Дауысына қарап адамның қандай екенін білуге болады – маман пікірі

АСТАНА. KAZINFORM – Адамның дауысына, сөйлеу мәнері мен стиліне қарап мінездеме беруге болады. Сараптаманың бұл түрі қылмыстық істерді әшкерелеуде кеңінен қолданылады. «Бүгін LIVE» жобасының кезекті санында бейнефонографиялық сараптама жасайтын маман өз ісінің қыр-сырымен таныстырды.

Аяулы Қабыланбекова
Фото: видеодан алынған скрин

– Сот бейнефонографиялық сараптама дегеніміз – дыбыстық жазбаны криминалистикалық зерттеу. Бұл – ғылыми-техникалық әдістемелері бар сараптаманың бір түрі. Қазіргі таңда қылмыстың түрі көп. Белгілі бір жасалған қылмысты ашу барысында арнайы аудиовизуалдық қондырғылар қолданылады. Кейін бұл қондырғылар қылмыстық істі ашу кезінде заттай дәлелдеме ретінде есептеледі. Осы заттай дәлелдемелердің ішіндегі адамның дауысы мен сөзі, акустикалық қоршаған ортаның дыбысы да бар. Қысқаша айтқанда, адамның дауысы мен сөзі – біздің зерттеу объектіміз, - дейді Аяулы Қабыланбекова.

Астана қаласы бойынша Сот сараптамалары институтының бас сарапшысы адамның дауысына қарап, ол туралы мәліметтерді қалай анықтауға болатынын түсіндірді.

– Бейнефонографиялық сараптама кешенді түрде жүргізіледі. Мен спектралды зерттеу жүргіземін, ал менің әріптесім лингвистикалық зерттеу жүргізеді. Әріптесім адамның қолданған диалектілері, паразит сөздері, сөздік қорына қарап, оның білімінің жоғары немесе төмен екенін, сондай-ақ мінездемелерін зерттеп шығады. Ал менің жүргізетін зерттеуім бойынша әр адамға тән дауыс ырғағының ерекше микромелодикалық мінездемелері болады. Оның тембрі, жылдамдығы, қаттылығы сияқты сипаттар арнайы жабдықтар арқылы зерттеледі. Екі бағытта екі сарапшы жұмыс істегенімен, бірдей тұжырым жасайды, - дейді маман.

Техника және технология магистрі бейнефонографиялық сарапшылардың негізгі міндеттеріне де тоқталды.

– Бейнефонографиялық сарапшыларға қойылатын ең негізгі үш талап бар. Біріншісі – құқық қорғау органдары бізге ұсынған фонаграммаларда монтаж ізі бар ма, жоқ па? Аудиожазбаның үзінділері қиылып алынды ма немесе қосылды ма? Екіншісі – фонаграмманың сөзбе-сөз мәтінін анықтау. Онда не деп айтты? Күлді, жөтелді, түшкірді деген сияқты фондағы дыбыстардың бәрі қағазға түсіріледі. Үшінші – осы ұсынылған фонаграммадағы дауыс пен сөз тексеріліп жатқан адамның дауыс пен сөзіне сәйкес келе ме? Біз осы сұрақтарға жауап береміз, - дейді бейнефонографиялық сараптама зерттемесінің республика бойынша бас сарапшысы.

Аяулы Қабыланбекова сараптама жүргізу үшін көбіне қандай қылмыстық істер бойынша жүгінетінін де жасырмады.

– Сараптама мерзімі – 30 күн. Бірақ резонансты, мемлекеттік және ұлттық қауіпсіздікке қатысты, жоғары дәрежелі тұлғалардың өміріне қауіп төндіру немесе терроризмге байланысты істер болса – кезек күттірмейді. Бізге сыбайлас жемқорлық мәселесіне байланысты сараптамалар көп келеді. Оған қоса кибералаяқтық бойынша да келетін сараптамалар көбейіп жатыр. Пандемия кезінде алаяқтық көбейіп кеткен еді. Онлайн жұмыс көбейген кезде кибералаяқтыққа қатысты қылмыстық істер артты. Сол кезден бастап бізге алаяқтыққа қатысты сараптамалар өте көп түсіп жатыр, - дейді ол.

Айта кетейік, жыл басынан бері қылмыстық істердің саны артқан.

Оған қоса бірер күн бұрын Атырауда әйелдің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды. 

Соңғы жаңалықтар