Дәстүрлі исламға қатысы жоқ ағымдар тыныштығымызды бұзды - С.Героев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 9 маусым күнін Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Астана қаласындағы «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Салман Героев аза тұту күнінде қазақстандықтар ерлікпен қаза тапқан батырларын жоқтайды дейді.

«Ақтөбеде  болған оқиға бүкіл халықты алаңдатып отыр. Тәуелсіздік алғаннан бері бейбіт те тыныш өмірден басқаны көрмеген қазақстандықтар бәз-біреулердің келіп, неше жылғы қазынамыз - бейбітшілігімізді бұзғанын қабылдай алмайды. Дәстүрлі исламға үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын діни ағымның өкілдері біздің тыныштығымызды бұзды. Сондықтан,  нағыз мұсылманның ешбірі де мұндай жағдайды қабылдай алмайды. Асыл дініміз ислам адамға зорлық-зомбылық көрсетуге тыйым салған. Тіпті, бүкіл тіршілік иесіне қиянат жасауға рұқсат жоқ. Ал, бейбіт халықты өлтіру - исламдағы ауыр жазалардың бірі. Алла Тағала берген жанды Алла ғана алады», - дейді ауыр күрсінген С.Героев.

Оның айтуынша, этномәдени ұйымдар бұрынғыдай бір шаңырақтың астында бірлік пен ынтымағын сақтай бермек.  Және С.Героев Жалпыұлттық аза тұту күнінде қазақстандықтар ерлікпен қаза тапқан батырларын жоқтайды, деді.

«Қаза тапқандардың жақындарына біз де қайғырып көңіл айтамыз. Жалпыұлттық аза тұту күнінде бүкіл қазақстандықтар ерлікпен қаза тапқан батырларымызды жоқтап, жақындарына көңіл айтады», - деді С.Героев. 

Соңғы жаңалықтар
telegram