қатырған емеспін. Менің міндетім - үйді таза ұстап, әкелінген затты үнемді пайдалану. Тағам әзірлеп, кір-қоң жуу сынды барлық әйелдердің ортақ жауапкершілігі. Жалақымды алған кезде ара-тұра енеме сыйлық жасап қоямын. Тәтті, дәмді не балық сынды күнделікті тұтына бермейтін тағамдарды апарып, айлық алғанымды білдіремін. Ал той-жиындарға күйеуімнің енеме өткізген ақшасынан аламыз.

Ал босаға аттап, келін атанғанына жиырма жылға жуық уақыт болған, бүгінде өзі ене атануға дайындалып жүрген Нарғыз апай үлкеннен үйренетін нәрсенің көп екендігін айтады.

- Мен тұрмысқа шыққанда жасым небәрі 21-де болды. Ауылға келін болып түсіп, ауыл мектебінде мұғалім болып жұмысқа орналастым. Мектепке атам тұрғызғандықтан жалақыны беру-бермеу жайында да ойланбадым. Барлығын енеме әкеліп беретінмін. Қарыздарым мен қажетімді, мектептегі той-томалаққа жиналатын ақшаны айтамын. Енем берген айлығымнан бөліп береді. Майда-шүйде керегіңе деп аз-маз ақша ұстатады. Қалғанын қажетімізге қарай жарататын. Енемнің қолында оншақты жыл тұрып, кейін қалаға көштік. Айлығымды да, күйеуімнің табысын да өзім жарататын болдым. Кейде тіпті жеткізе алмай, қарызданып қалатын да кезіміз бар. Сонда ұқтым, ақша ұстаған адамның жауапкершілігі жоғары екен. Бәріне жеткізу ­керек. Тойға да, басқаға да бару тиіс. «Жалақымды өзім жаратпадым» деп жанжал шығаратын келіндерге айтарым, сау басқа сақина тілегенше, қамсыз күннің қадірін біліңіздер,- дейді.

ТҮЙІН. Асыл дінімізде әйел тапқан табысын бөлісуге міндетті емес. Үйдің отағасы барлық жауапкершілікті мойнына алып, барлық жағдайды жасауы тиіс. Ал отанасының нәпақасы өзінің хақысы болып табылады. Оны енеге не еріне беруге, тіпті есеп беруі шарт емес. Дейтұрғанмен, біз енеге ақшаңызды бермеңіз дегеннен аулақпыз. Көп түкірсе, көл болып, жанұялық табысыңыз еселенуі бек мүмкін. Бақыт қайда барады? Береке мен бірлігі жарасқан жерге қонады. Қолдың кірі болған қағаз үшін қабақ шытып, шаңырағыңызды шайқалтып алмаңыз.

Газет тілшісі тағы бір қызықты мақала үзінділерін ұсынады. Тақырыбы: «Қайыршының күнделігі»

24.02.2011 - Үстімдегі киімім қандай жұқа болса, жағдайым да солай. Қыстың нақ ортасында көше бойында өткен-кеткендерге қол жайып, ара-тұра тиын тастағандарға жылы сөзімді жаудырып, мейірімді жандардың саулығын тілеп отырмын. Үп еткен жел бола қалса, қалбалақтап ұша жөнелгелі тұрған қатырма қорапты таспен жиі-жиі бастырмалап қойдым. Түбіндегі бір-екі сарғылт тиынға ауық-ауық күннің сәулесі түсіп, жылт-жылт ете қалады. Суыт жүрген адамдарға аңтарылып, нәпақа бұйырып қалар ма екен деген мендегі соқыр үміт секілді...

10.04.2011

Қос аяғымның жоқтығы жанымды жегідей жейді. Кеше қандай едім, бүгін ше? Астымда тағым барда таныс-тамыр да, дос та, туыс та көп еді. Қос аяқтан айырылғалы алдымен жақын­дарым, кейін басқалары да қол үзе бастады. Қызметім барда қадірлі едім. Бұ дүниеде денің сау болмаса да болмайды екен. Жайым - мынау. Алыстан қара көріне бастаса, қорабымды алдарына тосып, тіленемін.

