Дархан Қыдырәлі Сенат депутаты ретінде ант берді

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Дархан Қыдырәлі депутат ретінде ант берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ант беру
Фото: gov.kz

«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстанның тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін», – деді Д. Қыдырәлі.

Сонымен қатар, отырыс баарысында Дархан Қыдырәлі Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті құрамына сайланды

Бұдан бұрын хабарланғандай, осы аптада Д. Қыдырәлі Парламент Сенатының депутаты болып тағайындалды.

Осы қызметке дейін 2022 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі болды.

Д.Қыдырәлі 1974 жылы 16 сәуірде Түркістан облысы Түлкібас ауданында дүниеге келген.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да (1991-1992 ж) және Түркияның Мармара (1992-1996 ж), Докуз Эйлүл (1996-1997), Эгей (1997-1998 ж), Ыстанбұл (1998-2001 ж) университеттерінде білім алған. Эгей университетінде диссертация қорғаған (1998). Ыстанбұл университетінде докторлық диссертация қорғап, «философия докторы» ғылыми дәрежесін иеленген (2001 ж.). Абай атындағы ҚазҰПУ-да докторлық диссертация қорғап, тарих ғылымдарының докторы атанған (2010 ж).

2001-2005 жылдары – Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде аға ғылыми қызметкер, ғалым-хатшы, кафедра меңгерушісі, аппарат жетекшісі, жетекші ғылыми қызметкер.

2005-2006 жылдары – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде доцент, аға ғылыми қызметкер.

2006-2007 жылдары – ҚР Президенттік мәдениет орталығында директордың орынбасары.

2007-2008 жылдары – ҚР Білім және ғылым министрлігінде министрдің кеңесшісі.

2008-2009 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінде сарапшы, сектор меңгерушісі ретінде қызмет атқарған.

2009-2012 жылдар арасында ҚР Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары болған.

2012 -2014 жылдары Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары болып қызмет атқарды.

2014 жылдан бастап Халықаралық Түркі академиясының президенті.

2015 жылғы 29 маусымнан Түркі әлемі Ұлттық ғылым академиялар одағы хатшылығының басшысы қызметін қоса атқарады және аталған одақтың ұйымдастырушысы.

2016 жылдың шілдесінен «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы.

2018 жылдың қыркүйегінде Халықаралық Түркі академиясы президенті лауазымының екінші мерзімін атқарды. 

Соңғы жаңалықтар