Дархан Қыдырәлі: Жошы – қазақ хандарының атасы

АСТАНА. KAZINFORМ - Төл тарихымыз бен мәдени мұрамызды түгендеу – баянды болашақтың кепілі. Содан болар, соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атасы Алаш, керегесі ағаш қазақтың тарихи құндылықтарын жаңғыртуға баса назар аударып келеді. Алысқа бармай-ақ, Атырауда өткен құрылтайда ел Президенті Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алатынын айқындап, Жошы ханның тарихи тұлғасына және қазақ тарихындағы орны мен рөлін зерделеудің маңыздылығына тоқталған болатын. Бұл тарихи тақырыпты депутаттық сауалында көтеріп, зерттеу жұмыстарына белсенді атсалысып жүрген сенатор, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Дархан Қыдырәлі Алтын орда дәуіріне көз жүгіртіп, Жошы ханның қазақ тарихындағы рөлі жайлы әңгімелеп берді.

Дархан Қыдырәлі
Коллаж: Kazinform

Алғашқы ұмтылыс 

Қазақ хандығы – бір белес, қазақ деп аталатын хандықтың, тіпті бір ұлттың тарих сахнасына шығуы аспаннан түскен жоқ. Оның да арғы бір кезеңі, үзілмей келе жатқан алтын арқауы бар. Ол, әрине, Алтын Орда – Ұлық ұлысқа барып тіреледі. Жасыратыны жоқ, Алтын Орда тақырыбы ала-құла зерттелген, әсіресе, кеңестік кезеңде зерделеуге көп рұқсат берілмеді. Сондықтан да, біздегі әуесқой тарихшылар көбінесе Шыңғыс ханның айналасын төңіректейді. Ал, мемлекеттің құрылуы, кейінгі кезеңдердегі ұлыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайы, Жібек жолының бойындағы өркениеттерді жалғаушы ұлыстың қызметі, мәдениеті, әдебиеті жөнінде зерттеулер жүйелі жүргізілмеді. Осы тақырып бойынша 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өткенде біз Алтын Орда – Ұлық ұлыстың 750 жылдығын, содан кейін Жошы ұлысының 800 жылдығын атап өтуді ұсындық. Құр қол қарап отырмай, жұмысты да сол жылы бастап кеттік. Кейде қазақ халқының тарихы тереңге бармайды, мемлекеттілік болмаған деген сияқты әңгімелер айтылып қалады. Бұл ретте, біз мемлекеттілігіміздің тамыры тереңде екенін нақты ғылыми дәлелдермен, дәйектермен айғақтау үшін ауқымды халықаралық экспедициялар ұйымдастырдық. Атап айтқанда, 2016 жылы Моңғолияның Кентай аймағына халықаралық экспедиция жүргіздік. Келесі 2017 жылы «Кентайдан Ұлытауға» деген халықаралық экспедиция жүргізілді. Оған 18 елдің ғалымдары қатысты. 2018 жылы да бірқатар кітап шығарып, ірі жиындар өткіздік. 2019 жылы Парижде осы тақырып төңірегінде үлкен халықаралық конференция ұйымдастырдық. Оған әлемнің көрнекті ғалымдары қатысты. Сонымен қатар Ыстамбұлда, Астанада, Таразда, Бішкекте алқалы жиындар өтіп, жиырмаға жуық кітап шығардық. Соның ішінде Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тарауих» 5 томдық кітабынан бастап, түрлі құжаттар жинағы бар. Осылардың ішінде Жошы және Берке хан туралы монографияларды айрықша айтуға болады.

Тарихқа құлшыныс

Біздің бағымызға орай, Жошы кесенесі – Шыңғыс хан және оның әулетінен қалған жалғыз тарихи жәдігер. Бұл біздің Арқада тұр. Шыңғыс хан әулетінен тараған балалардан, немере-шөберелерінен қалған басқа ешқандай ескерткіш жоқ. Жошы туралы қаншама аңыздар, тіпті күй аңыздары сақталған. Мысалы, Ақсақ Құлан, Жошы хан сияқты фольклорлық мұраларымыз бар. Мәшһүр Жүсіптен жеткен қаншама әңгімелер - құнды дүние. Бір қызығы, Моңғолияда Жошы туралы дерек жоқтың қасы. Олар тіпті бертінге, біз ғылыми экспедициялар жүргізгенге дейін Жошы ханды көп білмейтін еді. 2017-18 жылдан бастап қана олар Жошыға қызығушылықпен қарап, Ұлан-Батордағы Шыңғыс хан мұражайынан арнайы орын берді.

