Дархан Жазықбаев: Мемлекеттік басқаруды бағалаудың шешуші факторы - азаматтардың өмір сүру сапасының артуы
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекеттік басқаруды бағалаудың шешуші факторы азаматтардың өмір сүру сапасының артуы болуы қажет. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінде елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың басты мақсатының бірі – ашықтық принципіне негізделген жаңа басқару мәдениетін қалыптастыру. Бұл мемлекеттік қызмет жүйесіне жаңа талаптар жүктейді. Мемлекеттік басқарудың сервистік және адамға бағдарланған моделі халық үніне құлақ асатын, тиімді есеп беретін кәсіби және ашық үкімет қалыптастыруды көздейді. Ашық үкімет принципін тәжірибеде іске асыру алда ықшам, неғұрлым тиімді мемлекеттік аппарат қалыптастыруға септігін тигізеді. Мемлекет басшысының «Біз адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген негізгі қағиданы айқын ұстанатын боламыз» деген пікірі – «Ашық үкіметтің» негізіне айналуы тиіс іргелі принцип. Себебі жаңа басқару мәдениеті «ең алдымен адамдар» қағидатына негізделеді», - деді ол «Ашық үкімет және басқарудың жаңа мәдениеті: есту, түсіну және әрекет ету» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда.
Агенттік төрағасының атап өтуінше, мемлекеттік аппарат мемлекеттік органдардың қызметін қолдауға бағытталған әкімшілік функцияларды атқарумен шектелмей, оның негізгі міндеті қоғамның талап-тілегіне құлақ асып, халықтың сұранысына жауап беруге бағытталған мемлекеттік функцияларды жүзеге асыруы болуы тиіс. Сонда ғана шын мәніндегі жаңа басқару мәдениетіне көшіп, ашық үкіметті қалыптастыруға болады.
«Мұндағы мемлекеттік органдар үшін мақсат – мемлекет пен қоғам қатынасын үйлестіруде бюрократияға жол бермейтін басқарудың проактивті, сервистік және азаматтардың сұраныстарына ден қоя алатын үлгісіне көшу. Нәтижесінде халық өзі үшін маңызды шешімдерді таңдауға мүмкіндік алып, оның мемлекетке деген сенімі артады. Жаңа басқару мәдениетіне сай еліміздегі реформалар, бағдарламалық құжаттар мен ұлттық жобалардың тиімділігі олардың халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасына тигізген оң әсерімен өлшенуі керек. Яғни, басқаруды бағалаудың шешуші факторы азаматтардың өмір сүру сапасының артуы болуы қажет. Жалпы кез-келген маңызды бастаманы жүзеге асыру жиі қоғамдық талқылауды, жан-жақты саралап зерделеуді талап етеді»,- деді Дархан Жазықбаев.
Айта кетейік, конференцияның мақсаты – мемлекеттік басқарудың өзекті мәселелерін талқылау және практикалық ұсыныстар әзірлеу, оның ішінде «ашық үкіметті» енгізудің үздік тәжірибелерін зерделеу, Invisible Government – мемлекеттік қызметті цифрландырудың негізгі аспектілерін талдау, мемлекеттік қызметте HR-менеджментті дамыту, азаматтық қоғам, бизнес және мемлекет арасындағы ашық диалогты нығайту.