Дәстүрлі өнер иелерінің асыл мұрасын насихаттап жүремін – Кәдірхан Қизатұлы

сегіз қырлы, бір сырлы азамат
Фото: Кәдірхан Қизатұлының жеке мұрағатынан

АСТАНА. KAZINFORM – Кәдірхан Қизатұлы Қытайдағы мәдениет саласында ұзақ жылдар қызмет етіп, сол елдегі қандастардың өнерінің өркендеуіне өзінше үлес қосқан тұлғаның бірі. Сондай-ақ бүгінгі спикеріміз күйшілік, қиссагерлік, ақындық, айтыскерлік, әншілік қатарлы әртүрлі өнерді бойына сіңірген, сегіз қырлы бір сырлы азамат. «KAZINFORM» тілшісі қазіргі уақытта Ақмола облысы, Қосшы қаласында тұратын Кәдірхан Қизатұлымен арнайы сұхбаттасқан болатын.

- Сізді түрлі өнерді бойына жинаған талант иесі деп естиміз. Алдымен өнер жолына қалай келдіңіз, әңгіменің әлқиссасын содан бастасаңыз...

- Мен 1963 жылы 22 наурызда Қытайдың Тарбағатай аймағы, Дөрбілжін ауданының Майлы деген тауында малшы отбасында дүниеге келіппін. 9 жасымда әкем менің бойымда бір ерекшеліктің барын байқайды. Яғни мен аузыммен күй шертіп жүреді екенмін. Ол кез Қытайда «Мәдениет төңкерісінің» дәурендеп тұрған уақыты. Әке балаға сыншы деген сөз бар ғой, бойымдағы талантты байқаған болуы керек, мені ауылымыздағы бір үйге ертіп барды.

Барған үйімізде орта бойлы, қызыл сары, дембелше келген, селдір сақалды, көзі бітіктеу адам отыр екен. Сол кісінің бет-әлпеті әлі күнге дейін көз алдымда тұрады. Әкем «ассаламуәлейкум ағатайым» деп сәлеміне «ағатайым» деген сөзін қосты. Сосын әкем, бұл менің жалғыз ұлым еді, кешке дейін аузымен домбыра шертеді, осыған ықыласыңызды беріп, домбыраңызды үйретсеңіз. Сөйтсем, бұл кісі Әділқұлдың Қайдары деген күйші екен. Бұрын ауқатты һәм беделді болған көрінеді. Сол беделіне қарай ел оны «ағатай» деп атайды екен. Қайдар аға келісім берген соң, 2-3 күнде бір рет домбыра үйренуге үйіне келіп түрдым. Кейіннен Қайдар ағаның Тоқай деген күйші ұлынан да сабақ алдым. Әкелі балалы екі күйшіден 1972 жылдан 1978 жылға дейін 6 жыл үйрендім.

Осы уақыттардан кейін әрбір үйде радиолар пайда бола бастады. Сол үнжариядан «Еңбек думаны», «Малшылар шаттығы», «Жеңіспен алға» деген секілді күйлер беріліп тұратын. Соларды тыңдап өздігімнен күй үйренуді қолға алдым...Сөйтіп, енді құдіретті күй өнерінің айдынында жүзе бастағанда белгілі бір себеппен аяқасты күйді қойып кеттім. Біздің үйге бір үлкен ақсақал келіп қонды. Ол уақытта менің күйге деген құмарлығым апиынға әуес адамға ұқсап кеткен еді, шертпесем тұра алмаймын. Шәй ішіп отырып та арасында шертемін, тіпті түнде ел жатып қалған соң тұрып алып шертетін кездерім болды... Әлгі келген ақсақалға шертіп бердім. Түнде қонақ жатып қалғанда да шерттім. Таңертең ерте тұрып шерттім. Бұның бәрін білген қарт кісі кетерінде шешеме, балаңыз күйге өте құмар екен. Күй киелі нәрсе, сонықтан оны мезеттің екі уақытында шертпейді. Домбыраны ораза ашпай қолға алуға болмайды және ел жатып қалған соң, қараңғыда ойнамайды. Жалпы күйдің арғы түп тамыры зар, мұңнан шыққан, деп анама «ақыл» айтады. Жалғыз ұлы болғаннан да шығар әлгі ақсақалдың сөзіне имандай ұйиды. Ұлым зарлы, мұңды болып қалмасын деп ойлаған ба анам күйді қойдырайын деген шешімге келеді. Сөйтіп кеште оқудан келсем, бүгіннен бастап домбыра шертпейсің деп жылап еңірейді. Неге десем, келген құдайы қонақтың айтқан «ақылын» алдыға тартты. Содан бастап домбыраны тастадым. Ол уақытта үлкендердің айтқаны заң, қой десе қоясың, артық сөз айта алмайсың. 15 жастамын. «ол олай емес шеше» дейтіндей менде қанша білім бар дейсің.

