Дәрігерлер науқастан көлемі қарбыздай қатерлі ісікті алып тастады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматылық дәрігерлер әйелдің жатырынан үлкен ісікті алып тастады. Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, №8 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөліміне 56 жастағы әйел ішінің ауырсынуына және әлсіздікке шағымданып түскен.

Мамандардың тексеруінің нәтижесінде оған аналық без ісігі диагнозы қойылды. Көлемі 30-40 сантиметрге жеткен ісік жүктіліктің 40-аптасына сәйкес келді.
«Науқастың айтуынша, ол үш жылдан бері ішінің ұлғайғанын байқаған. Көлемі қарбыздай іскке ота жасау туралы шешім бірден қабылданды. Біз 11 литр ұйыма құрамды аналық без ісігін сәтті алып тастадық. Отадан кейінгі алғашқы сағатта пациент өзін жеңіл сезінді», - дейді Алматы №8 қалалық клиникалық ауруханасының гинекология бөлімшесінің меңгерушісі Дмитрий Цай.
Гинеколог Дмитрий Цайдың сөзінше, қазіргі уақытта жатыр ісігі кең тараған дертке айналған.
Дәрігер әйел адамдар ауыр дертке шалдықпас үшін гинеколог мамандарына жиі көрініп тұруы керегін айтады.
Осыған дейін Қазақстанда құрсақішілік үш ота жасалғаны туралы жазған едік. Алматыдағы балалар кардиохирургиясы және перинатология орталығының дәрігерлері Минск республикалық ғылыми-тәжірибелік «Ана мен бала» орталығы феталды медицина бөлімшесінің меңгерушісімен бірге Алматы қаласы, Алматы және Ақмола облыстарынан келген үш жүкті әйелге ота жасады.