Дәрігерлер су жұта алмай қалған бүлдіршіннің өңешіндегі жыланкөзді емдеп жазды

Тамыз айында педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына Талдықорғаннан су ішкенде үнемі шашалып, жөтеліп, жиі пневмонияға шалдыға беретін 4 жасар қыз бала келіп түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы дәрігерлерінің айтуынша, кеңірдек өңеш жыланкөзі — кеңірдек пен өңеш түтігінің арасындағы тесіктің бітіспеуі салдарынан пайда болатын туабіткен ақау.
Ол эмбриогенездің 4-6 аптасында бастапқы ішек пен тыныс алу түтігінің толық бөлінбегенінен қалыптасады.
Кеңірдек пен өңеш арасындағы туабіткен жыланкөз 3000 жаңа туған нәрестенің біреуінде кездеседі. Оқшауланған фистулалар өңештің бүкіл даму аномалиясының 3-4% құрайды.

Қосарланған патологиялардың ауыр түрлерінің бірі — кеңірдек-өңеш жыланкөзі.
Талдықорғандық төрт жасар Еленаның анасы бала туғаннан пневмониямен жиі ауыратынын атап өтті.
«Біз ылғи пневмониямен ауырып, емделетінбіз. Антибактериалды терапиядан кейін пневмония біраз уақытқа дейін жазылғандай болады. Сосын қайта басталады. Су, шәй сияқты сұйықтықты ішкенде шашалу осы күнге дейін қалып қойды», — дейді Еленаның анасы Юлия Журавлева.

Кішкентай қыздан кеңірдек өңеш жыланкөзі (фистула) осы жылы КТ түсіру кезінде анықталған.
Педиатрия орталығы дәрігерлерімен телемедицина арқылы кеңес жүргізілгеннен кейін бала жедел түрде педиатрия орталығына жіберілді.
Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына түскеннен кейін кішкентай пациентке кешенді зерттеу жүргізілді: өңешті рентгендік контрастты зерттеу, видеоэзофагогастроскопия, фибробронхоскопия.
Зерттеу қорытындысы бойынша сирек кездесетін туабіткен кеңірдек-өңеш жыланкөзі диагнозы қойылды.
Операция алдындағы дайындықтан кейін мойын медиастенотомия, кеңірдек өңеш фистуласын алып тастайтын ота жасалды. Операция бір сағаттан аса уақытқа созылды.

«Бұл — педиатрияда сирек кездесетін ерекше жағдай. Біздің тәжірибеде алғаш рет кездесіп отыр. Әдетте бізде қосарланған өңеш стенозы мен өңеш атрезиясы жиі кездеседі. Оқшауланған кеңірдек өңеш жыланкөзі — сирек кездесетін туабіткен ақау. Қарапайым тілмен айтқанда, трахея мен өңеш арасындағы тесікке байланысты тамақ үнемі өкпеге түседі. Соның салдарынан пневмония және қабыну болады. Бірнеше клиникада жүргізілген рентген сәулесі оның бар екенін көрсетпеген. 4 жасқа дейін балада бұл патология анықталған жоқ. Операция сәтті жасалып, қазір кішкентай пациентіміз үйіне шығуға дайындалып жатыр. Қазіргі уақытта бала су ішкенде шашалмайды. Көңіл күйі жақсы. Аман-есен. Тігісі де жазылды», — дейді операция жасаған дәрігері Константин Хаиров.