- Домбырамен қоштасқаннан кейін өнердің басқа бір түріне ауысуды ойладыңыз ба?

- Домбыраны қойғаннан кейін енді не істесем болады деп ойланып жүрдім. Әкем қиссагер болатын. Сол әкемнен үш қисса жазып алып соны жаттадым. Олар «Түсіпханның қиссасы», «Еңлік-Кебек» қиссасы, «Бықия мен Мәликенің 100 ауыз шариғат жұмбағы» деген қиссалар болатын.

Шариғат жұмбағы деген қиссада Мәлике деген қыз 100 ауыз шариғат жұмбағын айтады. Оны жұмбағын шешем деп келіп, шеше алмағандардың басы алынып отырады. Соны ең соңында Бықия деген шал шешеді, сөйтсе ол Мәликенің ұстазы екен.

- Сол қиссаларды қазір айтып бере аласыз ба?

- «Бықия мен Мәликенің 100 ауыз шариғат жұмбағын» аздап ұмыта бастаппын, ал «Түсіпханның қиссасы» мен «Еңлік-Кебек» қиссасы қазірге дейін көкірегімде сайрап тұр.

- Сөйтіп күйді қойып, қиссаға өттіңіз...

- Иә, қиссаға өттім. Содан ел ішінде қисса айтып жүрдім. Халық ауыз әдебиетінің бұл жанры ұзақ айтылатын болғаннан кейін ел жалығып тыңдай бермейтін болып шықты. Бұл болмайды екен, одан гөрі қысқа ғой деп толғау, термелер айтуға қарай бет бұрдым. Сөйтіп жүріп, ақырын әннің ауылына қарай ат басын бұра бастадым. Көп ән жаттап алып айтып, ел ішінде орындай жүріп, соңында әнші Кәдірхан атанып «Ақшолпаным» деген үнтаспа шығардым.

- Әншіліктен кейін өлең де жаза бастапсыз. Алғашқы жазған өлеңіңіз есіңізде бар ма?

- Сол ән айтып жүрген уақыттарда 80-шы жылдардан бастап өлең жазып жүрдім. Кейіннен өлеңдерім газетке шыға бастады. Ең алғаш шыққан өлеңімнің тарихын айтып берейін. Бізбен қатарлас оқыған Балтабайдың Асқары деген қатты төбелескіш жігіт болды. Оған ешкімнің шамасы жетпейді. Бәріміз Асқардан қорқамыз. Бір күні Асқар Даму деген баланы ұрып, әке-шешесі арыз қылып, Балтабайдың үйіне барады. Ол кезде қалай екен, ешкім заң орындарына бармайтын. Содан Асқардың әкесі ұлын ұстайды да ұстарамен шашын тақырлап тұрып алып тастайды. Ол уақытта ұзын шаш қою деген бір мода болып тұрған кез еді. Әкесі оның осы шашын алып тастасам, жуасып кетеді, деп ойласа керек. Сөйтсе ол тақыр басымен ананы сүзіп, мынаны да сүзіп, өзіне қарсы келгендердің мұрындарын талқандай бастайды. Тура сол жағдай маған ой салды. Сонда тентектік деген шашқа, сыртқы формаға қарамайды екен ғой, деп мынадай үш шумақ өлең жаздым:

«Шаш қоюың жақсы емес қоғадай қып,

Бақ қонбаса қонбасын содан айнып»,

Деп әкесі бас салып, баласының,

Шашын қырып тастады сонадай қып.

Әке көңілі жай тапты түзеген боп,

Баласы да серт берді түзелем деп.

Бақыласа соңынан сона басы,

Кеткен екен көшеде сүзеген боп.

