Дания ЕО төрағалығы кезінде балаларды цифрлық ортада қорғауға басымдық береді

АСТАНА. KAZINFORM — Алдағы алты ай ішінде Дания Еуропалық Одақ Кеңесіне төрағалық ететін болғандықтан, ЕО ірі технологиялық компаниялардың ықпалын шектеуді және ең алдымен балалар мен жасөспірімдерді цифрлық ортада қорғауды көздеп отыр. 

Дания ЕО төрағалығы кезінде балаларды цифрлық ортада қорғауға басымдық береді
Фото: Pixabay.com

AZƏRTAC агенттігінің хабарлауынша, осы аптада қызметіне ресми кіріскен Дания үкіметі еуропалықтардың, әсіресе жастардың технологиямен өзара әрекеттесу тәсілін өзгертуі мүмкін өршіл заңнамалық күн тәртібін басты басымдық ретінде белгілеген.

— Балалар мен жастарды зиянды онлайн-контенттен, тәуелділік тудыратын алгоритмдер мен олардың деректерін жаппай жинаудан қорғау — біздің күн тәртібіміздегі маңызды мәселе, — делінген Данияның төрағалық ету бағдарламасында. 

Бұл шын мәнінде өнімдердің тәуелділік тудыратын функцияларын қайта жобалауды және жасты тексерудің әлдеқайда қатаң жүйесін енгізуді талап етуге жол ашады.

Сонымен қатар, ЕО жасанды интеллектіні де қадағалауға ұмтылып отыр. Бұл ретте авторлық құқықты сақтау мәселесіне ерекше назар аударылады.

Биылғы күзде Еуропалық Одақ өз тарихындағы ең даулы заңдардың бірі бойынша түпкілікті шешім қабылдауы мүмкін. Күн тәртібінде — WhatsApp, Instagram, Google және TikTok сияқты ірі платформаларға пайдаланушылардың жеке жазбаларын педофилияға қатысты деректерге тексеру талабы тұр. Әрине, бұл тек сот шешімі негізінде жүзеге асырылмақ. Мақсат — Еуропа Кеңесінің мәліметінше, ЕО-дағы әр бесінші баланы қамтитын бұл ауыр проблемаға қарсы тұру.

Аталған ұсыныс 2023 жылы Еуропарламент тарапынан мақұлданғанымен, Германия мен Нидерланд сияқты негізгі мүшелердің қатаң қарсылығына байланысты екі жылға жуық тоқтап тұр.

Кейбір мемлекеттер кәмелетке толмағандарды қорғаудың атын жамылып, жаппай бақылауға есік ашады және шифрлау принципін, қауіпсіз онлайн байланыстың негізін бұзады деп қорқады.

Мұндай шифрлау WhatsApp сынды қосымшалар арқылы жіберілетін хабарламаларды тек жазысқан тараптар ғана көре алатын етуге мүмкіндік береді — бұл тіпті сервис иесінің де оған қол жеткізе алмауын қамтамасыз етеді.

Данияның ЕО-дағы төрағалығы осы тығырықтан шығудың жолын тауып, ортақ келісімге келуді көздеп отыр. Күнтізбеде қызылмен белгіленген күн — 14 қазан, дәл осы күні еуропалықтардың «құпия» болашағын анықтайтын пікірталас қайта басталады. Мақсат — әлеуметтік желілерді пайдалану үшін ең төменгі жас шегін, мысалы, 15 жасты бекітіп, платформаларды оны міндетті түрде сақтауға мәжбүр ету.

Айта кетелік Нидерланд билігі 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салуды ұсынған еді

Соңғы жаңалықтар