Дарынды баланы қалай тәрбиелеу керек – 7 жасар математик баланың анасының кеңесі
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада математиканың жілігін шағып, майын ішкен дарынды бала тұрады. Небәрі 7 жастағы Бақдәулет Нұрлан халықаралық олимпиададан чемпион атанып үлгерген. Білімпаз 1-сынып оқушысы анасымен бірге «Бүгін LIVE» бағдарламасына қонақ болды.

– Балам осы жылдың ақпан айында Сингапур елінде өткен Халықаралық олимпиадаға қатысып келді. STEMCo олимпиадасының іріктеу турында 33 елден келген үміткерлер қатысты. Ал финалға 13 елдің қатысушылары өтіпті. Солардың бірі болып біз Қазақстанның атынан бардық. 1-сыныптан 2 оқушы болды. Бақдәулет алтын медаль иеленді. Екінші оқушымыз қола жүлде алды, – дейді Әйгерім Айтпаева.
Дарынды оқушының анасы баласының қабілетін қалай байқағанын айтып берді.
– Бақдәулет есепті ойын ойнаған секілді шығарады. Үнемі лабиринт секілді логикалық ойындар ойнайды. Кішкентай кезінен логикалық ойындарға қызығатынын байқадым. 2 жасында әлі тілі дұрыс шықпаса да, барлық геометриялық фигураларды жатқа білетін. Трапеция, параллелограмм, параллелепипедті бір-бірінен айырып, айтып беретін. Содан кейін геометриялық фигураларды күнделікті өзі қолданатын заттардың ішінен іздеп жүреді. Пазл құрағанды өте жақсы көретін. 3 жасқа келгенде бізден шахмат сұрап, шахмат ойнауды үйренді, – дейді Бақдәулет Нұрланның анасы.
Білімді бүлдіршіннің ата-анасы да математикадан алыс емес екен. Содан болар, анасы баласының бұл қарымын дарындылыққа балайды.
– Мен математикадан аса қиналмаймын. Өзім де мектеп кезінде физикадан халықаралық жобалардан жүлде алғанмын. Әкесі де математикаға жақын. Сондықтан Бақдәулетке дайындықтан бұрын әуелі Құдайдан дарын берілген деп ойлаймын. Біз баламызды ештеңеге арнайы үйреткен жоқпыз. Өзінің қызығушылығына қарап тәрбиеледік. Осы тұста Бақдәулеттің ұстаздары да баламның қарым-қабілетін байқап, мінезін аша білді, – дейді ол.
Әйгерім Айтпаева дарынды бала тәрбиелеудегі отбасылық тәжірибесі жөнінде айтты.
– Ата-ана ретінде баланың қабілетін байқағанда, оны міндетті түрде ары қарай дамыту керек. «Бұлақ көрсең – көзін аш» деп текке айтпаған ғой. Баланың қабілеті қай бағытта байқалса, сол бағытта дамыту керек. Біз, мысалы, логикаға, математикаға қызығушылығын байқап, Бақдәулетті робототехника үйірмесіне бердік. Ол да миды дамытады. Біз үйде де квест жасаймыз. Ойындарды тапсырма секілді ойнаймыз. Мысалы, сканвордты шешу керек. Ал оның жауабында келесі тапсырма қой бөлмеде тұрғаны жасырылған. Квесттың соңында баламызға сыйлық береміз, – дейді анасы.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық 4 оқушы халықаралық математикалық олимпиадада ел намысын қорғайтынын хабарлаған едік.