Артқанымен әкелік күшке сенім,

Ойламапты ол баланың ішкі есебін,

Аңғармады-ау, аңғал қарт бар кеселдің,

Сыртында емес сол бастың іште екенін.

Сөйтіп осы секілді өлеңдер жазып, оны жаттап әр жерде айтып та жүрдім. Той-томалақтарда құдашмен айтыс дегендер шықты. Байқасам сөз қағысып айта беретін ерекшелігім бар екен. Содан біздің жақтан Қытай қазақтарына белгілі Бердіхан Абайұлы, Жамалхан Қарабатырқызы, Жұмағали секілді айтыс саңлақтарының айтысы тарай бастады. Сол айтыс ақындарының өлеңдерінің бәрін жаттап аламын да, оны үйде отырып магнитофонмен жаздырып алып көптеген үнтаспа тараттым. 1984 жылы мал, жер бөлісі болды ғой, бізге ойдағыдай мал тимей қалып, мен «Теңсіз бөліс» деген өлең жаздым. 1986 жылы аудан көлемінде өткен айтысқа алғаш рет қатысып айтыста екінші, терме айтудан бірінші орын алдым. Содан 86-шы жылдан бастап 2006 жылған дейін 20 жыл айтыстым. Айтыстан ресми түрде алған ең жоғарғы марапаттарым – «Автономиялы өлке дәрежелі айтыс ақыны», «Тарбағатай аймағына еңбегі сіңген ақын». Ал аудан, аймақ, облыс, өлке дәрежелі көптеген айтыстарға қатысып, жүлдеден құр қалған кезім болмады деуге болады. Сондықтан да шығар менің есімімді «XX ғасыр Қытайдағы қазақ айтыс ақындары» атты үлкен жинаққа енгізіпті.

- Жалпы, Қытайдағы «Ақындар айтысы» деп аталатын көлемді мәдени шара қанша уақытта бір өтіп тұрушы еді?

- Ол кездерде ауданда жылына бір рет, аймақта екі жылда бір, облыста үш жылда бір, автономиялы өлкеде бес жылда бір рет айтыс өтіп тұрады деген ресми ереже бар еді. Жалпы 1980 жылдан 2015 жылға дейін 35 жыл Қытай қоғамында бір алтын дәуір болды деп айтуға болады.

Дәстүрлі өнер иелерінің асыл мұрасын насихаттап жүр
Фото: Кәдірхан Қизатұлының жеке мұрағатынан

- Қызмет демекші енді істеген қызметтеріңіз туралы азырақ айтып берсеңіз.

- Мен 1980 жылы 8 сыныпты бітіріп, енді тағы да жоғарлап оқимын ба деп тұрғанда, Сейтқасым деген оқу-ағарту саласының басшысы әкемнен «көшпелі мектепке мұғалім жетіспей жатыр еді, балаңызды берсеңіз», деп сұрайды. Әкем келіседі, сөйтіп алғашқы жұмысымды көшпелі мектепке мұғалім болумен бастадым. Сонда мұғалім бола жүріп, екі жылдан кейін штатқа өту үшін емтихан тапсырып ол сынақтан өтіп, екі жыл педагогикалық колледжде оқыдым. 1986 жылдан өзімнің Сарыеміл деген ауылымда ұстаздық қызмет атқардым. Одан кейін аудандық Орта мектепке ауысып келіп, сонда 4 жыл жұмыс істедім. 1995 жылы әкімдік мені аудандық мәдениет мекемесінің директоры етіп тағайындады. Содан 2014 жылға дейін 20 жыл аудандық мәдениет үйінде басшы болып жұмыс істедім. Осы қызметте жүрген кезде айтыстым, мәдениеттің сан түрлі шараларын ұйымдастырдым. Солардың ішінде ерекше атап өтетін бір шаруам, халық мұраларын жинадым. Ауылдағы өнердің әр саласында жүрген жас таланттарға шамамның келгенінше қол үшін беруге тырыстым. 2016 жылы балаларымның болашағы үшін Қазақстанға көшіп келдім. Менің жалпы жұмыс тарихым осылай болды.

- Шығармашылығыңызға қайта оралсақ, өзіңіздің өлеңдеріңізбен айтыстарыңызда әзілге, сатираға жақындық бар сияқты. Солай ма?

