Дауыл кезінде қаза тапқан ақсулық әйелдің отбасына көмек көрсетілді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Марқұм Марина Пахомова тірі болса 57 жасқа келер еді. Ол Ақсу қаласындағы №19 балабақшада хореограф болып еңбек еткен.

Дауыл кезінде қаза тапқан ақсулық әйелдің отбасына көмек көрсетілді
Фото: Павлодар облысы әкімдігі

Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың тапсырмасы бойынша дауыл кезінде қайтыс болған Марина Валерьевна Пахомованың отбасына қаржылық қолдау көрсетілді.

- Атап айтқанда, жұмыс істеген еңбек кезеңі үшін өтемақы, БЖЗҚ-дан бөлінген жерлеу рәсіміне арналған қаражат, жерлеу рәсімін ұйымдастыруға қаражаттар бөлінді. Жиналған барлық қаражат жерлеу рәсімін ұйымдастыруға, ас беруге, сондай-ақ ескерткіш тас сатып алуға жұмсалды. Мұның барлығымен волонтерлар айналысып жатыр. Жаназа рәсімінде туған-туыстарын тасымалдау үшін автобус берілді, - деп хабарлады Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ несиелері төленеді. Бұдан бөлек, 2025-2026 жылдар кезеңі үшін (екі жыл) қаза болған адам тұрған пәтердегі жылу мен судың коммуналдық қызметтеріне ақы төленетін болады.

Еске сала кетейік, биылғы 19 маусым күні Ақсу қаласында қатты желден құлаған ағаш әйелді мерт қылды. 

Соңғы жаңалықтар