Данияр Елеусінов ZUFFA жобасы бойынша сынға түседі
АСТАНА. KAZINFORM - Кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов Kazinform тілшісіне алдағы жоспары жөнінде әңгімелеп берді.

Жақында Данияр Елеусінов АҚШ-тың Вашингтон қаласында филиппиндік Джеймс Бэконмен (26-5, 17 KO) шеберлік байқасты. Жартылай орта салмақта өткен бәсекеде отандасымыз қарсыласын екінші раундта техникалық нокаутпен тізе бүктірді. Данияр кәсіпқой рингтегі он үшінші жеңісіне қол жеткізді.
- Бұл кездесуде филиппиндік боксшымен шеберлік байқастым. Жекпе-жек сегіз раундқа жоспарланған еді. Екінші раундта оған жойқын соққым тиіп, жекпе-жек нокаутпен аяқталды. Оған техникалық жеңіліс жазылды. Қысқасы, кездесу ойдағыдай өтті деп ойлаймын.
Кездесуге тыңғылықты дайындық жүргіздім. Ол АҚШ-тың Питсбург қаласында өтті. Барлық талапты сақтап, жекпе-жекке толықтай дайын болдым. Бапкердің шешіміне құлақ асып, қарсыласымды жан-жақты зерттеуге көңіл бөлдім. Бұл жекпе-жек барысында тиімділігін көрсетті, - деді кәсіпқой боксшы.
Қазір Данияр америкалық тәжірибелі бокс маманы Томас Янкелломен жұмыс жасап жатыр. Ол кіші Рой Джонс секілді көптеген былғары қолғап шеберін дайындаған.
- Қыркүйек айында АҚШ-та тағы бір мәрте жекпе-жек өткізуді көздеп отырмын. Одан кейін келесі жылдың басында ZUFFA жобасы алғашқы кездесу болады. Онда UFC секілді тәжірибелі былғары қолғап шеберлері жиналған. Бұл кәсіпқой мансабымдағы жаңа белестің бірі деп ойлаймын. Сондықтан қыркүйектегі жекпе-жегім ZUFFA жобасына дайындық ретінде бағаланады, - деді Данияр.