Данияда анадан балаға АИТВ мен сифилис жұғуы толық тоқтатылды
АСТАНА. KAZINFORM — Дания Еуропалық Одақтағы бірінші ел болып аналардан балаларға АИТВ (адам иммун тапшылығы вирусы — ред.) және сифилис жұғуын толық тоқтатты, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.
Ekstra Bladet ұсынған Statens Serum Institut мәліметіне сәйкес, бірнеше жыл бойы жүкті әйелдерді жүйелі тексеру жүргізіліп, қажетті жағдайда олар жедел емдеумен қамтамасыз етілген.
Мекеменің аға дәрігері Мария Вессманның айтуынша, қазіргі таңда Данияда балалар АИТВ немесе сифилиспен дүниеге келмейді.
Дания бұл жетістігі үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан ресми сертификат алды.
— Данияның жетістігі елдегі аналардың денсаулығын қорғау жүйесінің жоғары деңгейін және көмекке мұқтаж барлық жүкті әйелдерге қолдау көрсетуге қойылған ұзақ мерзімді мақсатты көрсетеді, — делінген Данияның жақында жеткен жетістіктері жөніндегі ДДСҰ хабарламасында.
Бұдан бұрын Данияда 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіні қолдануға тыйым салынатыны айтылды.