- Иә, жалпы мен өзі сатираға бейім болдым. Бір жағынан алғаш ұстаз тұтқан адамда қандай ерекшелік болса, шәкірті де соған ұқсай бастайды. Менің айтыстағы бірінші ұстазым Бердіхан Абайұлы деген айтыскер ақын болды ғой. Осы кісі өте сатирик болатын. Бекеңнің бүкіл әзіл-қалжыңға толы өлеңдерін жаттап алып, оны үнтаспаларға айтып шығарғам ғой. Бердіхан ағаның өлеңдері маған әсер еткен болуы әбден мүмкін. Менің кейінгі айтыстарымды қайта қарап көрсем, ойлы, шешен сөздерге емес, әзіл, мысқылға толы екен деп айтуға болады. Әр ақынның өзіне тән ерекшелігі бар. Мысалы мен білетін Қытайдағы қазақ айтыс ақындарында айтыстың дүлдүлі атанған Құрманбек өте шешен ақын, ешкімнің ойына кіріп-шықпаған сөздерді айтады, ал сол Құрағаңмен 30 жылдай төл әріптесі болған Жамалхан Қарабатырқызы дәстүр жағындағы жүйріктігінде алдына жан салмайтын еді. Мен білетін Жұмағали деген ақын жұлып алмаға келгенде жүйрік ақын деп айтылатын. Ал Бердіханның айтыстағы бөгенайы әдемі әзіл-қалжыңы болатын.

- Қытайдағы үздік айтыс ақыны Жамалханның жоқтауларын зерттеген екенсіз. Сол туралы да айта кетсеңіз.

- Марқұм Жамалхан апамыз екеуміз жерлес болдық. Мен аудандық мәдениет мекемесін басқарып тұрғанда менің қол астымда істеді. Шешеміздей көріп сыйласып өттік. 20 жылдай қызметтес болғаннан соң мен Жамалхан ақынның ешкім аңғармаған жоқтау жырларын зерттедім. Кейін «Жамалхан Қарабатырқызының жоқтау жырлары» деген тақырыптағы зерттеу мақаласын жазып шықтым.

Бұл кісі халық алдында айтыстың көшін бастап, құрметке бөленіп, саханада жарқылдап жүрсе де, өмірде көкірегіне шер байлаған ауыр тағдырларды да басынан кешкен адам еді.

Көптеген жақындарынан айырылды. Күйеуі, баласы, туған сіңілісі, інісі қайтыс болды. Сол кездерде мен бәріне көмектесіп жүремін ғой. Сонда бір байқағаным, бұл кісі айтыста қандай адуынды болса, жоқтау айтуға келгенде де ет жүрегіңді елжірететін ойлы, салмақты сөздер айтады.

Мен Жамалхан апаны ең алғаш көрген күні жоқтауын естіп едім. Бақытхан деген сіңілісі қайтыс болды. Соған барсам Жамалхан келіп жоқтау айтып отыр екен. Дауысын қатты шығармайды, баяу дауыспен іркілу жоқ, айта береді екен. Бірге барған адамдарым көңіл айтып, дабырлап жатты. Мен, не деп айтып жатыр екен деп, жоқтауына құлағымды түре қаламын ғой. Сонда былай деп дауыс салып жатыр:

Айналама қараймын,

Жалғызда неге жараймын.

Айналама қарасам,

Қайғысын көрем талайдың.

Жоғарғыға қарасам,

Өзімді қор санаймын,

Төменгіге қарасам,

Шүкірлікке балаймын.

Жарқылдап жүрген күніңнің,

Елесін қайдан табайын, дейді. Осы екі шумағы менің есімде қалды. Одан кейінгісін, ой Жамалхан сабыр қыл, анау-мынау деп ел естіртпей кетті. Сол жерде есіме сақтап алған осы екі шумақ өлеңнің өзі адамға ой саларлық дүние екен. Жамалхан Қарабатырқызының Жарқын деген мүгедек болып туған баласы 25 жасқа келіп қайтыс болды. Сонда айтып жатыр ғой:

Шертіп бір асық атпадың,

Шіреніп тізгін тартпадың.

Үмітпен келіп өмірге,

Арқалап арман аттадың... деп бастап еді.

Ал, атақты айтыс ақыны, әріптесі Бердіхан Абайұлы 1990 жылы қайтыс болды ғой. Сонда келіп жоқтады.