Көктем түсіп, күннің көзі көрініп қалды. Жердегі адам­дар­ға қарағанда көктегі күн­нің мейірімі ыстықтау ма, қалай?!

05. 09.2012

Көңілсіз күйік өзегімді өртеп барады. Алақан жайып сұрап алған тиын-тебенге шиша арақ ­сатып алып, өзім құралпы бей­ша­ралармен бірге біраз қауқылдасып қалып едік. Менің ортам енді осындай. Көрінгеннің қолына қарап, шаңы шыққан жерге аунай кетемін. Басым сынып ­барады. Көзім бұлдырап, дүние төңкеріліп кеткендей күй кешіп жатырмын. Қу дүние қысқа ­болады деуші еді. Шарасыз пендеңді көрінгеннің аяғының ­астында аунатқанша, ертерек ­алмадың ба, Құдай-ау?!

18.11.2013

Күздің қара суығы уілдеген сайын өңменімнен өтіп барады. Денемнің тоңазығаны сонша, бүрісіп жанымнан өткендерді тек аяқ алыстарынан ғана сезетін­деймін. Ауық-ауық қағаз қорапқа түскен тиындар бір-біріне тиген сайын тырс-тырс ете қалады. Сонадайдан аяқтың ­тысыры құлағыма естілді. Бас­қан қадамдарына қарағанда заты әйел секілді. Бүріскен күйімде жоғары қарағанмын. Қақ алдымда қиын күні қасымда болмай, кеудемнен итерген әйелім, жо-жоқ, бұрынғы әйелім тұр. Көшедегі қайыршыға қайта айналып келді деп дә­меленгенім жоқ. Біраз үнсіз тұрыстық. Сөйтті де ал­­дымдағы қорапқа бір бума ақшаны тастай салып, кете барды.

Ойын оқығандай болдым. Мені тастап, өзгенің етегінен ұстап кеткеніне кінәлі санайтын секіл­ді. Сол кінәсін бір бума ақшамен жуып-шайғысы келген-ау. Мұқтажым оны­­мен өтелмес. Өзім ­секілділерге үлестірдім оны­сын. Итке тастаған сүйектей лақтырып кеткен қаражаты көңілімде қатқан кесел мұңның орнын толтыра алмайтыны өкінішті...

11.05.2014

Тынысым тарылып, құдды кең дүниеге сыймай жатқандаймын. Сұрықсыз, кейпі кеткен өмірімнің өлшеулі тұсы осы-ау. Суықта тоңазыған, ­ыстыққа күйген, қалтырап, қалжыраған мүгедектің мұңын кім тыңдасын? Өмі­рім­нің осындай өксікпен, өкінішпен өтерін біліп пе едім? Әй, бірақ, қиналып қайтемін? Сонда да көңілім күпті. Мен сияқтылар әлемде миллионнан асып ­жығылады. Солардың бірімін де. Өкпелемеймін өмірге, құлақ асып тыңдайтын да ешкімім қалмаған. Төбедегі ­тезірек алса деп тілеп жүрмін.

Келесі «Құран мен қару қатар жүрмейді» тақырыбындағымақала бүгінгі орын алып жатқан дін мәселесіне арналған.

...Жер бетінде жақсылық қанатын жайып, мейірімділік теңіздей төгіліп жатса деп армандайтын болдық. Дүние тірлігіне алаңдаған адамдар уақыт еншісіндегі қымбат нәрселерді жоғалта түсуде. Бауырмалшылдық... Ізгілік... Мейірімділік... Саф көңіл... Бұл қасиеттер бәрімізге қажет.