Ғалымдардың сөзіне сүйенсек, биыл, 2014 жылы Жошының таққа шыққанына 800 жыл толып отыр. Бұл ретте «жақында ғана Ұлық ұлыс – Алтын Орданың 750 жылдығы тойланбады ма?» деген сұрақ туындайды. Біз Алтын Орданың дербестігін Жошының таққа шыққан сәтінен емес, Талас құрылтайынан бастаймыз. Талай мемлекеттер ту көтерген киелі Талас жерінде 1269 жылы Қайду ханның шақыруымен ұлы құрылтай өтіп, Ұлы далада Жошы Ұлысы (Ұлық ұлыс – Алтын Орда) мен Моғолстан бой көтергені белгілі. Қайдудың шақыруымен Талас өзені бойында Шағатай, Өгедей, Жошы әулетінің ханзада, нояндары жиналып, Орталық Азиядағы алғаш ұлы құрылтай өткізеді. Бұл тарихта 1269 жылғы Талас құрылтайы деп аталады. Құрылтай өтетін жер ретінде тарихи Талас жерінің таңдап алынуы тегін емес еді. Қадым заманнан құтты қоныс болып саналатын бұл өңірде Оғыз ханның ордасы орналасты, түрік қағанатының түп қазығы қағылды, 751 жылғы Талас соғысы арқылы Таң империясына күйрете соққы берген түркілер алғаш рет ислам дінін қабылдады, одан кейін Баласағұн, Суяб, Тараз сынды қалалары бар Қарахан мемлекеті қанат жайды. Сондықтан Махмұт Қашқари кезінде «Ұлығ Талас» деп әспеттеген, киіз туырлықты түркі жұрты үшін киелі мекенде Қайду құрылтай өткізді. Қайду басқарған құрылтайға Алтын Ордадан Беркечар мен Мөңке-темір, Шағатай ұлысынан Барақ қатысты.

Жалпы, Жошы ұлысымен бірге Шағатай ұлысына және Моғолстанға да мән беруіміз керек. Себебі, сол кезеңде қазіргі Қазақстан территориясының солтүстік бөлігі Алтын Ордаға қараса, Оңтүстік Жетісу, Ұшу-Талас аймағы Моғолстан, Шағатай аймағы деп қаралғанын білеміз. Осылардың барлығын тұтас қарастыруымыз керек. Себебі, олардың арасында үлкен сабақтастық болды және Қазақ хандығын дүниеге алып келді. Атап айтқанда Қазақ хандығы осы Моғолстан жерінде дүниеге келгенін ұмытпау керек.

Күмбезді кұрылыс

Жошы өмірден өткеннен кейін Ұлы далада, Ұлытау өңірінде әсем кесенесі бой көтерді. Кесене маңында Жошы ордасы деген жер бар. Қаракеңгір өзенінің жағасында орналасқан Жошы хан кесенесі порталды-күмбезді құрылыс түріне жатады. Күмбезі көгілдір түсті глазур­мен жабылған, күйдірілген кір­піш­­термен қаланған. Ж. Смаиловтың жетек­шілігімен Жошы хан мазарына жүргізілген қазба жұмыстары бары­сында шикі кірпіштен салынған қоныстардың орны анықталған.

Ұлытау өңіріндегі бұл кесенелер туралы алғаш рет XVI ғасырдағы Хафиз Таныштың «Шараф-наме-и шахий» атты еңбегінде кездеседі. Аталған тарихи еңбекте 1552 жылдың көктемінде Бұхара билеушісі Абдаллахтың Ұлытауға жасаған жорығында осы Жошы хан кесенесі маңындағы сарайға тоқтағаны туралы жазылады.

