Дәрігерге сирек қаралатын адамдардың медициналық тарифі 20 пайыз қысқарады
АСТАНА. KAZINFORM – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Астана қаласы бойынша филиалының директоры Гүлжан Шайхыбекова Астана қалалық мәслихатының депутаттарына 2026 жылы күшіне енетін жаңа бұйрықтың салдары туралы мәлімет берді.
- Келер жылы бізді не күтіп тұр? 2026 жыл – бірыңғай пакетке көшетін жыл. Медициналық көмектің негізгі көлемі медициналық сақтандыруға көшеді. Сәйкесінше бізге халықты барынша медициналық сақтандыру жүйесімен қамту керек. Бізде Денсаулық сақтау министрлігінде жаңа қабылданған бұйрық туралы жеке отырыс болды. Ол бұйрықта кейінгі 12 айдың ішінде өзі бекітілген емханаға бас сұқпаған әрбір тұлғаға, ол бала болса да, ересек адам болса да, жан басына шаққандағы кешенді норматив бойынша 80 пайыз ғана тариф төлеу көзделген, яғни тариф 20 пайыз төмендейді. Ал емхана бекітілгенімен медициналық сақтандырылмаған әрбір тұрғын үшін төленетін тариф 10 пайыз төмендейді, - деді ол.
Қор өкілі ол шешімнің қазірдің өзінде қаржыландыру бойынша проблемасы бар емханаларға ауыр тиетінін айтады.
- Мұндай шешім әр емхана өзіне бекітілген пациенттерді бақылауын күшейтсін деген ниетпен қабылданып отырған шығар. Екіншіден, денсаулық сақтау жүйесі арқылы халықты мейлінше көбірек қамту үшін қабылданып отырса керек. Бізде 5-6 емхана бар. Олардың халықты қамту көрсеткіші өте төмен. Қала бойынша орташа қамту деңгейі 83,6 пайыз болса, аталған емханаларда қамтылған халықтың үлесі 76-80 пайыз көлемінде ғана. Осындай емханалар жыл аяғына қарай қаржыдан тарлық көріп қалуы мүмкін. Ал егер кредиторлық берешегі болса, тіпті артуы мүмкін. Бұл №8, №13, №14 емхана сияқты мекемелер, - деді Гүлжан Шайхыбекова.
Мәслихат депутаттары бұл бұйрықтың күшін жою мәселесін Мәжіліс деңгейінде көтеру керек деген байламға келді.
Бірі мұндай бұйрықты әр науқасты емханаға формалды жолмен келтіру арқылы айналып өтуге болатынын айтса, екіншілері дәрігерлерді өз міндетіне кірмейтін басы артық шаруамен жүктеуге ешкімнің хақы жоқ деген ой айтты.
Айта кетейік, 7 қазандағы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов келер жылы тұрмысы төмен азаматтар медициналық сақтандыру жүйесімен бюджет есебінен қамтылатынын айтқан еді.