Дарынды жас ғалымдарға арналған 2013 жылдың мемлекеттік ғылыми стипендияларды тағайындау бойынша конкурстық комиссияның бірінші отырысы өтті

АСТАНА. 2 қараша. ҚазАқпарат - Білім және ғылым министрлігінде ғалымдар, мамандар мен дарынды жас ғалымдарға арналған 2013 жылдың мемлекеттік ғылыми стипендияларды тағайындау бойынша конкурстық комиссияның бірінші отырысы өтті.

Дарынды жас ғалымдарға арналған 2013 жылдың мемлекеттік ғылыми стипендияларды тағайындау бойынша конкурстық комиссияның бірінші отырысы өтті

 Бұл туралы аталмыш ведомоствоның баспасөз қызметінен хабарлады.

Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың төрағалық етуімен конкурстық комиссия мемлекеттік ғылыми стипендияларға үміткерлікке ұсынылған материалдарды қарастырды.

Конкурстық комиссия ғалымдар мен мамандар үшін 25, жас ғалымдар үшін 50, жалпы саны 75 стипендия тағайындайтын болады. Комиссия ғалымдар, зерттеушілер, ғылыми қызметкерлер мен республиканың жас ғалымдарынан түскен 560 астам өтінімді қарастырады.

Отырыс барысында ғылыми бағыттар бойынша конкурстық комиссияның сарапшы топтарының құрамы бекітілді. Сондай-ақ, комиссия шешімі бойынша конкурстық материалдарды қарастыру кезіндегі бағалау нысандары мен сарапшы топтардың жұмыс тәртібі келісілді. 

Осылайша, үміткерлер материалдары ғылыми техникалық сараптаудың ұлттық орталығына жіберілетін болады. Орталықта жұмыстар 2012 жылғы 15 қарашаға дейін конкурс талаптарына сәйкестігі сарапқа түседі. 

Конкурс қорытындысын комиссия мемлекеттік ғылыми стипендияларды тағайындаудың рейтингілік іріктеуінің нәтижесі бойынша шығарады (ұсынылған үміткерлер көрсеткіштері мен тізімдер негізіндегі баллдарды көрсетумен).