Даниял Сәбит әлем чемпионатында ширек финалға шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық бокс ассоциациясы (IBA) аясында Дубайда (БАӘ) өтіп жатқан әлем чемпионатында ел құрамасынан Даниял Сәбит (51 келі) ¼ финалға шықты.
Қазақстандық былғары қолғап шебері Леник Фернандеспен (Кабо-Верде) шаршы алаңға шықты.
Жекпе-жек барысында отандасымыз ширақ қимылдады. Нәтижесінде төрешілер шешімімен қарсыласынан 5:0 есебімен басым түсті.
Айта кетсек, бұдан бұрын Сәкен Бибосынов (54 келі), Ертуған Зейнулинов (63.5 келі) ширек финалға жолдама алған еді.
Енді ел құрамасынан кешкі сессияда Оразбек Асылқұлов (57 келі) Мукело Дламини (Эсватини), Абылайхан Жүсіпов (71 келі) Александр Радионов (Беларусь) сынды қарсыластарымен шаршы алаңға шығады.
Сондай-ақ 8 желтоқсанда ел құрамасынан Теміртас Жүсіпов (48 келі), Серік Теміржанов (60 келі), Санатәлі Төлтаев (67 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Нұрлан Сапарбай (92 келіден жоғары) ширек финалға шықты.
Ал Ерасыл Жақпеков (80 келі), Дәулет Төлемісов (86 келі), Нурмагамед Юсупов (92 келі) қарсыласына есе жіберді.