Қайғылы келер жылауға,

Қайғысыз келер сынауға.

Артында қалған топ жетім,

Халіңді келдім сұрауға.

Алашқа таныс арысым,

Көтерген елдің намысын.

Жасауың керек еді ғой,

Халқыңның мынау бағы үшін.

Атанға артар жүгімді,

Тайлаққа қайтып артайын,

Бекеңе айтар сөзімді,

Балаға не деп айтайын, деді. Артынан шулаған қатын-қалашқа көрісіп, у-шу боп кетті. Үйден шыққаннан кейін Бердіханның суретін іліп қойған жерге бардық. Қаралы жиын сонда болғалы жатыр ғой. Ел Жамалхан ақынды күтіп тұр. Содан мына әріптесіңізді жерлейтін уақыт боп кетті, асығып тұрмыз, енді қоштасып қалыңыз деді. Содан бір апта бұрын мен әйелім екеуміз, Жамалхан апа, Асылхан Наурызханұлы қатарлы 6-7 адам бәріміз келіп Бердіханның көңілін сұрап кеткенбіз. Енді Жамалхан Қарабатырқызы сүйекпен қоштасарда, ақынның фотосының алдында тұрып төрт шумақ өлең айтты:

О, менің ақын Бекем, қайран Бекем,

Мына жұрт айтыс ашқан майдан ба екен.

Өзіңмен тізе қосып бір айтыспай,

Дәриға-ай, көріс айтып қайдан кетем.

Ақ көңіл мінезің-ай аңқылдаған,

Даусың тұр құлағымда саңқылдаған.

О шіркін, есіл, сабаз қайран ақын,

Той көрсе, топты көрсе тартынбаған.

Мен келіп, тірі отыр ең кеше ғана,

Қаумалап жан-жағыңнан неше бала,

Өмірден сансыз ақын тусадағы,

Өзіңдей дарынды боп өсе алама.

Сонда сен қарсы алып ең ұйықтамай,

Ыңқылдап төсегіңді тұйықтамай,

Түсінген күллі әлемді қайран жүрек,

Жатасың бір өңірге сыйып қалай?!

Осы төрт шумақ өлеңмен қоштасуын айтты. Ел деген күңіреніп кетті. Міне осындай жоқтаулары бар.

Қазақтың ауыз әдебиетіндегі ерекше бір бөгенайы бөлек саласы жоқтау жанры екен. Қазір сол қайғыны емдейтін жоқтау айтылмайды, бұл дәстүріміз ұмытылды деуге болады. Қытай жақтағы қазақтардың жасы елуден асқан әйелдері дауыс салып, қазаға жоқтау айтқан болады, бірақ көбі жаттанды жоқтаулар.

- Ақын өзінің жоқтаулары туралы жазылған мақалаңызға қандай пікір білдірді?

- Ол кісінің жоқтаулары туралы жазған көлемді мақалам Жамалхан Қарабатырқызы туралы шыққан «Абыз ақын - аруана» атты жинақ кітапта тұр. 2006 жылы ол кісінің шығармашылық кеші болатын болып, соған сәйкес жинақ кітап құрастырылды. Онда біреулер айтыстары туралы, бірі шешендігі жайында, енді біреулері өмірі туралы жазыпты. Сосын мен жоқтауларын жазып әкеліп оқып отырмын, жарықтық көзінен жасы сорғалап отыр. Оқып болған соң апамыз «осының бәрін мен айттым ба» дейді. Енді кім айтты, сіз айтпағанда, мен айтты ғой дейсіз бе деймін. Сонда Жамалхан ақын «Сен өлімнің артқы ісіне көмектесіп жүр десем, менің сөзімді аңдып жүрген болдың ғой» деп еді...

- Біраз кітаптардың да авторы екенсіз...