Жошы хан кесенесі туралы академик Қаныш Сәтбаев «Доисторические памятники в Джезказганском районе» атты зерттеу мақаласында: «Басқағыл тауының оң жағында, Кеңгір өзенінің жағасында күйдірілген кірпіштен соғылған, күмбезді, төртбұрышты көне үш кесене сақталған. Кесенедегі кірпіштің пішіні мен көлемі «алтынор­да­лық стильге» жақын. Халық арасындағы аңызға сүйенсек, бұл кесенелер Алаша хан, Жошы хан және дәулескер күйші Домбауылға тиесілі екен» деп жазды.

Одан кейін 1946 жылы академик Әлкей Марғұлан Жошы хан кесе­не­сі­не алғаш рет археологиялық қазба жұ­­мыстарын жүргізеді. Кесененің ішіне қазба жұмысын жүргізгенде екі қа­бір анықталған болатын. Бірінші қабірден темір шегелермен бекітілген ағаш табыт­тың қалдықтары табылған. Қаз­ба­ны жал­ғастыра түскенде қабірдің түбінен үстің­гі жақ сүйегі жоқ адамның бас сүйегі шыққан. Ең қызықтысы, сүйектерді жи­нас­тырғанда бір қолдың сүйектері же­тіс­­пейтіндігі анықталды. Қабірге орта жастағы ер адам жерленген екен. Қабір­ден жабайы жануар сүйектері, түйенің бас сүйегі, былғарының бөлшегі, мата және ту табылды. Ғалым әсіресе қабірге жабайы жануарлардың сүйегінің қойылуына аса мән бере отырып, бұл факті «Жошыны аң аулап жүргенде жабайы құландар теуіп өлтірді деген тарихи деректерді қуаттайды», – дейді. Ә. Марғұлан қабірден табылған архелогиялық артефактілерді, аңыз-әңгімелер мен жазба деректердегі мәліметтерді салыстыра келе, бұл кесе­не­дегі қабірлер Жошы хан мен оның әйелдерінің біріне тиесілі деген шешімге келеді. Бір аңыздарда Жошы хан қабірге бір қолсыз жерленген десе, келесі аңызда бұл кесенеде Жошының тек бір қолы немесе «Жошы ханның шынашағы» қо­йыл­ған дейді. Ә. Марғұлан кесенені 1228 жылы, марқұмның жылдығына дейін тұрғызылған дейді.

Археолог Ж. Смаилов кесененің салы­ну мерзімі туралы: «Өзбек хан тұ­сында Алтын Ордада ислам діні гүл­де­ніп, мемлекеттің ресми дініне айнал­ды. Осы уақытта Жошы әулеті ата-бабаларына арнап кесене тұрғыза бастады, солардың біріншісі Жошыға арналса керек. Кейіннен мұнда Жошы ұрпақтарының бірі жерленген болуы мүмкін», деген пікірді алға тартады.

Зерттеушілердің арасында кесененің уақытына қатысты түрлі пікірлер болға­ны­мен, оның сәулеттік құрылымы Қара­хан дәуірінің архитектуралық ескерт­кіш­терінен алыс кетпегенін байқаймыз. Ескерткіштің жоғары жағының күм­без­ді болып орнатылуы шығыстық, мұ­сыл­ман­дық үлгіде орындалғанын көр­сетеді. Осы кесенеге қазба жүргізу бары­сында табылған тарихи-мәдени құндылығы жоғары жәдігердің бірі – араб жазуы бар плита ойымызды қуаттай түседі. Бұл деректер кесене салынған уақытта Ұлық ұлыстағы ислам дінінің әлеуетін көрсетеді. Ғалымдар археологиялық, архи­тектуралық ерекшеліктеріне қатыс­ты ғылыми-зерттеу жұмыстарының қоры­тындылары бойынша кесене Жо­шы­ға арнап орнатылған деген тоқтам­ға жүгінеді. Біздіңше, бұл кесенені Жошы­ның ұлы Берке салдырған болуы тиіс. Тарихшы Жузжани Берке хан туралы «Жошы ханның ұлы Берке жорық кезінде мұсылман жерінде туған екен. Берке туар кезінде анасына Жошы былай деген екен: «Осы ұлды мұсылман ене асырасын, кіндігін мұсылман кессін, Берке мұсылман ананы еміп өссін, ол мұсылман болып өссін». Егер осы әңгіме шын болса, Жошыға Алла тозақ отын жеңілдетсін. Сөзсіз осы батамен Берке өсіп ержеткен соң мұсылмандыққа бет бұрды. Осы заман 658 хижра жылы (1259 – 1260) Жошыдан қалған мұсылман билеуші осы болатын» деп жазған екен. Бұл дерек бізді Жошы заманы ұлыста мұсылмандықтың бастауы болды деген ойға итермелейді. Жошының бір баласының есімі Мұхаммед болуы да ойымызды бекіте түседі. Ендеше, ислам дінін қабылдаған Беркенің өз әкесін мұсылман ғұрпымен жерлеуі әбден мүмкін.

