Дастан Сәтпаев Чемпиондар лигасы негізгі кезеңіндегі алғашқы голын соқты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық «Қайрат» командасының жас шабуылшысы Дастан Сәтпаев футболдан UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңіндегі алғашқы голын соқты.
Ол аталған турнирдің бесінші турында сырт алаңда Данияның «Копенгаген» командасымен кездесуінде 81-минутта қақпашының қателігін шебер пайдалана білді.
Оған дейін даниялық клуб сапынан Виктор Дадасон 26, Джордан Ларссон 59, Роберт 73-минутта гол соққан еді.
Салдарынан дәл қазір «Қайрат» қарсыласына 1:3 есебімен жеңіліп жатыр.
Қазірге дейін Чемпиондар лигасы негізгі кезеңінде «Қайрат» Португалияның «Спортингіне» 1:4, Испанияның «Реал Мадридіне» 0:5, Италияның «Интеріне» 1:2 есебімен жол берсе, Кипрдің «Пафосымен» 0:0 есебімен тең түскен еді.
Енді қазақстандық клуб одан кейін 9 желтоқсанда Астанада Грекияның «Олимпиакос», 2026 жылдың 20 қаңтарында Бельгияның «Брюгге» клубын қабылдайды.
Еске салсақ, бүгін Копенгагенде Еуропаның түкпір-түкпірінен «Қайраттың» жанкүйерлері жиналды.