Дастан Сәтпаев футболдан Қазақстан құрамасының Беларусьпен ойынына қатыспайды
АСТАНА. KAZINFORM — Жартылай қорғаушы Дастан Сәтпаев футболдан Қазақстан құрамасының алдағы Беларусьпен жолдастық кездесуіне қатыспайды.

Ұлттық құраманың бапкерлер штабы осындай ұйғарымға келді. Ол алдымен ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиынына қатысады. Одан кейін Қазақстан 21 жасқа дейінгі жастар құрамасына қосылып, 2027 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Андорраға қарсы матчқа дайындалады.
Содан кейін Дастан қайтадан ұлттық құраманың сапына оралып, Солтүстік Македонияға қарсы кездесуге әзірлікті жалғастырады.
Ұлттық құрама 5 маусымда Беларусьпен жолдастық кездесу өткізсе, 2026 жылғы әлем чемпионаты іріктеу кезеңіндегі кезекті ойынында 9 маусымда Солтүстік Македониямен шеберлік байқасады.
Өткен турда жарақат алғанына байланысты Серікжан Мужиков алдағы ойындарға қатыса алмайды. Оның орнына ұлттық құрама сапына «Елімайдың» жартылай қорғаушысы Алмас Төлібай қосылды.
Айта кетсек, бұдан бұрын осындай себептерге байланысты «Ақтөбе» қорғаушысы Әлібек Қасым, түркиялық «Бешикташ» клубының жартылай қорғаушысы Бактиер Зайнутдинов ұлттық құрамаға көмектесе алмайтыны белгілі болды.