Дархан Қыдырәлі: Моңғолиядағы ғұрыптық кешеннің Елтеріс қағанға арналғандығы айқындалып отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы Ұлттық кітапханада Түркі академиясы халықаралық ұйымының президенті Дархан Қыдырәлі «Кентайдан Ұлытауға дейін: тарихи сананың жаңғыруы» атты ІІІ халықаралық экспедициясын қорытындылау барысында Моңғолияда жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесімен таныстырды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

Жиынға елімізге белгілі зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен түркітанушылар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Моңғолиядан, Қырғызстаннан, Өзбекстан, Түркиядан келген тілшілер мен тарихшылар қатысты. Дархан Қыдырәлі экспедицияның маңыздылығына тоқталып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Моңғолиядағы тарихи ескерткіштер зерттеліп жатқанын атап өтті. Академия басшысының айтуынша, 2017 жылы 15 тамызда Моңғолиядан басталып, Ұлытауда қорытындыланған ІІІ халықаралық экспедицияның жұмысы Алтын орданың 750 жылдығы қарсаңында сәтті аяқталған.

Сонымен бірге, Дархан Қыдырәлі Моңғолиядағы Шивээт Улан ғұрыптық кешенінде жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесін баяндады.

«Қазба жұмыстары жүргізілген Шивээт Улан, Өтүкен аймағындағы археологиялық жұмыстар жалғасын тапты. Ол жерді біз қоршап, мұраларды қорғауға алдық. Екінші жылдың археологиялық жұмыстары өте нәтижелі болды. Біз бұл жерде бірнеше ауқымды ғылыми нәтижеге қол жеткіздік. Ең басты жаңалығымыз - бұл ғұрыптық кешеннің Елтеріс қағанға арналғандығы ғылыми зерттеу жұмыстары нәтижесінде айқындалып отыр. Сол кезеңге тиесілі үлкен ғұрыптық кешен екендігі қазіргі таңда нақтыланды», - дейді Дархан Қыдырәлі.

Бұдан кейін Түркі академиясы халықаралық ұйымының ғылыми қызметкері Нәпіл Базылхан Халықаралық Түркі академиясы Моңғолиядағы ғылым академиясымен бірлесе отырып, «Шивээт Улан-2016» және «Шивээт Улан-2017» тақырыбында қазба жұмыстарын жүргізілгенін тілге тиек етті. Қазба жұмыстары биыл аяқталған.

«2016 жылдың зерттеу жұмыстарының нәтижесінде ғұрыптық кешеннің үштен бір бөлігі, 2017 жылы үштен екі бөлігі қазылды. Ол Моңғолияның солтүстік тарапында орналасқан. Бұл кешенде 30-дан астам арыстан, қой, қошқар бейнелі тас мүсіндер бар. Таңба тастар да табылды. Кешеннің солтүстік тарапында қорған саналып жүрген құрылыс бар еді. Ол қорған емес, асты төрт бұрыш текше торы бар, сегіз қырлы киіз үй іспеттес, яғни Дешті-Қыпшақ даласына кең таралған құрылыс болғандығы анықталды. Сонымен қатар, жаңа тас мүсін табылды. Демек, тас мүсіндердің саны 12-ге жетті деген сөз. Қабырғасы тас қаландыларымен жасалған. Яғни, жалпы көшпелілерде тас қаланды құрылыстар көп кездеседі. Оның бірі ретінде күні кеше ғана халықаралық экспедициялық топ барып келген Домбауыл кешенін атап өтуімізге болады», - дейді ол.

Нәпіл Базылханның сөзіне сүйенсек, ғұрыптық кешеннің дәстүрі - бұл тың дәстүрдің бастауы.
null

«Жапон ғалымдарының зерттеуі бойынша ол 692-670 жылдарға келіп отыр. Демек, бұл дәуір Елтеріс қағанның билік еткен дәуіріне тұспа-тұс келеді. Елтеріс қаған бүкіл көшпелі жұртты елдестірген жалғыз қаған атанған. Сондықтан да, сол таңба тастар Елтеріс қағанға байланысты деген болжам шындыққа жақын келеді. Кешен теңіз деңгейінен 1370 метр биіктікте, үш өзеннің қиылысында орналасқан. Айналасы таумен қоршалған. Онда жел қатты соғатындықтан, бұлт тұрмайды. Сегіз құрылыстың үш қыры анықталды. Енді қалған қырлары келесі жылғы қазба жұмыстары барысында толығымен анықталады. Ғалымдарды да, жұртшылықты да оның ортасында не бар деген сұрақ қызықтырады. Дәл ортасын қазған кезде күл, жебе табылған. Құрылыстың екі қақпасы, он екі мұнарасы болған», - деп түйді Нәпіл Базылхан.

Соңғы жаңалықтар