Дариға Назарбаева Дүниежүзілік банктің ОА жөніндегі Аймақтық директорымен кездесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева Дүниежүзілік банктің Орталық Азия жөніндегі Аймақтық директоры Лилия Бурунчукпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Сенаттың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, кездесу барысында ынтымақтастықтың келешегі зор бағыттары талқыланды. Д.Назарбаева Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдағаны үшін Л.Бурунчукқа алғысын білдірді.

Айта кетейік, Дүниежүзілік банк ынтымақтастық жылдарында Қазақстанға жалпы құны 8 миллиард доллардан асатын 40-тан астам жобаны қаржыландыруға қарыз берді.

Л. Бурунчук атап өткендей, Дүниежүзілік банк Қазақстанмен қол жеткізілген уағдаластықтарды саралау және ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындау үшін 2017 жылы еліміз бойынша жүйелі талдау жүргізген. Қазіргі кезде елімізбен 2019-2023 жылдарға арналған жаңа әріптестік стратегиясы әзірленуде. Ол сондай-ақ өзекті мәселелерді атап өтіп, бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, экономиканы әртараптандыру, бизнеске қолайлы жағдай қалыптастыру, экономикадағы мемлекет үлесін қысқарту, мемлекеттік субсидия берудің тиімділігін арттыру жайы қозғалды.

Ынтымақтастықтың басымдықтары ретінде Д.Назарбаева мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, экономиканы цифрландыру, бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелерін баса айтты. Сенатор Дүниежүзілік банкке индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының тиімділігіне егжей-тегжейлі талдау жүргізуді ұсынды. Экономиканы әртараптандыру баяу жүруде. Еліміз әлі де шикізат ресурстарын экспорттауға тәуелді болып отыр.

«Біздің экономиканы дамытуға сапалы серпін беруге кедергі болып отырған өзекті мәселелерді анықтау үшін бейтарап көзқарас пен кәсіби түрдегі терең талдау қажет», - деді сенатор.

Сенат комитетінің төрайымы биылғы қыркүйекте Астанада өткен Ауғанстан әйелдерінің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі аймақтық конференция өткізудегі Дүниежүзілік банктің үлесін атап өтті. «Қазақстан азаматтық мамандықтарды оқыту үшін ауғандық жастарға 50 миллион доллар қосымша грант бөлген болатын. Ауғанстанға әйел дәрігерлерді даярлауға ерекше назар аудару керек. Д.Назарбаева Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру және әлеуметтік-экономикалық дамуға инвестиция салуға арналған ынтымақтастық пен келісімдерді жалғастыру керек», - деп санайды ол.

Соңғы жаңалықтар