Данияда 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіні қолдануға тыйым салынады

АСТАНА. KAZINFORM — Данияда ел үкіметі әлеуметтік желілерді пайдалану үшін жас шектеуін енгізуді ұсынды, деп жазды DW.

Данияда 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіні қолдануға тыйым салынады
Фото: Pexels

— Әлеуметтік желілер деп аталатын бұл платформалар балаларымыздың уақытын, балалық шағын және амандығын ұрлау арқылы өркендеп келеді. Біз бұған нүкте қоямыз, — деді Данияның цифрландыру істері жөніндегі министрі Каролин Стейдж Олсен.

Мұндай мәлімдеме премьер-министр Метте Фредериксеннің балалардың психикалық саулығына алаңдап, әлеуметтік желіге жас шектеу енгізу жөніндегі үндеуінен кейін жасалды. Reuters агенттігінің хабарлауынша, парламенттегі көпшілік партиялар бұл бастаманы қолдауға ниетті.

Жаңа ереже бойынша, ата-аналар 13 жасқа толған балаларға кейбір онлайн-платформаларға кіруге рұқсат бере алады.

Данияда балалар арасында ең танымал әлеуметтік желілер — Snapchat, YouTube, Instagram және TikTok.

Зерттеулерге сәйкес, дат балалары әлеуметтік желілерде күніне орта есеппен 2 сағат 40 минут уақыт өткізеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Тәжікстан балаларға 14 жасқа дейін әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салған болатын.

Аустралия Премьер-министрі Энтони Альбанезе елі әлемде алғаш болып жасөспірімдерге әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салатынын мәлімдеді. Ол әлеуметтік желілер балаларға төндіретін қауіптердің «үнемі өзгеріп отыратынын» атап өткен еді.

Сондай-ақ Түркияда 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салынды.

Соңғы жаңалықтар