Дариға Назарбаева: Әйелдерсіз білім мен денсаулық сақтау саласы әлдеқашан құрдымға кетер еді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан әйелдері саясатта, бизнесте және ғылымда биік жетістікке жете алады. Бұл туралы бүгін «Әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арналған жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық бизнес конференцияда ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дариға Назарбаева мәлім етті.
None
None

Іскер әйелдердің осындай маңызды кездесулеріне қатысқанды ұнататынын атап өткен Д. Назарбаева, бүгінде елімізде әрбір әйелде өзін саясатта, бизнесте және ғылымда көрсетуге мүмкіндігі бар екенін жеткізді.

«Мұдай кездесуде әйел бойындағы қажыр-қайратты айрықша сезінесің. Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы өз қанатының астына еліміздегі ең мықты, ең үздік, ең әдемі қыздарды жинап отыр. Бұл дұрыс та, жұдырықтай жұмылсақ, қашанда оңай, қауіпсіз әрі сенімді. Біз ерекше кезеңде, еркін елде өмір сүріп жатырмыз. Біз жоғары білімді қазақстандық қоғамның бір бөлігіміз. Әрқайсымыз саясатта, бизнесте, ғылымда биік жетістікке жете аламыз», - деді сенатор.

Осы орайда ол бүгінде нәзік жандылар ерлерден еш қалыспай, өз істерін жауапкершілікпен өте жақсы атқарып жүргенін сөз етті.

«Әйел болмаса, білім мен денсаулық сақтау саласы әлдеқашан құрдымға кетер еді, жұмыссыздық 30 пайызға дейін жайылатын еді. Құрметті апа-сіңлілер, сіздердің еліміздегі жалпы ішкі өнімге қосар үлесіңіз 40 пайызды құрайды. Мұнымен де шектелмейді деген сенімдемін. Осыны күнделікті күйбең тірліктен бір сәт серпіліп, өзіңіз және отбасыңыз бен Отаныңыз үшін қандай ұлы істерді атқарып жүргеніңізді еске алсын деп айтып отырмын. Сол үшін де сіздерге бас иеміз», - деді Дариға Назарбаева.

Соңғы жаңалықтар