Ұтымды ұсыныс

Биыл сенатор ретінде алғашқы депутаттық сауалымды Жошы ханнан бастадым. Себебі, Жошының жұмбағы көп. Оның дүниеге келуіне, өліміне, тіпті өмір жолына қатысты деректер тарихшылар арасында дауға ұласып жатады. Не десек те, Жошының ерен еңбегі, өмір жолы тек қана Алтын Ордамен емес, кейін Қазақ хандығымен жалғасып кетті. Қазақ хандығы сол Алтын Орданың жалғасы ретінде құрылғанын ескерсек, Жошы бүкіл қазақ хандарының атасы болып саналады. Сондықтан ол үлкен тұлға ретінде зерттелуі керек. Ол туралы фильмдер түсірілуі керек. Жошының аты мектеп оқулықтарына кіруі керек. Ұлы тұлға туралы бір-екі сөйлеммен шектелмеу қажет.

Ұлт тарихын білмеу – қасірет! Алайда одан өткен қасірет бар, ол – тарихты жаңылыс білу. Ұлттық санаға тарихи сана негіз болады десек, бұрмаланған түсініктен қате таным қалыптасады. Сондықтан тарихты дұрыс жазу және оқыту – тарихты жасаумен бірдей өзекті.Биыл аяқталатын Қазақстан тарихының көп томдығы Жошы ұлысына қатысты тың деректерді ұсынады деп үміттенеміз. Мектеп оқулықтары осы көптомдық негізінде қайта жазылғаны абзал. Онда Жошының қазақ хандарының атасы екені баса айтылуы тиіс. Сонымен қатар оқулықтарға қазақ мемлекеттілігінің бастаулары туралы да соны деректер енгізу керек. Мәселен, тарихи Талас құрылтайы өткен, Жетісу мен Сыр арасында құрылған Моғолстан мемлекетіне 6-7 сыныпқа арналған оқулықта 1 параграф, ал 10-сыныпқа арналған оқулықта 4-5 жол ғана арналған. Ал осы Моғолстан жерінде, Шу бойында Қазақ хандығының негізі қаланғаны белгілі.

Бір айта кетерлігі, ЖОО-дағы барлық мамандықтарға қазақ тарихы пәні оқытылуы тиіс. Осы пәнді методологиялық бірізділікке келтіріп, мемлекеттілігіміздің бастауларына басымдық берілгені жөн. Жошы ұлысына арналған іргелі зерттеулер жүргізу, арнайы музей жасақтау, нысандарға Жошының атын беру, әдеби, мәдени жәдігерлерді жаңғырту мақсатында Жошы мен Едіге байқауларын өткізу, Ұлытаудағы ескерткіш кешендерді ЮНЕСКО материалдық мұралар тізіміне енгізу де өзекті. Оларға ақпараттық қолдау көрсету, танымдық деректі және көркем фильмдер мен балаларға арналған мультфильмдер ұсыну да маңызды.

Елордада Жошы ханға көше берілді. Бұл өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Бұл игі шаруа еліміздің өзге шаһарларында жалғасын тапса нұр үстіне нұр болар еді. Енді Жезқазған әуежайына Жошының есімін беру керек. Мысалы, Ұланбатыр қаласына атбасын тіресеңіз, сізді «Шыңғыс хан» әуежайы қарсы алады. Жезқазған Ұлытау облысының орталығы ғой. Жошы хан, Алаша хан кесенесін тамашалауға келген тұрғындарды «Жошы хан» әуежайы қарсы алса, керемет емес пе? Қорыта айтсақ, Жошыны насихаттау шаралары үздіксіз жалғасуға тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, халықаралық аренадағы Алтын Орда – Ұлық ұлыс туралы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек.

Соңғы жаңалықтар