- Жазу-сызуға да қызықтым, біраз очерктер жаздым. «Қалай-қалай жоқтады әріптесін» дейтін тағы да Жамалхан апамыздың әріптес ақындарына айтқан жоқтаулары туралы көлемді мақала жазғам. Сол Құрманбекті, Бердіханды, Жұмағалиды қалай жоқтағаны туралы мақалам «Қытай ұлттар журналы» деп аталатын басылымда және Шыңжаңдағы қазақ радиосында оқылды. «Ағажайда өткен алты күн» атты сапар естеліктерім, «Ала қозы» деген секілді бірнеше әңгімем де жарық көрді. Кейіннен осы әңгіме, очерк, мақалаларым топтастырылған «Сауға» деген кітабым және өзімнің айтыстарым мен өлеңдерім топтастырылған «Қарымжы» атты кітабім оқырманмен қауышты.

Менің сөзге жүйрік, шешен, сатирик Дәурен Құсбегин деген досым болды. Оның тұла бойында қулық, пендешілік деген атымен жоқ, көңілі сәбидей таза, кіршіксіз адам еді. Сол досым 2007 жылы 43 жасында қайтыс болды. Аяулы досымның артына қалдырған тап бермеде тауып айтқан сөздері, әзіл-қалжыңдары өте көп болатын. Соны ел есінде қалдыру үшін «Қайран Дәурен» деген атпен кітап құрастырдым. Бұл жинаққа Дәурен туралы жазылған төрт мақала, Дәуренге арнап жазылған 25 ақынның жоқтау өлеңі, өзінің ел ішінде жүргенде айтып кеткен 100 әзілі енгізілді.

Бұдан басқа кезінде Бердіхан Абайұлының айтыстары, әр жерде айтып кеткен өлеңдері және оның шығармашылығы жайында жазылған мақалалар топтастырылған «Ақындар айтысы» кітабін халыққа ұсындым.

- Қазақстанға келген соң кітап шығардыңыз ба?

- 2016 жылы Қазақстанға Құрманбек Зейтінғазыұлы, Жамалхан Қарабатырқызы, Бердіхан Абайұлы, Жұмағали Құйқабаев қаталы айтыскер ақындардың айтыстары жинақталған төрт кітап алып келген едім. Жақында «Отандастар» қорының демеушілігімен сол төрт кітаптағы таңдамалы айтыстарынан «Қытайдағы қазақ ақындар айтысы» деген бір жинақ шығардым. Аталған кітапта 21 айтыс бар. Бұл сол төрт ақынның айтыстарының ішіндегі қаймағы деуге болады.

Ал өткен жылы өзімнің де бір жинағымды халыққа беріп қояйын, керегі болып жатса ішінен қажетін алар деп «Мыңбұлақ» атты кітабымды шығардым. Бұл кітапқа тоғыз айтысым, әртүрлі жанрдағы өлеңдерім, өзгелердің мен туралы жазған мақалалары топтастырылған болатын. Бұл кітаптың атын «Мыңбұлақ» деп қоюыма екі түрлі себеп бар. Бірінші менің туған жерімде, шөбін тартсаң, түгінен май шығатын Мыңбұлақ деген жайлау болған. Мен үшін жердің жәннаты сол туған жер. Екінші бір себебі Қазақ елі деген үлкен дарияға шеттен келіп өнер, ғылым әкеліп мың бұлақ болып құйылып жатырмыз. Әлі де құйыла береді. Өзің білесің үлкен дария, айдын мың сан бұлақтардан құралады. Сол мың бұлақтың бір бөлігі болайын деген ниеттен кітаптың атын «Мыңбұлақ» деп қойған дұрыс деп шештім.

Астананың іргесіндегі Тайтөбе ауылында өте шежіре, шешен Дәлелхан Ілиясұлы деген ақсақал тұрады. Жақында сол қазыналы қарттың көңіліне түйген, көкірегінде жүрген сарқытын, келелі кеңесін Дархан деген немересінің атынан «Атам айтқан әңгімелер» деп жинақтап жазып кітап етіп шығардық.

- Күйге қайта оралсақ, жалпы өзіңіз нақты қанша күй орындай аласыз? 

