Даңқты тракторшы Кәмшат Дөненбаева туралы кітап жарық көрді

Қостанай облыстық филармониясына жиылған халықтың қарасы қалың. Себебі, бүгін мұнда даңқты тракторшы КәмшатДөненбаева туралы кітап пен деректі фильмнің тұсауы кесілді. Жиынға Кәмшат Байғазықызының ұлы мен жеңгесі, көз көрген замандастары келді. Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Еңбек Ерінің кісілік қасиеттерін еске салды.
«Кәмшат Байғазықызының бейнесі жүрегімізе мәңгі сақталады. Ол кісі жүрген жерінде халқымыздың амандығын тілеп отыратын. Тың ардагері, ардақты ана қоғамдық жұмыстардан қалыс қалмады. Тіпті, 2016 жылы облыстық мештті ашқанда соның басы-қасында жүрді. Елбасының Жолдауын тұрғындарға түсіндіру кезінде де Кәмшат апаның сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Бір ерекшелігі, апамыз басынан ақ орамалын тастамады. Ол кісіні ғасырда бір туатын тұлғалардың бірі деп есептеймін. «Таулардың биіктігі алыстаған сайын білінеді» деген қазақта әдемі сөз бар. Осы сөз апамызға арналып айтылғандай. Кәмшат Байғазықызының есімі ешқашан ұмытылмайды», -деді облыс басшысы.
Архимед Мұхамбетов көктемде Қостанай қаласында Кәмшат Дөненбаева атындағы саябақ ашылатынын айтты. Қазіргі уақытта атақты механизатордың бюсті жасалып жатыр. Сондай-ақ, Архимед Мұхамбетов «Кәмшат» кітабының авторларына алғысын білдірді.
«Кәмшат» кітабы авторларының бірі - белгілі журналист Қыдырбек Қиысхан. Оның сөзінше, кітапта Кәмшат Байғазықызы туралы естеліктер топтастырылған.
«Естелік кітап Кәмшат анамыздың жеке мұрағат материалдары, туыстары мен замандастырының материалдары, бірнеше көркем шығарманың негізінде қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. Кіріспе бетінде Елбасының Кәмшат Дөненбаеваға айтқан лебізі жазылған. Кітаптың таралымы - 500 дана. «Издательский дом» баспасынан жарық көрді. Енді облыс кітапханалары мен мектептеріне таратылады.
Айта кетейік, Кәмшат Дөненбаева 1943 жылы Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы Ленин совхозында туған. Еңбек жолын Ұзынкөл элеваторында бастады. 1961 жылдан Қостанай облысы Боровский ауданы «Харьковский» совхозында механизатор болып еңбек еткен. Осы облыстың Меңдіқара ауданындағы «Каменьск-Уральский» кеңшарында механизаторлар дайындайтын курсты, кейін Қостанай ауыл шаруашылық техникумын сырттай оқыды. «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық Кеңесінің мүшесі, Облыстық әйелдер ісі жөніндегі және отбасы-демографиялық комиссияның құрамында бірнеше қызметтерді атқарды. 1980-1985 жылдары КСРО Жоғарығы Кеңесінің Ұлттар Кеңесі төрағасының орынбасары болды. 1976 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Екі рет Ленин орденімен, Құрмет белгісі орденімен марапатталған. 1990-1993 жылдары осы кеңшарда қауіпсіздік техникасының инженері, 1993 жылдан шаруа қожалығын басқарды. Қостанай облысының және Қостанай қаласының құрметті азаматы.