Дәрілік заттарға бағаның өзгеруі 20-30 пайызға дейінгі шекте ауытқуда

«Қазақстанның фармацевтикалық нарығы импортқа тәуелді. Сол себептен валюта бағамының өзгеруі медициналық өнімнің бағасына әсер етпей қоймайды. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, дәрілік заттарға бағаның өзгеруі 2015 жылдың соңында және 2016 жылдың басында 20-дан 30 пайызға дейінгі шекте ауытқып тұрды. Бөлшек сауда секторындағы бағалар бәсекелестік қағидаттары бойынша белгіленеді. Осы препараттардың бөлшек бағасы бірінші кезекте өндірушінің бағасына, көтерме және бөлшек үстеме бағасына, сұранысқа, логистикалық қызметтер және препараттарды тиісті сақтауды байланысты шығындарға тәуелді», - деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінен ҚазАқпараттың ресми сауалына орай.
Ведомство ақпаратына сәйкес, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 5-бабы 2-тармағының 7) тармақшасына сәйкес Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) аясында дәрілік заттардың бағасына мемлекеттік реттеуді жүргізеді. ТМККК көрсетуге арналған дәрілік заттарды сатып алуға бөлінетін бюджеттік қаражатты оңтайлы және тиімді жұмсау мақсатында дәрілік заттар министрлік белгілегеннен аспайтын баға бойынша сатып алынады. Қазіргі уақытта ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 шілдедегі № 639 бұйрығымен бекітілген ТМККК аясында дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарға бағаларды қалыптастыру қағидаларының негізінде шекті бағалар қалыптастырылады. Кодексті іске асыру үшін референттік (сыртқы және ішкі) баға белгілеуге, бағаны тіркеу процесіне және дәрілік заттарға арналған бағаның қолжетімділігін, ашықтығы мен шынайылығын арттыруға мүмкіндік беретін фармацевтикалық өндірушілермен немесе олардың ресми өндірушілерімен келіссөздерге негізделген баға белгілеудің жаңа моделі енгізілді.
«Министрлік дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарға жаңа баға белгілеу бойынша ТМККК аясында пациенттерді емдеу нәтижелерін жақсарту және денсаулық сақтау қызметкерлерінің дәрілік препараттар туралы өзекті, тұтас әрі дәйекті ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярын (ҚҰФ) әзірледі. Бүгінгі күні ҚҰФ-ға дәрілік заттардың халықаралық патенттелмеген 715 атауы және 3 мыңнан астам дәлелді клиникалық тиімділігі бар сауда атауы енгізілген. Оны қалыптастыру кезінде үздік халықаралық тәжірибе, фармакотерапияны жүргізуге дәлелді негізделген тәсілдер, дәрілік препараттарды клиникалық және экономикалық тиімді, қауіпсіз тұтыну деңгейін зерттеу деректері, әрбір ауруды емдеу курсының құны пайдаланылды», - делінген министрлік жауабында.