Дариға Тілендиеваның алғашқы шығарған күйі - «Қайран менің Нұрекем»

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шашасына шаң жұқтырмайтын жүйрік дүбіріне құлақ түріп, табиғаттың сылаң қаққан сұлулығына тамсанып, елім, жерім деп тебірене музыка жазған халқымыздың біртуар дарын иесі Нұрғиса Тілендиев жайлы кезінде Еркеғали Рахмадиев: «Бір ғасырда бір туып, шығармашылығымен халқымен бірге жасайтын ғажайып тұлға» деп баға берген.
None
None

Адамды жүрген ортасы тәрбиелейді десек, бүгінгі әңгіме еткелі отырған өнер иесі Нұрағаңнан көп тәлім-тәрбие алған асыл жары Дариға Тілендиева екенін атағанымыз жөн. Бүгінде ұрпақ қызығын көріп отағасы Нұрғиса Тілендиевтің шаңырағының құт-берекесіне айналған ол композитордың асыл мұрасын шашау шығармай сақтап отыр.

Дариға Тілендікеліні Алматы облысы Көксу ауданына қарасты Ақтекше» ауылында 1946 жылы туған. «Қазақфильм» киностудиясының 2 жылдық курсын, содан соң Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтын бітірген.

1968 жылдан бері - «Қазақфильм» киностудиясының актрисасы, ал 1993 жылдан «Отырар сазы» оркестрінде қызмет істеді. Нұрғиса Тілендиев атындағы атындағы Халықаралық қоғамдық қордың президенті.

Ендігі жерде күй құдіретін жанымен ұғып, ән самалымен тыңдаушының көңілін желпінткен, дирижерлық қасиетімен қазақ даласын дүр сілкіндірген, ерекше құбылыс, табиғи дарын иесі, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иесі, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтың сүйген жары, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Дариға Тілендиеваның сазгерлігі жайлы ой өрбітпекпіз.

Дариға Тілендікеліні, өзіңізді бала кезімізден қазақ киносынан көруші едік. Сіз актриса ретінде де қалыптастыңыз. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісісіз. Нұрағаңды халық композиторы десе де болады. Ол кісінің шығармалары халықтың үнімен астасып жатады. Өміріңіз өз мәнінде өтіп жатыр. Өмір бойы әсем ән мен күмбірлеген күймен шаңырағыңыз шаттыққа бөленіп келеді. Қолыңыздан домбыраңыз түспей үнемі ізденіс үстінде жүресіз. Ал енді оқырман сіздің киноөнеріне қалай келгендігіңіз жайлы білсе...

- 1968 жылы мен «Кинофильм» студиясына қызметке орналастым. Сол жерде киноларға түсіп жүрдім, алғаш Нұрағаңмен осы ұжымда таныстым. Нұрағаңмен қосылғаннан кейін Абдолла Қарсақбаевтың «Алты жасар Алпамысы», Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасының желісімен жасалған «Құлагер» фильмі, режиссері Болат Мансұров, содан кейін "Ақ машина", "Алты жасар Алпамыс", "Қоштасқым келмейді", "Жамбылдың жастық шағы", «Тризна», «Алпамыс мектепке барады» «Жау, тоғызыншы ұлдан қорық» «Қоштасқым келмейді» «Жамбылдың жастық шағы» және тағы басқа киноларға түстім, бәрі Нұрағаңның арқасы.

Дариға Тілендікеліні «ән шығару үш ұйықтасам түсіме де кірмеген жәй еді» дейді. Бәрі 2003 жылғы желтоқсанда Атырау өнер академиясының ашылу салтанатынан кейін басталған-ды.

