Даудың басы допинг - Апталық шолу

Біреулер спорттың өзі әлемдік саясаттың құрбанына айналғанын айтады, енді біреулер державалар арасындағы бізге көрінбейтін күрес-тартыстың осылай жүріп жатқанын алға тартады. Бұның да жаны бар. Мәселен, кейбір ақпарат көздерінің хабарлауынша, допингке қатысты тексеріс әлем елдерінің барлығында бірдей жүргізіліп жатқан жоқ. Халықаралық допингке қарсы агенттіктің келісімімен АҚШ пен Ұлыбритания елдері өздерінің спортшыларын тексеруді өз бетінше жүргізетін болған. Соның арқасында болуы керек дәл осы екі ел спортшылары ешқандай да допинг дауына ілікпеген. Әңгіменің негізі Ресей спортшыларына қатысты болып жатқанын да жұрт жақсы біледі. Ал бұған былтырғы жылғы Канадаға қоныс аударған Ресей антидопингтік зертханасының бұрынғы басшысы Григорий Родченковтың шетелдік басылымдарға берген сұхбаты да біршама әсер еткенін жоққа шығара алмасымыз анық.
Әйтеуір не керек, осы күні допинг дауына іліккендер өз бастарын арашалаумен әлек. Сондай сойқан жазаға ұшырағанның бірі -Қазақстанның ауыр атлеттері. Олимпиада ойындарынан алтын алады деген басты үміткерлеріміз де солар-тұғын. Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза мен Светлана Подобедова - бәрі де алтын үшін барады деп отырған саңлақтар. Оларды әлемдік ойыннан шеттету бүтіндей бір елдің сағын сындыруға бағытталған шарадай көрінеді. Дегенмен, Қазақстанның ауыр атлеттерінің жағдайы Халықаралық олимпиада комитетінің 27 маусымда өтетін тәртіптік кеңесінде шешілетін секілді. Айта кетерлігі, спортшыларымызға бүкіл жанкүйерлер жаппай қолдау білдіріп, олар да өз үміттерін үзбей жаттығуды жалғастырып келеді. Допинг дауы осы аптадағы Үкімет отырысында да біршама сөз болды. Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға кіріспес бұрын көптің көкейінде жүрген сұрақтарға да назар аударды. «Қазiр бiздiң команда Олимпиада ойындарына қызу дайындалып жатыр. Осыған орай, Мәдениет және спорт министрлiгi мен Ұлттық олимпиада комитетi спортшыларымыздың жаһандық додада табысты болуын қамтамасыз етуі керек. Допинг мәселесіне келсек, елiмiзде допингке қарсы жақсы зертхана жабдықтау мүмкiндiктерiн қарастырған абзал», - деді К.Мәсімов. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, қазіргі күні жағдай бақылауда, алайда мәселенің бәрі 27 маусымда Лозаннада өтетін ХОК-тың тәртіптік комиссиясының отырысында шешіледі.
Айта кетерлігі, дәл сол Үкімет отырысы өткен сейсенбі күні екі дүркін Олимпиада чемпионы, ауыр атлет Илья Ильин допинг дауына байланысты биылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасына бара алмайтынын мәлім етті. «Рио ойындарына кешігіп қалған секілдіміз...»,-деді спортшы Астанада журналистермен кездесуінде. Өйткені, Халықаралық ауыр атлетика федерациясы 2012 жылғы Лондон Олимпиадасына қоса, енді Ильянды 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында да допингке жататын препараттар қолданды деп айыптаған. «Рио ойындарына барып үлгермейтін шығармын... Келесі Олимпиада Токиода өтеді. Жалпы, допинг дауынан кейін сағым қатты сынған жоқ, себебі, әлі жаспын, бойымда күш-қуатым бар, яғни, мен әлі өзімді дәлелдей аламын деген сөз. Тіпті, осы даудың аяғы мен қалағандай болмаса да мен спортты тастамаймын»,-деді Илья. Ауыр атлет артынан ерген жас спортшыларға сабақ бергісі келетінін де айтты. «Мен ауыр атлетиканы қатты жақсы көремін, спортты жақсы көремін. Мына дау қалай аяқталса да, мен спорттан кетпеймін. Мені жаттығу үстінде көргісі келетін жастар көп, мен оларға зілтемірді қалай көтеру керегін үйрете аламын. Жаттығу залына келсем, жаным жай табады, бұл жер менің үйімдей»,-дейді Илья. Дегенмен, жанкүйерлер үшін енді әліптің артын баққаннан басқа қолдан келер қайран жоқ секілді.
Экономикалық өсімді қамтитын үш бағыт айқындалды
Үкімет отырысында талқыланған басты мәселенің бірі - 2016-2017 жылдары экономикалық өсімді ынталандыру және жұмыспен қамтамасыз ету. Бұл бағыттағы жоспарды Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев таныстырған болатын. Министрдің сөзіне қарағанда, жыл соңына қарай экономиканың оң өсімін қамтамасыз етуге тиісті үш бағытты қамтитын шаралар айқындалған. Бірінші бағыт - өндіру көлемін арттыру және мұнайды қайта өңдеу, көмір өндіру, «ССТБӨ» АҚ темір кенін Қытай мен Ресейге жеткізу, отандық кәсіпорындарды жүктеуді және жұмыспен қамтуды сақтау бойынша шаралар қарастырылған. «Мұнай саласын қолдау бойынша көзделген шаралардың нәтижесінде мұнай өндіру көлемінің жоспары 74 млн. тоннадан 75 млн. тоннаға дейін жеткізіледі. Сонымен қатар Қашағаннан мұнай өндіруді 2016 жылдың қазанында бастауды қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданады. Бұл ағымдағы жылы қосымша 500 мың тонна мұнай өндіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін болады. Бұдан бөлек, Мұнай өңдеу зауыттарының жоспарлы жөндеу мерзімдері оңтайландырылады. Бұл қосымша 150 мың тонна мұнай өңдеуге мүмкіндік береді. Көмір өндіруді ұлғайту үшін ағымдағы жылдың соңына дейін энергия нысандарында отынның нормативтік қорларын қалыптастыру бойынша бақылау күшейтіледі», - деді Қ.Бишімбаев.