Рухани жұтаңдаған денемізге иманды қуаттайтын белсенділіктер қажет болғаны көріне түседі. Күн өткен сайын жан түршігерлік оқиғалардың саны артып, адамзат баласы аз ғындыққа қадам басуда. Соның бірден-бір көрінісі - шекара асып, шалыс басқандардың тағдыры. Бүгінде адасқан топтардың түрі көп. Ең қиыны, қой терісін жамылғандардың көбі исламның атынан сөйлеп, Алланы ауызға алады. Солардың бірі әрі қауіптісі ДАИШ тобы болып отыр. Ислам құндылықтары талқандалып, мұсылман құқықтары аяққа тапталып жат­қан жерде Құран мен қару қатар жүрмейді.

Өткен тарихқа көз салсақ, Мұхаммед пайғамбар да өз уақытында және одан кейінгі халифалар да өзіне шабуылдаған жауға қарсы соғысып жиһад жасаған. Алайда түтіні түзу шығып, тыныш өмір сүріп жатқан елге барып қантөгіс жасамаған. Мұхаммед пайғамбар мұсылман әскерлеріне үнемі: «Алла атымен аттаныңдар, Алланың және Елшісінің дінімен жүріңдер. Қарт адамды, ­баланы, әйелді өлтірмеңдер...» ­деген. Ал атақты халифа Әбу Бәкір: «Әйелді, жас баланы, қарт адамды өлтірмеңдер. Жеміс ағашын кеспеңдер. Ғимаратты қиратпаңдар. Қой мен түйені тек жеу үшін ғана бауыздаңдар...» деп, жанды-жансызға түгел аяушылық сезімін білдірген. Халифат орнатамыз деп, қару асынып, адамдарды қойша бауыздап жат­қан ДАИШ содырларының әрекеті - Алланың берген аманатына жасалып жатқан қиянат. Бойларындағы қатыгездік мен қанішерліктен жан түршігеді. Қасиетті Құран Кәрімде: «Өлтірілуіне Алла тыйым салған кісіні нақақтан өлтірмеңдер...»,-деп айтылған. ДАИШ террорлық ұйым мүшелері өлтіру, ұрлау, зорлау, мешіттер мен шіркеулерді қирату, әйелдерді жыныстық құлдық­қа салу, балаларға зорлық-зомбылық көрсетуден алдарына жан салмай тұр. Жаратушы Алла тағаланың: «Жазықсыз адамды өлтірген адам - барлық адам баласын өлтіргенмен тең (күнәһар) болады» («Мәида» сүресі, 32-аят) деген ескертуі бар. Ардақты Мұхаммед пайғамбар болса, қоштасу қажылығында: «Ақиқатында сендердің қандарың, мал-мүліктерің бір-бірің үшін қастерлі, қол сұғуға болмайды. Мына қажылық күніндей қастерлі, қажылық айындай қастерлі, Мекке қаласындай қастерлі»,- деп өсиет еткен болатын.

Демек, жазықсыз адам­ға оның өміріне, жеке мүлкіне немесе ар-намысына қатысты қандай да бір басқыншылық жасауға рұқсат берілмейді. Исламдағы бұл қағида баршаға ортақ. Ертеректе ғұламалардың бірі медреседе дәріс беретін ұс­таз­ға шәкірттерін нұсқап: «Бұларға не үйретіп жатырсың?»- деп сұрайды. Сонда ұстаз: «Сарф, фиқһ, хадис»,-деп бірталай ғылымды тізбектей жө­нелтіпті. Сонда әлгі ғалым басын шайқап: «Жо-оқ! Бұларға бәрінен бұрын «білмеймін» деуді үйрет» деген екен. Бір күні Имам Мәлікке бір мәселе жайлы сұрақ қойылады. Ұлы Имам: «Білмеймін»,-деп жауап береді. «Негізінде бұл жеңіл, әрі оңай мәселе еді ғой» дегенді естігенде, Имам Мәлік ашуланып: «Ғалымда жеңіл нәрсе жоқ. Алланың: «Әлбетте, Біз саған ауыр бір сөз уахи етеміз» (Мүзәммил сүресі, 5-аят) деген аятты естімедің бе? Сондықтан, ғылымның барлығы ауыр. Әсіресе, қиямет күні сұраққа тартылатын ғылымыңыз»,-дейді.

