Дарынды баланы қолдайтын «Қазақстан-Сириус» жобасы ауыл мектептеріне дейін кеңейтіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Дарынды оқушыларды қолдайтын «Қазақстан-Сириус» жобасы Астана мен Алматыдан басқа өңірлерге, оның ішінде ауыл мектептеріне дейін кеңейтіледі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Астанада өтіп жатқан Тамыз конференциясында айтты.

мектеп, оқушы, мұғалім
Фото: Kazinform

Министрдің айтуынша, бүгінде елімізде заманауи білім инфрақұрылымы қалыптасып, кәсіби педагогтер корпусы жасақталған. Сондай-ақ STEM, IT, робототехника және цифрлық технологияларды дамытуға қажетті база құрылды.

Ендігі міндет — осы әлеуетті сапалы әрі технологиялық ұлт қалыптастыруға бағыттау.

— Біздіңше, сапалы ұлт — терең білімді, кітап оқитын, еңбекқор, жауапты, заң мен тәртіпті темірқазық тұтқан ұлт. Ал технологиялық ұлт — жаңа технологияны өзі жасайтын, жаңа өнім, инженерлік және ғылыми шешім ұсынатын ұлт. Әрине, технологиялық сапалы ұлт мектепте қалыптасады, — деді Жұлдыз Сүлейменова.

Сондықтан әр бала сапалы білім алуы керек. Ал қабілеті мен қызығушылығы айқындалған оқушыларға тереңдетілген білім алып, зерттеу жүргізуге және өз идеясын нақты жобаға айналдыруға мүмкіндік берілуі шарт.

Осы бағыттағы жұмыстың жалғасы ретінде Астана мен Алматыда баланың дарынын жүйелі түрде қолдауға негізделген модель — «Қазақстан-Сириус» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бала тек білім алып қана қоймай, зерттеуді, жаңа нәрсе жасауды және тың шешімдер табуды үйренеді.

Министр Қазақстанның «Сириус» білім беру орталығымен ынтымақтастықты жалғастыратынын, соның ішінде ауыл мектептеріне тарату негізгі міндеттердің бірі екенін айтты.

— Білімнің сапасы академиялық нәтижелермен ғана өлшенбейді. Біздің міндетіміз — еліміздің құндылықтарын терең түсінетін жауапты азамат тәрбиелеу. Бүгінгі жиынға мазмұн беріп, әңгімеге арқау болған Жаңа Конституциямыздың құндылықтарын жас ұрпақтың санасына сіңіру — өз алдына ұлы міндет, — деді Жұлдыз Сүлейменова.

Бүгінде 8 мыңнан астам мектепте жаңа Конституцияға арналған ашық сабақтар өткізілген. Сонымен қатар педагогтердің білігін арттыру курстары ұйымдастырылып жатыр.

— Жаңа Конституциямызды түсіндіру, оның азамат үшін ең басты құжат екенін сезіндіру бағдарламасы қолға алынды. Оқулықтарымыз да жаңа Конституция тұрғысынан жоспарлы түрде қайта қаралды, — деді Жұлдыз Сүлейменова.

Айта кетейік, Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен педагогтердің Тамыз конференциясының пленарлық отырысы басталды. Оған еліміздің барлық өңірінен 600-ден астам білім саласының қызметкерлері мен еңбек ардагерлері қатысып отыр.

Қазақстанда 2019 жылдан бері 511 жаңа ауыл мектебі салынған.

Елімізде ауыл мен қала оқушылары арасындағы білім алшақтығы 5 балға қысқарған.