Дастан Сәтпаев Қазақстан құрамасының алдағы 2 ойынына қатыспайды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақстан құрамасының шабуылшысы, «Қайрат» клубының ойыншысы Дастан Сәтпаев 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі Лихтенштейн және Солтүстік Македонияға қарсы ойындардан жарақатына байланысты шет қалды. 

Дастан Сәтпаев
Фото: ҚФФ

«Қайрат» клубының ардагері Құралбек Ордабаев 17 жастағы ойыншының ұлттық құрама матчтарынан тыс қалуына қатысты түсінік берді.

– Кейнгі матч алдында Дастан өзін жайсыз сезінген, бірақ командаға көмектескісі келіп, ешкімге тіс жармаған. Соған қарамастан, ол ойынды толық өткізіп, тіпті гол да соқты. Алайда матчтан кейін ауырсыну күшейіп, ол медициналық штабқа жүгінуге мәжбүр болды. Тексеру нәтижесінде сол жақ жамбас бұлшықетінде шамамен 4 сантиметрге жуық ісіну, сіңірдің созылуы, микрожарықтар анықталды. Бұл жас ағза үшін айтарлықтай жүктеме, сондықтан дәрігерлер оған клуб базасында қалып, қалпына келу курсынан өтуді ұсынды, - деді Ордабаев. 

Оның айтуынша, клуб ойыншының жағдайы туралы ұлттық құраманың штабына ресми түрде хабарлап, келісім алған. 

– Өкінішке қарай, бұл жолы Дастан ұлттық құрамаға көмектесе алмайды. Жігіттеріміз ешқашан құрамадан бас тартпайтынын атап өткім келеді. «Қайрат» футболшылары үшін Қазақстан намысын халықаралық деңгейде қорғау – әрдайым үлкен мәртебе мен мақтаныш болған. Сондықтан дәл қазір ең маңыздысы – Дастанның толықтай сауығып, жаңа күшпен оралуы. Ол әлі де клубқа да, ұлттық құрамаға да көмек көрсете алады,  деді Құралбек Ордабаев.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы 10 қазанда Астанада Лихтенштейнмен, ал 13 қазанда сырт алаңда Солтүстік Македониямен кездеседі.

Еске салайық, 30 қыркүйекте алматылық «Қайрат» өз алаңында мадридтік «Реалдан» 0:5 есебімен жеңілген еді. 

Соңғы жаңалықтар