Бір күні қонаққа барғалы жатқанда еріксіз қолына домбыра алады, күй ырғақтары маза бермеген соң әуен қуалап көп отырады. Ақыры төрт сағаттың ішінде бір күй туады, оны қызы Дінзухра нотаға түсіреді. «Қайран менің Нұрекем» күйінен кейін де әлденеше туынды жарыққа шығады. Екі жылдай еңбектенген сазгер 2003 жылы жеке шығармашылық кешін ұйымдастырып, көрерменге жаңа шығармаларын ұсынады. «Отырар сазы» оркестрімен сүйемелденген шығармаларды Қабылаш Әбікей, Майгүл Қазтұрғанова, Мұрат Шалабаев, Дина Хамзина, Ермек Әбілдаев, Жақсылық Мырқаевтар шебер орындайды.

Дариға Тілендікелінің ән альбомында 16 ән-күй бар, атап айтсақ, «Қайран менің Нұрекем», «Қазақстан Республикам менің», «О, туған жер», «Қараталым», «Тағы да міне таң атты», «Жасыбай көлімай». «Сұлулық қандай керемет ең», «Қайдасың жан досым», «Жазғырма мені жан аға», «Жер жәннаты Жетісу», «Қыз ғұмыр Шәмшатай», «Назеркем», «Махамбет баба», «Мен сені сағынғанда», «Ел басы Нұрсұлтан» әндері «Отырар сазы» оркестрінің сүйемелдеуімен жазылыпты. Осынша әндердің мәтінін жазған кім?- деген сұрағымызға Дариға апамыз ойын былайша жалғастырды:

- Менің шығармаларым Мұқағали Мақатаев, Кәкімбек Салықов, Тұманбай Молдағалиевтің, Бекемгүл Батырбекованың өлеңдеріне жазылған. «Нұрекем менің Нұрекем» әнінің сөзін жазған Бекемкүл Батырбекова. «Киелі домбыра» менің жүрегімнен шыққан туынды. Сөзі де әні де өзімдікі.

Әр сазгердің өзіндік тәсілі болады, сіздің тәсіліңіз?

- Көбіне жыр жинағын ақтарып отырып шығарамын, кейде жыр шумақтары оралады.

Өзіңіздің тәрбиелеген қызыңыз әке жолын қуып, дирижерлық мамандықты қалап алды. Дінзухра қызыңыз. 2009 жылдан бері Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестрінің көркемдік жетекшісі - бас дирижері. Жетістіктері де жаман емес. Ол «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағының иесі атанды. Сыртынан сүйсініп отыратындай дәрежеге жеткен өз ұрпағыңыз. Балаңыздың өнері жайлы да айта отырсаңыз.

- Дінзухра Республикалық Күләш Байсейітова атындағы музыка колледжін бітірді. Ол сегізінші сыныпта оқып жүргенде әкесі дүние салды. Мен фортепианоны жетік білем, әкемнің оркестрі қалды ғой, мен дирижерлыққа барсам қайтеді» деген соң консерваторияға дирижерлық факультетке оқуға түсті. Ол төртінші сыныпта оқып жүргенде фортепианомен Моцарттың шығармасын ойнағанда әкесі «Отырар сазымен» сүйемелдетіп, үлкен әсермен орындаған. Бұны радио, теледидар бәрі біледі. Сондағы Нұрағаңның қуанышы ерекше еді. Қызыма әкесі қасиетін беріп кеткен ғой, ол шындап еңбектенсе, өнер жолы ашық екенінде дау жоқ.

Баладан немере тәтті дейді, осы жайлы не айтасыз? - Қызым босанып, дүниеге сәби келгенде қуанғанымда шек жоқ, содан бір айдан кейін немерем Даянаға арнап ән шығардым.

Кәкімбек Салықов бір кітабын әдейі арнап беріп еді, соның ішінде «Алғашқы немереме» деген өлең бар екен. Астанаға хабарласып, ол кісіден рұқсат сұрадым да осы өлеңге ән жаздым.Енді, міне, жиен немерем де Күләш Байсейітова атындағы мектепте оқып жүр. Оның да арманы- атасы сияқты музыкант болу.