- Отыздай күй шертемін, өзімнің үш күйім бар. Жалпы бұрын 70-ке жуық күй үйренгенмін. Бұрынғы үйренгендерім мен кейінгі үйренген күйлерімді қайтадан біраз дайындалып алып, осы жақтан күй жинақ шығарсам ба деген ойым бар. Қазіргі уақытта күйді нотамен шертетін кәсіби күйшілер көп. Ал біздің буындағы адамдар барлық күйді нотамен емес құлақпен тыңдап үйрендік. Сондықтан біздің шерткен күйлеріміздің кейбір қайырымдарында ұқсамастық жерлері болуы да мүмкін.Ал нотасыз шертілу меніңше айып емес, өйткені біздің кешегі Құрманғазы, Дина, Сүгірлер де нотасыз шерткен ғой. Бәрі нотасыз шығармаларын дүниеге әкелген және ары қарай дамытқан. Сондықтан кейбір күйлердің әртүрлі нұсқалары бар болып жатады. Мысалы сен менен бір күй үйреніп алсаң не кем шертесің немесе оған бірдеме қосып шертуің мүмкін. Мысалы, Секен Тұрысбектің өзі Төлеген Момбековтың «Салтанат» күйіне кішкене өзгеріс қосып шертеді.

медаль
Фото: Кәдірхан Қизатұлының жеке мұрағатынан

- Сіздің бір ерекшелігіңізді байқап қалдым, көптеген өлеңді жатқа біледі екенсіз...

- Иә өзім ұстаз тұтқан, құрметтеген ақындарымның көптеген өлеңдерін жатқа білемін. Мен бірнеше жүз өлең жаздым, бірақ соларды жатқа білмеймін. Керісінше, өзге ақындардың өлеңдерін жатқа соғып отырамын. Енді бұның себебін айтайын, жазба ақынмын дейін десем, атақты Задахан Мыңбайдың, Қыдырхан Мұқатаевтың қасында жүрдім. Олардың өлеңдерін көремін де өз деңгейімді білемін. Ал айтыскермін деп өз өлеңімді айтайын десем, Жамалхан, Құрманбек, Бердіхан қатарлы айтыс саңлақтарының айтыстарын көріп тыңдаған соң өзімді олардан көп шалғайда жатқанымды аңғарамын. Көп адамдар, 20 жылдай айтыста жүрдің, анау сүйтіп айтқанда, мынау бүйтіп айтыпты деп басқалардың айтысын айтқанша, өзіңді неге елге көрсетпейсің дейді. Бірақ менің ондай даңғазалыққа, артық мақтануға пейлім соқпайды.

«Ем болар деп күйікке,

Естай әнін айттым мен.

Қарай-қарай биікке,

Аласарып қайттым мен», дейді Мағжан Жұмабаев.

Ал Сәбит Ниғыметжан деген үлкен ақынның бір өлеңінде:

«Шынымен ұқсын десең лебізімді ел,

Арығын өзің алып, семізін бер.

Өзіңнің көлшігіңе көп қадалмай,

Басқаның шалқып жатқан теңізін көр», деп толғайды. Ал қайтесің енді, бұдан артық не айтуға болады. Халыққа көлшіктен құйып беру керек пе, әлде теңізден құйып беру керек пе?! Әрине, жарымаған көлшіктен бергенше, шалқып жатқан теңізден беру керек. Менің өмірлік ұстанымым осы. Сондықтан өз шығармашылығымнан бұрын, алдымен жұртқа ұлы өнер иелерінің рухани сарқытын, қазынасын, асыл мұрасын дәріптеп, нәсихаттап жүрем.

- Солай десеңіз де талай жүлдені қанжығалап, қара нардай өнер көшінің жүгін арқалап, айтыс аламанында елдің ықыласына бөленіп 20 жыл жүрдіңіз ғой. Сұрайын дегенім, қазіргі кезде де айтыса бересіз бе? 

- Мен ауданда мәдениет үйін басқарып жүрген кезімде айтыстың бірнеше түрін сахнаға алып шықтым. Ол жұптық айтыс деп аталады. Оны қазірге дейін Шыңжаң телеарнасы беріп жүр. Жұптық айтыста екі әйел, екі еркек отырып айтысады. Бұған жұмбақ айтыс, түре айтыс, сүре айтыс, қайым айтыс дегендер кіреді. Айтыстың бұл түрлерін жаңағы төртеуі бір бір жолдан айтып бір шумақ құрап отырады. Олар төртеуі төрт жаққа айтпайды, бір-бірімен айтыса отырып жаңағы шумақты құрап шығады. Мен осылардың ішінде қайым айтыспен көп айтыстым, қазірде айта беремін...

- Уақыт бөліп, сауалдарымызға жауап бергеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Бейсен Сұлтан

Соңғы жаңалықтар