Аталмыш екі оқиғадан төмендегі мәселелерді аңғарамыз: Діни мәселелерде пәтуа беретін адам білмейтін тақырыбында ешнәрсе айтпауы тиіс. Ең болмағанда іздестіріп, зерттеп, «кейін жауабын беремін» деуі керек. Бұл - нағыз ғалымға жарасатын қасиет. Ал енді білгішсініп, әр мәселеде пәтуа беретін болса, әрі бұл дүниеде, әрі ақыретте масқара болуға алып баратын әрекет. Ертең ақыретте, Алла тағала: «Жаңылыс пәтуа беріп, адамдардың қате істеуіне себеп болдың» деп айыптағанынан гөрі бүгін адамдардың «ешнәрседен хабары жоқ» деп, бұл дүниеде айып­тағаны мың есе артық емес пе?

Қалай болғанда да, ДАИШ террорлық ұйымының оңды-солды пәтуа беруі исламның ешбір ғылымына сай келмейді. Керісінше дұрыс емес пәтуа беру арқылы көптеген адамдардың өмірін ойран-ботқасын шығарып, қор ету зұлымдығы тұр. Сондай-ақ, бұл ұйымның ұстанымында ислам шариғатына теріс «тағут» және «тәкфір» түсініктері бар. Олардың пайымдауынша, тәкфір жасау, яғни кәпір деп айыптау үлкен күн? жасаған адамға қарата айтылады. ­Демек, ислам шариғаты басшылыққа алынбаған жүйеге «кәпір» үкімі шығарылады. Бұл тұрғыда үкімді Алла өзі береді. Исламда адамға қорлық көрсетудің бірде-бір түрі жоқ. Мұхаммед пайғамбар: «Қиямет күні өлтірілген адам өзін өлтіргенді ­Алланың құзырына басы мен шашынан ұстап алып келіп, мойындағы ­тамырларынан қан ағып тұрған күйде: «Раббым! Мынадан сұра, мені не үшін өлтірді», - деп қайта-қайта айтып Аршының жанына алып ­келеді», - деген. Және тағы бір хадисінде пайғамбар: «Кімде-кім менің үмбетіме қарсы шықса, олардың жақсысы мен жаманын өлтірсе, мұсылмандарын да аямаса, келісім иелеріне берген уәдесін орындамаса, ол менің үмбетімнен емес...», «Егер олар бір нәсілшілдік үшін ­соғысса, нәсілшілдік себепті ашуланса, нәсілшілдікке жақтасып жүріп өлтірілсе, ол надандық өлім­мен өлгені», - деген. Қазіргі таңда ДАИШ ұйымы Ирак, Сирия билігіне және мемлекет әскерлеріне қарсы соғыс бастады. Ел ішінде береке кетіп, христиан дінін ұстанушыларға қарсы қысым күшейді. Суық қарудың оғына ілініп, тепкі көргендер отанын, баспанасын тастап, қара басының амандығын ойлауға көшті. Баспана іздеп, бас сауғалағандардың халі қарулыларды ойландырар емес.