Екіншісі - «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы және 2016 жылғы Дағдарысқа қарсы қосымша шаралар жоспары аясында жоспарланған қаражатты пайдаланудың тиімділігін арттыру. Үшінші бағыт - «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды және экономиканың басым салаларындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды жеделдету. «Жалпы, экономиканың өсіміне жылдам әсер ету үшін ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында ішкі сұранысты ынталандыруға ҚР Үкіметінің арнайы резерві есебінен 91,5 млрд. теңге бағытталатын болады. Қаражаттың 30 млрд. теңгесі - облыстарға ағымдағы нысаналы трансферт түрінде «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» шеңберінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін, инфрақұрылымды ағымдағы жөндеуге және ауылдарды, ауылдық округтерді, кенттерді, аудандық маңызы бар қалаларды абаттандыруға, 23,9 млрд. теңге жергілікті атқарушы органдарға жеке тұрғын үй құрылысын дамыту үшін инфрақұрылым тартуға жұмсалады. Қаржыландыруды ұлғайту 2017-2018 жылдары қосымша 3,5 млн. шаршы метр жеке тұрғын үйді пайдалануға беруді қамтамасыз етеді», - деді Ұлттық экономика министрі. Мұнан бөлек, Үкімет резервінен бөлінген қаржының 1,1 млрд. теңгесі «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберінде бизнес жобаларына инфрақұрылым тартуға, 20,0 млрд. теңге ауылдық елді мекендерді кең жолақты Интернет желісімен қамтамасыз ету жөніндегі жобаны іске асыруға бағытталады. 12,34 млрд. теңге Астана қаласының әуежайын кеңейтуге және Құрық портында паром кешенінің құрылысын жылдамдатуға, 4,2 млрд. теңге «Күрті Бурылбайтал» автомобиль жолының құрылысын ЕҚҚБ-мен қоса қаржыландыруға жұмсалады.
Индустрияландыру - экономиканың тұрақтандырушы күші
Үкімет отырысында Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру және жандандыру мәселесі де талқыланды. «Индустрияландыру картасы бойынша 6 жылда 898 жоба, оның ішінде 2015 жылы 128 жоба пайдалануға берілді. Олардың 80 пайызы жаңадан құрылған өндіріс жобалары болса, қалған 20 пайызы бұрын жұмыс істеп тұрған жаңғыртылған кәсіпорындар. 2015 жылғы ІЖӨ өсімінің үштен бірі карта жобаларының есебінен алынды», - деді Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев. Оның айтуынша, Индустрияландыру картасының жобалары арқасында бұрын Қазақстанда өндірілмеген өнімнің 500 түрі шығарылған. Жобалардың 70 пайызы тұрақты жүктемеге ие болса, 74 жобаның жүктемесі төмен, ал 21 жоба тоқтап қалған. «2016 жылы 120 жобаны енгізу жоспарланған. Жалпы, Индустрияландыру бағдарламасы экономикада тұрақтандырушы рөл атқарды. Егер 2010-2014 жылдары Индустрияландыру картасының жобалары барлық өнеркәсіп өндірісінің 10 пайызын берсе, дағдарыстың күшеюімен бұл жобалар тұрақтылығын көрсетіп отыр. 2016 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша бұл жобалар өндіретін барлық өнімнің 20 пайызын беріп үлгерді», - деді Ә. Исекешев.
Жиынды қорытындылаған Үкімет басшысы Қазақстанды одан әрі дамытуда Индустриялық-инновациялық даму бағдарлаамсының рөлі маңызға ие. «Бағдарлама көмегімен, әсіресе бес институционалды реформа мен 100 нақты қадамның көмегімен біз қазір тұрған жолақтан өтуіміз керек. Бұл кәсіпорындар салуға қатысты мәселе емес, бұл Президент айтқан біздің одан әрі дамуымыздың философиялық мәселесі. Бұл зор зияткерлік және ұйымдастыру күштерін талап етеді, алайда, оны іске асыру сіз бен біздің қолымыздан келетініне сенімдімін», - деп түйіндеді Үкімет отырысын Премьер-Министр.
Айтпақшы, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов осы отырыста баяндама жасаған министр Исекешевке «бұл сіздің соңғы баяндамаңыз секілді» деген сыңайда қалжыңға сүйей қағытқан болатын. Мәселенің мәнісі түс ауа белгілі болды. Астана қалалық әкімдігі мәслихатының сессиясында депутаттар Астана қаласының жаңа әкімі Әсет Исекешевтің кандидатурасын мақұлдап, ол елорда әкімі болып тағайындалды. Соған орай, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының активімен кездесті. «Бас қаланы кімнің басқаратынына мен немқұрайлы қарай алмаймын. Ол тәжірибелі, білімді, Қазақстанға танымал, елорданың мүддесін қорғай отырып, үкіметпен жұмыс істей алатын адам болуға тиіс. Мен Әсет Исекешевті сондай адам деп есептеймін. Бүгін мәслихаттың келісімімен тағайындалған жаңа әкімді құттықтаймын», - деді Елбасы. Ал бұрынғы әкім Әділбек Жақсыбеков ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалса, Нұрлан Нығматулин Мәжіліс спикері лауазымына қайта барды.