Нұрағаң аяулы жарына арнап бірнеше ән-күй шығарды. Осы жайлы өз кезінде Нұрағаң былай деген еді:

«Куә болды» жеңгең Дариғаға арнағам, өлеңін жазған Тұманбай Молдағалиев. Екінші «Аққұсым» деген әнім бар.Мұның өлеңін жазған Бәкір Тәжібаев. Киноға музыка жазып қалталап ақша алам, соны алып келсем қуанып жаны қалмайды, Барын дастарханға салып жүреді. Соған арнап «Көңілді бикеш» деген күй шығардым...

Дариға Тілендікеліні, өзіңіз Нұрағаңның шығармаларының алғаш тыңдаушысысыз, сыншысы да өзіңіз болдыңыз.Нұрағаң әнді қай кезде шығарушы еді?

-Мен Нұрағаңның шығармаларын жан-тәніммен тыңдайтынмын. Ән кейде жылап отырып та жазылады. «Құстар» әні жылап жазылған ән ғой. Парктегі құстардың бір-біріне жасаған әлімжеттігін көріп, «Даха, бұл өмір ғой» деп, егіліп жылап жазып еді, бұл әнді. Менің де Мұқағалидың өлеңіне жазылған «Жазғырма мені, жан аға» әнім жылап отырып жазылды. Шығарма көңіл-күйдің кейбір сәттерінде туады ғой.

Дариға Тілендікеліні, былтырғы жылы өз үйлеріңізден Нұрағаңа арнап мемориал-мұражай аштыңыз. Көпшілік көрмесіне не ұсындыңыз?

Иә. Бұл үйде Нұрағаң 1979 жылдан бері 19 жыл тұрып, жақсы туындыларының басым бөлігін жазды. Мемориал-мұражайда көзі тірі кезінде ұстаған бұйымдары, партитуралары, қолжазбалары, сахналық костюмдері, алған марапаттары қойылды. Әсіресе, композитордың ерекше қастерлеген анасының пианиносы мен Ахмет Жұбанов сыйлаған «Дариға домбырасы» мұражай төрінен орын алды. Түрлі байқаулар мен концерттерде түскен суреттері, сызған-түйген дүниелері қабырға сөрелерінде жиналды.

Ол кісі өмірден кеткеннен кейін 15 жыл бойы осы заттардың барлығын көзімнің қарашығындай сақтадым. Ол кісі пышақ, бәкі жинайтын. Кейінгі кезде ұстаған таяқтарын жинады. Бұл жерге қойылмаған экспонаттар өте көп.

Көрем деген ел көрсін, ұлы композитордың өмірі мен өнері жайлы мағлұмат алсын деген тілегім бар.

Сіз бұрын «Нұрғиса Тілендиев» деген биографиялық жинақтың авторы едіңіз, жақында «Төрт бөрі» баспасынан «Қызғалдақ-дәурен» атты ән жинағыңыз шығыпты. Құтты болсын! Қанша ән нотаға түсірілді?

- Көп жылдан бері жазып жүрген 160-тан астам әнім жинаққа кірді. Жинақтың редакторы өзімнің қызым Дінзухра Нұрғисақызы. Әндерім көбіне лирикалық болғанмен отансүйгіштік рухта жазылған бірнеше тамаша туындылар бар. - Сырға толы, жүректен қозғаған әңгімеңізге рахмет.

Бүгінгі таңда Нұрағаңның қоңыр домбырасымен бір мезгіл шерте отырып ән-күй шығаруға әуестенген Дариға Тілендікеліні шабыт қысқанда бірде ән, кейде күй болып келетін сезімнен туған әсерлі туындыларын лек-легімен шығарып, шығармашылық өсу үстінде еңбектенуде. Халқымызда «бап шаба ма, бақ шаба ма» деген қанатты сөз бар. Жүрегін ән тербеп, сонау бір қимас шақты сағынышпен еске алған Дариға Тілендікеліні мен Дінзухра Нұрғисақызы ұлы композитордың ұлы істерін жалғастырған өнердің өз өкілдері. Енді, міне, қызғалдақтай құлпырып кішкене Даяна да өнер әлеміне қадам басты. Шүкір, орнында бар оңалар деген осы да.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаева

Соңғы жаңалықтар