Бала - бақыт пен байлық, аманат. Алайда қару асынып, ашкөздіктің буы­на мастанғандар жас балаларды да аяусыз өлтіруде. Жазықсыз жандар жапа шеккен жерде қандай ислам ­болуы мүмкін? Жастардың бойында еліктеушілік көп болады ғой. Қазіргі таңда сол жастардың басым бөлігі әлеуметтік желіге тәуелді. Теріс ­пиғылды топтар осы бір «тә­уел­ді­лікті» ұтымды пайдаланып отыр. Жарнама аясы кеңейген сайын желіде жаңылған жастар аз ғана уақыттың ішінде «жиһадшыл» болып, жәннатқа баруды қалағандардың қатарына қосылуда. Негізінде, ­Жаратушы Алла тағала бізге жер бетінде зұлымдық жасауды емес, көркем мәміле мен адамдарға жақсылық жасауды бұйырмап па еді?! Білімі таяз, сенімі солқылдақ келген жастардың арасында басын қатерге тіккен нәзік жандылар да бар. ­Исламда некелі жарына ғана адал болған әйел заты бүгінде шетел асып, азғындықтың шашбауын көтеріп жүр. Мұны әлгі ДАИШ-те орын алып жатқан сұмдықтардан пайымдауға болады. Соқыр ­сеніммен өзге елдің ішкі мәселесіне араласып, саяси ­соғыстарға қатысу - «әһлі-сүннет» ақидасына жат және ислам шариғатына қайшы. Шындығында, кез ­келген соғысқұмар адамның ашқан соғысы жиһадқа жатпайды. ­Негізінде, мұндай бас-көзсіз озбырлық іс-әрекеттер мәселені шешпейді. Керісінше, жағдайды ушықтырып, шиеленістіре түседі.

Ақиқатында, адамзат үшін қазіргі ең үлкен жиһад - сауатсыздықпен күрес. Мұхаммед пайғамбардың: «Үл­кен жиһад - өз нәпсіңмен күрес», - деген өсиеті мұсылман баласына өмірлік ұстаным болуы тиіс. Ислам - бейбітшілік пен мейірімділік діні. Қаншама ұлттар мен ұлыстарды біріктіріп отырған әлемдік дін. ­Исламда ізгілік жасау, қамқорлық, мейірімділік үстемірек. Керісінше, зорлық-зомбылық, мұсылман бауырын кәпірлікпен айыптау, намаз оқымаса, ағайын-туыспен қатынасын үзу, өмір сүріп жатқан мемлекеттің заңдарын мойындамау, өзімен пікірлес болмағаны үшін басқалармен қарым-қатынастан қашу, қоғам мүшелеріне құрметсіздікпен қарау, басқаларды бүлікке шақыру сияқты ұстанымдар ешуақытта болмаған. ­Экстремистік және лаңкестік әрекеттер ислам дініне мүлдем жат. «Бір-бірлеріңді өлтірмеңдер. Расында Алла сендерге ерекше мейірімді. Ал кім айтылғанды дұшпандық, зұлымдықпен істесе, оны жақында отқа саламыз. Бұл - Аллаға оңай» («Ниса» сүресі, 29, 30-аяттар) деген Алланың аятынан хабары бар мұсылман қару ұстап, қолын былғамасы анық.

Өздерін «Ислам мемлекеті» деп жариялап, жер бетін қарумен жаулауды ниет еткен ДАИШ-діктерде бұлжымас шариғат бар деп ойласақ, қателесеміз. Олардың пиғылы - қан­төгіс. Қандастарымыз, қаракөздеріміз, намысты азаматтарымыз адасқандардың сойылын соғып кетпес үшін елімізде насихат жұмысы қарқын алуы қажет. Жастарға дінін, ділін, отанын, дәстүрін құрмет­тейтін­дей сезім, ақ пен қараны ажырата аларлық терең білім қажет. Айбынды жастарымыз рухы биік, намысты болса, теріс пиғылдылардың тәні­міз­ге тісі, жерімізге табаны тимейді. ДАИШ-тің улы идеологиясы әлемді алаңдатып отырған тұста елімізге де сақтық керек.

«Жау жоқ деме, жар астында» деп бұрынғылар текке айтпаған. Қол қусырып қарап отырмай, ел ішінде бірлік болуын қаласақ, сын сағаттарда ауыр жүкті жұмыла көтерген жақсы. 

Соңғы жаңалықтар