Дәрігерлер Қазақстанда аяқ-қолды ампутациялаудың негізгі себептерін атады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент Сенаты жанындағы Инклюзия жөніндегі кеңестің отырысында елімізде адамдардың аяқ-қолын және басқа мүшелерін кесіп тастау статистикасы мәлім болды.

Н. Д. Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығы директорының орынбасары Ержан Ысқақовтың айтуынша, қазіргі кезде әлемде ампутацияның ең көп тараған себептері қантамыр және диабет ауруының асқыну салдарынан болады. Табысы жоғары елдерде ампутацияның 70-80 пайызы осы себептерге байланысты жасалып жатыр.
— Халықаралық диабет федерациясының мәліметіне қарағанда, қант диабетімен ауыратын адамдарда ампутация қаупі 15-40 есе жоғары. Дегенмен, төмен және орташа табысы бар елдердегі көрсеткіштер мүлде басқаша. Бұл елдерде ампутацияның негізгі үлесі жол-көлік оқиғаларына, өндірістік жарақатқа және әскери қақтығыстарға байланысты, — деді Ержан Ысқақов Сенатта протездік-ортопедиялық көмек мәселен талқылау кезінде.
Оның айтуынша, 2024 жылы Қазақстанда аяқ-қолды ампутациялаудың 3175 оқиғасы тіркеліп, көп жағдайда адамдардың аяғы кесілген. Өңірлер бойынша ампутацияның ең көп саны Қарағанды облысында — 462 жағдай, Түркістан облысында — 344, Ақмола облысында — 342 және Алматы қаласында — 233 жағдай.
Ампутация себептері арасында бірінші орында эндокриндік жүйенің аурулары — 27,7%, екінші орында тері және тері астындағы тіндердің аурулары — 24,5%, үшінші орында қан айналымы жүйесі аурулары — 22,5%. Сондай-ақ, осындай жағдайлардың 15 пайызы адамдардың жарасына, улануына және сыртқы факторлардың әсерінен басқа да зардаптарға байланысты. Ал 7 пайызы сүйек-бұлшықет жүйесі және дәнекер тін ауруларына қатысты.
— Ампутацияға әкелетін нақты ауруларға тыңғылықты талдау жасалып, оның аясында флегмона, аяқтағы артериялардың атеросклерозы, екі түрдегі қант диабеті, аяқ-қолды үсік шалу және басқа аурулардың әсері нақтыланды, — деді Ержан Ысқақов.
Еске салсақ, елімізде 95,3 мың адам протездік-ортопедиялық көмекке алатындар санатына жатқызылған.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2025 жылдың басынын бастап мүгедектік тобын белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде Қазақстанның барлық өңірінен 43,7 мың өтінім қаралды.